Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қостанай қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қостанай қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді 3 Қазан, 2024 Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашқан, осы уақытқа дейін үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына 2026 жылы ғасыр толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толығымен қайта өңдеуден өтетіні туралы мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады. Дегенмен, шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы көркем өнер туындысын биіктетіп, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, отансүйгіштік пен ізгілікті, адамгершілік пен сұлулықты дәріптеу жолындағы жұмысын тоқтатпайды. 99 – театр маусымының шымылдығын түрген Әкемтеатр ұжымы биылғы жылын «Гастроль маусымы» деп жариялайды. 2024 жылдың 09-14 қазан аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры сахнасында таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынады. 9 қазан күні Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» махаббат дастанын, 10 қазан А. Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасын, 11 қазан С. Досжанованың «Махаббат пен қасірет» драмасын, 12 қазан А. Құнанбайұлының қара сөздері желісіне негізделген «Қара» драмасын, 13 қазан Т. Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясын және 14 қазан гастрольдің қорытынды қойылымы Ғарифулла Есімнің «Таңсұлу» драмасын сахналайды. Ресми ашылу салтанаты 9 қазан 17:00-де баспасөз конференциясымен басталады. Баспасөз мәжілісіне қатысушы спикерлер: Асанәлі Әшімов – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі , Қазақстан Республикасының Еңбек Ері , КСРО және Қазақстанның халық артисі Еркін Жуасбек – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елік Нұрсұлтан – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директорының шығармашылық орынбасары Асхат Маратұлы – Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры директоры