Ұлттық театрдың репертуары жаңа бір туындымен толықты

Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жаңа премьераның тұсауы кесілді.

Көрнекті француз жазушы-драматургі  Флориан Зеллердің шығармасының желісімен қазақ сахнасына лайықталып жазылған пьеса бойынша қойылған «Жан әке» спектаклі көп қырлы. Бас кейіпкер – Ақсақал. Өмірдің қызық-қиындығын бірге өткерген аяулы жары Әппақ бақилық болып кетіп, 80-ге  тақаған жасында жалғыз қалады.

Құдай берген қос қызының бірі шетелдікке тұрмысқа шығып кетуі де бас кейіпкердің қайғысына  қайғы жамай түседі. Ұлттық ұстындардан ажырай бастаған ұрпақты, қазағының болашағын ойлайтын Ақсақалға бұл өте ауыр тиеді.

Жасы келіп, күш-қуаты азайып, жады тозған әкені өзінше өбектейтін үлкен қызы Айжан ғана. Бірақ оның да бір ішкі есебі болады. Екінші жағынан жігіті Қабыл мен әкесінің ортасында шешім шығара алмай қалған Айжанның болмысын режиссер сахнада анық аша алады. Қарияның баспанасын иемденіп алғысы келген күйеу баланың да өз есебі бар. Екі оттың ортасында қалғандай күй кешкен үлкен қызы Айжан ақыр соңында күйеуінің арбауына сеніп, әкесін қарттар үйіне өткізіп тынады.

Қойылым соңында бір кезде өзіне күтуші болып істеген жалғызбасты әйел ақсақалды ол жерден шығарып алып, ауылға алып кетеді. Драма осы жерге келгенде шырқау шегіне жетеді. Ақсақалдың жаны жалғыз, мейірімге шөлдеулі...

Психологиялық тұрғыдан күрделі қойылымда шын өмір мен бас кейіпкер қиялындағының аражігін ажырату оңай емес. Әртүрлі жағдайларда ойналатын диалогтерде қарама-қайшы көзқарастар шиеленісе түседі.

Француздық драматургтің шығармасын қазақ тілінде сахналаған, қоюшы режиссер  – Асыл Құдайберген.  Шығарманы тәржімалаған –  Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов.

Басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сомдайды.

https://aikyn.kz/235322/ulttyk-teatrdyn-repertuary-zhana-bir-tuyndymen-tolykty/


Өзге жаңалықтар