ТЕАТР МУЗЕЙІ: САХНА ӨМІРІНІҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

Театр десе, көз алдымызға сахнадағы саф өнер, әртістердің түрлі образы, шымылдық, жарық пен айрықша музыка келері анық. Алайда театр көрермені шымылдықтың ар жағындағы қайнап жатқан тіршіліктен бейхабар. Әрбір спектакль – актер мен режиссердің ғана емес, драматург, суретші, бутафор, жарық қоюшы, гример, костюм дизайнері, тігін және өзге де мамандық иелерінің бірлескен ұжымдық жұмысы. Қандай да бір қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып жатса, оның артында аты аталған және аты аталмаған сахна мамандарының тынымсыз еңбегі жатыр. Бүгінгі оқиға ертең тарихқа айналатыны сөзсіз. Сол секілді сахна өмірінің өткені мен бүгінін бір сәтін де қалт жібермей, тарихын түгендеп отыратын театрдың ерекше бөлімі бар. Ол – театр музейі.