
Өнер жолын М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 1990 жылы, студент кезінде бастаған Бекжан Тұрыс содан бері үзіліссіз осы сахнада өнер көрсетіп келеді. Ол содан бергі отыз бес жылда үлкен жолдан өтіп, тұлғалық деңгейге көтерілген актер, өнер қайраткері. Қай актердің де шығармашылығы туралы ой бөлісер әр адам ең алдымен өзінің көрермендік тәжірибесіне сүйеніп, көрермендік жадын жаңғыртуға ұмтылады. Осы пікірді актер Бекжан Тұрыс шығармашылығына орайластыра тарқатар болсақ, оның отыз жасқа толмай тұрып Т.Нұрмағанбетовтің режиссер Ә.Рахимов қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясындағы бас кейіпкер, атақты Қырманбай шал ролін орындауының, әрине, жөні бөлек. Дей тұрғанда актердің алғашқы кезең рольдерінен -– түп-тегі, діл-болмыстары бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Диуана (Ә.Кекілбаев. «Абылай хан», режиссері Б.Атабаев) және А.Чеховтың «Шағаласында» (реж.Б.Атабаев) өнердегі өзін сүйетін актриса Аркадина үйінің қызметшісі Яков бейнелері көз алдыңызға келіп, Диуананың күңіренген, Яковтың «тамағына бұлбұл қондырып» ән салған дауысы құлақта жаңғырады. Мұндай сезім-ретроспекция актердің әу бастан-ақ қандай роль орындасын мейлі, сахнаға өзімен ерекше бір аура, көңіл-күй алып шығуға ұмтылуынан, осы жолдағы тынымсыз ізденістерінен туындайтын болса керек. Театрда алғашқы жылдары эпизодтық болсын мейлі «өзіне өзі роль жасап алып, көзге түскен», рухани ізденістері биікке жеткізген актер Бекжан Тұрыс бүгінде қазақ өнерінің үлкен тұлғасы, болмысымен де, өнерімен де ұлттық театр іргетасын қалаған алыптардың бүгінгі лайықты жалғасы.
Жалпы тынымсыз рухани ізденіс пен рухани сергектік -ұлттық топырағы құнарлы Бекжан Тұрыстың шығармашылық болмысын айқындайтын ерекшеліктерінің бірі. Өнер айдынындағы отыз бес жылдан аса уақыт ішінде көрерменнің сүйіктісіне айналып, өнер жұртшылығының қадыр-құрметіне бөленуінде осы қасиеттерінің де үлесі бар.
Күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі жетпіске тарта роль орындаған Бекжан Тұрыс кең планды актер және трагедия, драма, комедия жанрларының қай-қайсысының да шебері. Ол өз кейіпкерлерінің қай-қайсысының да тек өзіндік жеке өмірбаянын жүлгелейді, характерлік өсуі жолында даралық сипат дарытады. Ең алдымен әдеби түпнұсқамен жақсылап танысып-талдап, шығарманың рухани кеңістігін игеріп, бойға сіңіреді де, әр кейіпкерінің болмысын, күрделі табиғатын зерттей-зерделей отырып толыққанды сомдап шығады. Бұл тұста Бекжанның төл әдебиетімізді, тарихымыздың өткені мен бүгінін, салт-дәстүрлерімізді жақсы білетінін және оның озығын ұстанатын, тағы да қайталасақ, ұлттық топырағы құнарлы актер екенін қадап айтқымыз келеді.
Қазақы парасат-пайымы, өрісі кең актер шығармашылығында ұлттық характерлердің орны бөлек. М. Әуезовтің «Абайында» Көкбай, Сырттан, Баймағамбет (реж. Ә. Мәмбетов), «Айман-Шолпанында» Жарас, «Абайында» шоқтықты кейіпкер Жиренше (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Жәмеңке, Т. Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Шұбараяқ Ораз, А.Сүлейменовтің «Кегінде» Сері (реж.Ә.Рахимов), Қ. Ысқақтың «Жан қимағында» Жүсіп (реж. Б. Атабаев), Шахимарден, Қ. Ысқақтың «Қазақтарында» Әдік (реж. Т. әл-Тарази), И.Оразбайдың «Қорқыт» драмасында Әке (реж.Й.Вайткус), бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Соңғы он шақты жыл көлемінде рухани ізденістер аясы кеңи түскен, толысқан актердің «Шәкәрім» спектакліндегі (автор және режиссер Ә.Рахимов) ақын, философ, тақуа Шәкәрім бейнесі – сахналық ғана емес, рухани да үлкен жеңісі. Тарихи кейіпкерлерді сахналар алдында, өзінің айтуынша, тарихты көп қаузап, тарихи шығармалар оқып, фильмдер көретін актердің дайындық барысында Шәкәрім философиясын зерттегені, болмыс-сабырлығының бастау көзін тануға ұмтылғаны көрініп тұрады. Осы сипаттас тағы бір ролі «Ақтастағы Ахико» (М.Омарова, реж.А.Маемиров) драмасындағы Ақайдың Қасенінің бейнесі.
Жалпы актердің кейіпкерлерінің жан дүниесіне ену, болмысын игеру тәжірибелері қызғылықты. Атап айтарлығы - ол детальдарға ерекше мән береді. Сондықтан да оның екінші пландағы, тіпті эпизодтық кейіпкерлерінің өзі толыққанды, жанды шығып, көрермен көкейінде жатталып қалады. Мысалы, «Абайдың» кейінгі қойылымында (режиссер Е.Обаев) Жиреншенің Айдар мен Ажар арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік. Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөйлеуі, сөз саптауы қандай! Қолындағы күміс шақшадан сыздықтатып насыбай атуы ше! Өзі сыр бермегенсігенмен, әбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады. Кең ұғымнан алғанда актер атаулы өз уақытының идеялары, идеалдарын қоғамға жеткізетін, керек десеңіз, насихаттайтын коммуникатор дей аламыз. Осы реттен келгенде, актер Бекжан Тұрыс Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Қырманбай (реж.Ә.Рахимов) Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» Цезарь (реж. Қ. Сүгірбеков), «Сергелдең болған серілерінде» Нұрбай, М.Сәрсекенің, «Тендерге түскен келіншегінде» Таубай, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек (реж.О.Кенебай), Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария (реж. Е.Обаев) сынды замандастар, сондай-ақ Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» (реж.О.Кенебай) жинақтық бейне Қожанәсір арқылы сахнадан ұлттық мүдделер туралы толғайды, заманға әр қырынан үн қосады. Бекжанның алғашқы үлкен рольдерінің бірі Қырманбай шал мен кейінгі Қожанәсірде үндестік бар. Спектакльдер барысында комедиялық қимыл-қарекеттері көрерменін қыран-топан күлкіге қалдыратын Қырманбай - әулетінің ертеңін, ал, Қожанәсір - халқының, жалпы түркі жұртының болашағын ойлап алаңдайды. Екеуінің де түйіні - «Кімге күлеміз, мырзалар?!.» Айтпақшы, 2002 жылы сахналанған «Бес бойдаққа бір той» репертуарда отыз жылдай уақыт үлкен табыспен жүріп жатыр. Жас буын актерлермен 2019 жылы қайтадан сахналанған қойылымның діңгегі, әрине, Қырманбай – Б.Тұрыс.
Комедиялық шығармалар дегенде актердің әлемдік классикадан Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясында Колен, Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясында (режиссері Ә.Рахимов) корольдік құсхананың бас күтушісі маркиз де Монтефиоре рольдерінің де өзіндік шешімдері қызғылықты. Бұл қатарда Шекспирдің «Асауға – тұсауындағы» Слай, Педант (реж. Ә.Мәмбетов), Гогольдің «Ревизорында» Шпекин («Пара», реж. Е.Обаев) бейнелерін де атауға болады.
Актердің күрделі бейнелерінің бірі – Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (реж.Ю.Ханинга-Бекназар) тарихи драмасындағы Хуан уәзір. Бұл – актерді мүлдем жаңа қырынан танытқан роль. Қулығына құрық бойламайтын, тұла бойына кек тұнған, жауыз, аяр уәзір сырт көзге мәйін, ал, шындығында өте қорқынышты. Атақты француз жазушысы В.Гюгоның «Париж Құдай-Ана собры» романындағы Квазимододай бүкір, дыбыссыз жүріп, дыбыссыз күлетін оның шын серігі – кеудесін өртеген кегі мен қызғанышы және ділінен хабар берер флейтасы (сыбызғысы). Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, отырысы, жалпы пластикасы, тіпті дауысына дейін сыр бүккен Хуан уәзірдің шын бет-бейнесін актер біртіндеп ашады. Оның мың құбылатын дауысы көп жайттан хабар береді. Жалпы Бекжан Тұрыс кейіпкерлерінің жан дүниесін, мінез ерекшеліктерін беруге, тартыстың шиеленісті сипатын жеткізуге сөз драматургиясын, яғни сөз «әрекетін» мейлінше меңгерген өнер иесі. Сөз құдыреті ата қаны, ана сүтімен сіңген актердің дауысы қазақы мақамды, соншалықты табиғи және жүректен шығатындықтан да қай кейіпкерінің болсын сөз саптауы тыңдаушының құлақ құрышын қандырады.
Бекжанның шоқтықты рольдерінің тағы бірі һәм бірегейі – Біржан сал. А.Сүлейменовтің «Адасқақ» циклы бойынша режиссер Ә.Рахимов қойған спектакльдегі басты кейіпкер. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Құмсағаты түгесіле бастап, жаны шырқыраған Біржанның Абаймен, Ақанмен, Ұлы даланың басқа да ой ұстар, сөз ұстар, ел ұстарларымен кездесулері, рух түлетер қауышу һәм кетісулері... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...» пәни дүниедегі өксік-өкініштер...Өнердегі ұстаным, өмірлік қағидаларға байланысты қақтығыстар... жан дүниесіндегі арпалыс, астан-кестең, ар алдындағы арылу... Өте тығыз-нығыз жазатын суреткер А.Сүлейменовтің ойға дертіп тұрған қай сөйлеміне де актер жан бітіреді.
Қойылымның шырқау шегі - «Теміртас». Ән һәм зар-мінәжат. Қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау. Реквием... Актер Б.Тұрыс бір жарым сағат бойы сахнадан бір кетпей, осы ахуал, осы философияның барлығы өзінің жан дүниесіне, өмірлік-өнерлік ұстанымдарына үндес болғандықтан да ерекше бір шабытпен, қуат-қажырмен алып шығады. «Теміртасты», қойылымдағы басқа да әндерді актердің өзі орындайды. Әншілік – Бекжан талантының құрамдас бір бөлігі және қазақы мақам, дауыс оның әншілік өнерінің де мәйегі. Әннің бәсі мен бабын білетін актердің тұтас бір мини-спектакльге айналатын тәж-әндері спектакльдердің көркі. Бұл тұста біз - «Үкілі Ыбырай» (Ш.Құсайынов,реж.Б.Атабаев) спектаклінде Ақан роліндегі Бекжан орындаған «Шырмауық», «Ақын.Періште.Махаббаттағы» (Ә.Тарази, реж.Ә.Рахимов) Шәмші – Бекжанның «Сыған серенадасы», сондай-ақ осы қойылымдағы Естайдың «Қорлан» әндері туралы айтып отырмыз. Ал, жеке орындауындағы «Алдай-ау» (Есенқұл Жақыпбек), тағы да басқа көптеген әндері тыңдарман-көрермен жүрегінен әлдеқашан орын алған. Бүгінде рухани да, шеберлік жағынан да әбден шыңдалған актердің бейнелер галереясы шоқтықты рольдермен толыға түсуде. Олардың қатарында «Қыз Жібектегі» (реж.Е.Нұрсұлтан) Базарбай мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» (реж.Ә.Рахимов) Қарабай бар. Және талантты жас режиссер Ә.Өмірбекұлының бітімі бөлек «Құйын» спектакліндегі «бітімі бөлек» патшайым Анна Иоановна. Актер өрнегінде символдық-гротескілік бейне. Астамшылық, жымысқы саясаттың символы. Өз-өзінен ісініп-кебінген, өктем патшайымның түр-тұрпаты, барлық қимыл-қарекетінде мысқыл тұнып тұр.
Актер Б.Тұрыстың кино мен телевидение әлемінде жасаған жұмыстары баршылық. Оның бәрін санамалап жатпай-ақ қадап айтуға керегі – Бекжан Тұрыс үшін үшін театр – киелі орда. Мұны хас шебердің сахналық шығармашылығы өз алдына, театрға, өз талантына деген адалдығынан, жауапкершілігінен бағамдаймыз. Б.Тұрыс өнері мен тұлғалық қасиеттері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет» орденінің, М.Мақатаев атындағы, Б.Момышұлы атындағы және сахна әлемінің мәртебелі «Еңлікгүл» сыйлықтарының иегері.
Жалпы актерге, өнер адамына жалт-жұлт көз алдар, уақыт ұрлар қызық көп. Осындайға бой алдырмай, жарнамаларда «жалтылдамай», өз бет-бейнесін сатпай жүрген азын-аулақ санаулының бірі – осы Бекжан. Жалтылдақ өнер жалпылдақ та болып бара жатқандай көрінетін осы шақта ұлы мәртебелі Көрерменіне, қалың жұртшылыққа көркем образдары өз алдына, қоғам үшін өзекті пікірлері, ойлы толғамдарымен, кей-кейде нақты жасампаз қарекеттерімен олжа салып жүрген санаулының бірі де осы Бекжан. Қалың әлеумет оның әніне ғана емес, ойлы үніне де құлақ түретін шақ қазір. Бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған актер, өнер тұлғасы, халықтың сүйіктісі Бекжанға өзіңдей қатарластарыңның қарасы мол болсын, «алмасқа ұқсас асыл өнерің» жарқырай берсін деген тілек білдіреміз.
Egemen Qazaqstan