«Жан әке» – қазақ қыздарын сақтауды мақсат еткен қойылым

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры жаңа жылды жаңа қойылыммен бастады. Қалың көрермен алдында тұсауы кесілген туынды «Жан әке» деп аталады.

Француздың әйгілі жазушысы Флориан ЗЕЛЛЕРДІҢ шығармасы негізінде сахналанған шығарманы қазақшаға аударған – Халық әртісі Тілектес Мейрамов, сахналық нұсқасын жасаған еліміздің еңбек сіңірген әртісі – Болат ӘБДІЛМАНОВ.

Театр сахнасында Абайдан бастап, бірқтар абыройлы рөлдері атқарып келе жатқан өнер иесі жаңа қойылымдағы әке образын да өзі сомдайды. Кемпірі өмірден өткен соң өмірден баз кешкен қария дәурені өтіп, қадірінің қашқанына емес, қоғамдағы қасіретке налиды. Қос қызын қос шырағындай көрген ол кенжесінің шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып, қайырылмай кеткеніне іштей қынжылады, сағынады. «Ұрпағыма дұрыс тәрбие бере алмадым ба?!» деген ой жанын жегідей жеп, іштей күйзеледі. Бірақ дәрменсіз қарияның қалын кім ұқсын?!

– Театрымыздың басшысы Еркін ЖУАСБЕКТІҢ қоржынына біраз пьесалар түскен екен. Соларды сүзгіден өткізген соң маған осы туындыны ұсынып, актерлерді де, режиссерді де өзім таңдап, шығарманы сахналауды тапсырды. Содан соң білек сыбана жұмысқа кірістік. Негізі бұл шығарма бұған дейін де әлемнің үздік театрларында қойылған болатын. Ал мен қолымнан келгенше сахналық нұсқасын қазақиландыруға тырыстым.

Мәселен, қарияның виски ішетін тұсын қымызбен алмастырып, үстіне  әйелінің тозығы жеткен кәжекейін кидіріп, ұлтымызға тән мінезді енгізуге тырыстым.

Сондай-ақ көзінің қарашығындай көрген кенже қызын шетелдік азаматқа тұрмысқа шығатын етіп жеткіздім. Отыз жыл бойы «әруақ жоқ» деп келдік қой. Соны жоққа шығарып, бас кейіпкерге анасын түсіне енгізіп, аян бергізетін сахнаны да қостық, – дейді туындының-басы қасында жүрген Б.Әбділманов.

Әбділмановқа қарияның көзі тірі қызын жоқтатуы – қазіргі қоғамның боямасыз шындығы.

– Жан-жағымыздағы қазақтың жеріне көз тіккен жаулар, қыздарымыз арқылы түбімізге жетпекші. Кезінде дұшпандары француз қыздарының аяғын жерге тигізбей мақтап, салдарынан бұрымдылары жаппай шетелге тарап кетіп, француз ұлты жойылуға шақ қалды. Еркектерінің алпыз пайызы көгілдір. Анығын айтқанда, әлемді уысында ұстаған Наполеонның тұқымынан түк қалмады.

Одан кейін жапонның қыздарына кезек жеткенде, олар дереу етек-жеңін жиып, арнайы заң қабылдап, қыздарын сақтап қалды. Енді қазақтың қыздарына көшті. Онсыз да 200 мың қаракөзіміз мұхит асып кеткен екен. Ал ол жақта туылған бала ешқашан қазақ болмайды?» –  деп күйінеді әртістің өзі.

Бұдан өзге қойылымдағы қарияның ет жүрегін елжіреткен дүние – ол бүгінгі таңда жігіттердің әскерге барудан бас тартуы. Бұл ретте актер «жігіттер ораза ұстағанымен емес, әскерге барып, отан алдындағы борышын өтегенімен мақтануы қажет» дегенді алға тартады. Сырттан көз алартқандар тарпа бас салса, ұлымыз – құл, қызымыз – күң болмауға тиіс. Спектакльде қарияның  «Сонда бабамыздан қалған жерді кім қорғап қалады?» деп күңіренгені де осында жатса керек.

Жалпы салмақты қойылымның сюжетін бес актер ашқан. Атап айтатын болсақ, басты рөлдегі Әбділмановтан өзге ақсақалдың Айжан атты қызын – Майра ӘБСАДЫҚОВА, ал күйеубаласын – Бауыржан МАНЖІГІТОВ сомдайды. Қарттар үйінің күтушісі Лоланы – Айша АҒЫМБАЙ ойнаса, ақыр соңы қарияны алыстағы ауылға алып кететін күтушіні Гүлшат ТҰТОВА кейіптейді.

Ал екінші актерлік құрамда күйеубала мен күтуші кейуананы Жанат ТІНІБАЕВ пен Меруерт ОМАРБЕКОВА алмастырады. Қойылымға режиссерлік жасаған – Асыл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. Алжыған әкесін алдап-сулап өз қолымен қарттар үйіне аттандырған қыздың бейнесін Майра ӘБСАДЫҚОВА барынша алып шығуға тырысқанымен, іштей жүрегі жылап тұрғанын айтады.

– Бұл менің көптен күткен рөлімдей болды. Себебі, мені басқа қырымнан ашты. Дегенмен, кейіпкердің образы өзімнің табиғи болмысыммен қарама-қайшы келетін болғандықтан, бір жағынан қиын да болды.

«Ол неге әкесіне дауыс көтереді?», «Ол неге әкесін сыйламайды?» деген ойлар репетиция барысында жанымды жегідей жеді.

Бір өкініштісі, біздің қоғамда мұндай адамдар бар. Сондай жандар қойылымды көру барысында жүректерінде мейірім орнап, ата-анасын құрметтеуге ұмтылса екен деген тілегім бар – дейді актриса.

Иә, ұмытшақтық, тез ренжігіштік, әңгімешіл болу, тағысын тағы тізбектеле беретін мінез-құлық ол – қарт атаулының бойынан табылатын табиғи құбылыс. Бірақ, оған бола ата-анаға жекіп, жер-жебіріне жету – тәрбиесіздіктің емес, жетесіздіктің белгісі болса керек.

Ал қорғанын қарттар үйіне тапсыратын тексіздерді тек театр сахнасынан ғана көрейік. Ендеше, әкемтеатрға асығыңыз!

 

https://nege.kz/news/madeniet/zhan_ake__kazak_kizdarin_saktaudi_maksat_etken_koiilim_20230109163726


Өзге жаңалықтар