Болат Әбділманов: Қарындастан айрылған жаман екен, қаракөзден мөлтілдеп жас келеді

Ол елімізге Абай образымен танылған тұлға. Өзінің шығармашылық жолында елі үшін аянбай қызмет етіп келеді. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Болат Әбділмановпен сұхбатымыз қоғамдағы өзекті мәселелердің төңірегінде өрбіді.

JQ-Aqparat: Болат Мәзімбайұлы, театрдың қазіргі қоғамдағы мәселелерді көтеретіні қуантады. Жақында тұсауы кесілген «Жан әке» қойылымының сахналық нұсқасын жасап, басты рөлді сомдадыңыз. Бұл тақырыпты қозғауға не түрткі болды?

Б.Әбділманов: Біз актерлер көбінесе драматургтың ойын көрерменге жеткізуге талпынамыз. Ал әрбір рөл актерді тәрбиелейді. Абай болсын, басқа да ғұламалардың рөлдері болсын. Осы спектакльдерді қойып жүріп, өзіңнің ойың қалыптасады. Меніңше, адам тұлға болып қалыптаспаса, өнерде де тұлға бола алмайды. Өйткені актердің өзінің азаматтық ұстанымы, еліне, жеріне, мемлекетіне деген сүйіспеншілігі болады. Әр адамды «біз қайда бара жатырмыз, қайда кетіп бара жатырмыз?» деген ой мазалауы керек. Адам жасы келген сайын ойға беріледі. Бізде «Менің үлкен қазақ отбасым» деген фильм шықты. Сонда бір қызы қара нәсілдіге, бір қызы қытайға тұрмысқа шығады. Бір қызы арабтың төртінші әйелі болып кетеді. Осыларды кинода көрсетеді. Мен осыған қарсы пікір айттым. Халықтың пікірі екіге жарылды. Киноны түсірген адамдар маған хабарласып, «қазіргі кинодан хабарыңыз жоқ, түсінбейсіз» деді. Мен сонда барып: «Қазіргі кино екен деп қазақтың қыздарын жан-жаққа таратып жіберу керек пе?» дедім. Кезінде француздың қыздарын мақтап-мақтап өзге ұлттарға беріп, қазір Наполеон тұқымынан ешкім жоқ. Одан кейін жапонның қыздарына көз тікті. Бірақ жапондар тез есін жиып, қыздарының өзге елге тұрмысқа шығуына тыйым салды. Осылайша олар өз табиғаты мен рухын сақтап қалды. Қазір енді қазақтың қыздары жат елдерге кетіп жатыр. Мұның артында үлкен идеология тұр. Бұған да қыруар қаржы бөлінеді. Қыздарымыздың сүйегі таза екенін біз де білеміз. Олар — болашақ ана. Өз басым біздің қыздарымыз арқылы ұлтымыздың болашағына шабуыл жасалып жатыр деп есептеймін. Бізге де жапондардікі сияқты заң керек. Бүгінге дейін 20 мыңнан астам қаракөз қыздарымыз өзге ұлттың етегінен ұстап кетіпті.

JQ-Aqparat: Қойылым көтерген тақырыптың жүгі ауыр. Қазір жігіттеріміз де ұсақталып бара жатқандай ма?
Болат Әбділманов: Қарындастан айрылған жаман екен, қаракөзден мөлтілдеп жас келедіБ.Әбділманов: Өнерден бұрын еліме деген, ұлтыма деген жанашырлық махаббатым бірінші орында тұр. Сондықтан толысқан адам ретінде осы тақырыпты көтергім келді. Иә, қазір жігіттеріміз әскерге барғысы келмейді. Бүкіл құндылықтар өзгеріп кеткен.Телеарнаға шығып мына көйлек жараса ма, жараспай ма деп ер адамға тән емес нәрселерді көрсетеді. Мен өзім әскерде болдым. Достарым да әскерге барды. Курстасым Сағи Әшімов те барды. Ол мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болатын. Бармаса да болар еді. Өз ұлымды да әскерге жібердім. Өнер адамы басқаларға үлгі болуы керек. Азаматтар әскерге бармаса, ертең жерімізді сақтай алмаймыз. Ертең қыздарымызбен кеткен ұрпақ бізге қызмет етпейді, сол жақта қалады. Бүгінде шетелге 20 мың қыз кетті, ертең — жүз мың, одан әрі де кете берсе, миллионға жетеді. Ата-бабамыз «Қарындастан айырылған жаман екен, қаракөзден мөлтілдеп жас келеді» деп бекер айтпаған. Жат ағымға кіріп кеткендер де көп. Қыздарымызды алып «талақ», «малақ» деп бір нәрсені шығарып, білгендерін істеді. Бізде тарихи дәстүр болмағандай ойлайды. Басқа жақтың бір нәрсесін әкеліп тықпалап, оған жарнама жасап, бізге енгізгілері келеді. Осылардың барлығы менің жанымды жегідей жеді. Директорымыз Еркін Жуасбек осы пьесаны маған ұсынғанда, өзімнің ойымда жүрген нәрселер көз алдымнан өтті. Бұл 2020 жылы «Оскар» сыйлығын иеленген Энтони Хопкинстің «Әке» фильмінің желісі бойынша жазылған шығарма. Бұл жерде әкесі мен қызының қарым-қатынасы суреттеледі. Туған қызы деменцияға шалдыққан әкесін қарттар үйіне өткізеді. Сексенге келген адамның қарттар үйіне өткізілуі ең үлкен қасірет емес. Мұндағы қасірет қазіргі ұрпақтың өз басын ғана ойлауы. Ана мен әкеге деген құрметтің болмауы. Туған қызы әкесін қарттар үйіне өткізеді. Кезінде көмекшісі болған адам ауылға алып кетеді. Пьесаның сахналық нұсқасын жасадым. Соның желісін ұстай отырып, виски ішетін жерін қымызға ауыстырдық. Өзіндік жұмыс болғаннан кейін бұл қойылымға қосымша қаражат бөлінбейді. Сондықтан киім жағы да өзімізден болды. Гүлшат Тұтова дейтін актрисамыз жылы камзол әкеліпті. Бұл камзолды 92 жасқа келген атамыз киіп жүретін деп. Қарасақ әйелдерге арналған. Мен бұл киімді сценарийге кіргіздім. Кемпіріне деген сағыныштан кемпірінің камзолын киіп алған қарияны көрсеткіміз келді. Бұл қойылымға қарсы болғандар да табылды.

JQ-Aqparat: Сонда қалай, ащы шындықты жасырғысы келетіндер бар ма?

Б.Әбділманов:Әр адамның қасіреті бар емес пе. Сөйтсек, қарсы болғандардың ішінде біреудің қызы кетіп қалған шетелге. Бұлар мұны шығарғысы келмейді. Жеке басының қасіретін өнерден биік қоятын адам болмауы керек. Сенің жеке қасіретің төмен тұруы керек. Өнерге келгеннен кейін мойындағы үлкен жауапкершілік бар екенін естен шығармаған жөн. Өзім үшін дейтін болсаң, өзің үшін үй саласың. Өзің үшін құдық қазасың. Өнерде өзім деген сөз қалып, ұлт үшін қызмет етуіміз керек. Бір мысал айтайын. Қытайда Үрімшіні басқарған Смағұл Жанәбілов деген кісінің қызы қытайға тұрмысқа шығады. Рұқсат бермесе де той жасайды. Сонда ол кісі той үстінде өз қызын атып салады. Сосын қызын құшақтап отырып жылап: «Бұл қыз менің ең кенжем, ең жақсы көретін қызым. Егер мен қызыма рұқсат берсем, мына тұрған 5 миллион қазақтың қызы түгел сөйтеді. Сондықтан мен қызыма деген махаббаттан гөрі, ұлтыма деген махаббатты биік қойдым. Қызды берсек, ертең ұлтымыз жоқ болады. Бұл бізге сабақ болсын деген нәрсені айтады. Премьераға Ақтөбе, Жаңаөзен. Алматы облысының ауылдарынан көрермендер келіпті. Маған қойылым соңында «шал төсектен тұрмасын, өлуі керек» деп кеңес бергендер болды. Мен шалды қайта тұрғыздым. Өмірде солай шығар. Ал өнерде олай емес. Жұрт шалмен бірге қайта тірілуі керек. Үміттенуі керек. Сондықтан қойылым соңында шалдың бір кездері күтушісі болған келіншек ауылға алып кетеді. Өнердің мақсаты тек қана өмірдің қара түсін көрсету емес. Ақ түсін де көрсету. Қойылымға келген адам зор үмітпен шығуы керек. Қазір біздің еліміз суицид бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Жастарымыз болмайтын нәрсеге сынып кетіп, өз- өзіне қол салып жатыр. Бұрын бізді өнермен ұстады. Сондықтан адамға ой тастайтын кезде, бейнелеп айтқанда, «түн емес, күн» шығаруымыз керек. Көрермен театрдан рухани байып шықсын!
Болат Әбділманов: Қарындастан айрылған жаман екен, қаракөзден мөлтілдеп жас келеді

JQ-Aqparat: Болат аға, сіз Абай образын театрда да, кинода да сомдап жүрсіз. Данышпан Абай өз заманында сынаған қазақ бүгінде өзгерді ме? Қазір Абайдың өзіне мін айтатындар бар. Қалай ойлайсыз, біз Абайдан алыстап бара жатырмыз ба?

Б.Әбділманов: Біз заман өзгерген сайын Абайға жақындай түсуіміз керек. «Тиянақсыз, байлаусыз байғұс халқым, не түсінер күлкіңнен жыртың-жыртың» деп айтып кеткен ғұлама. Кейбірі Абайды түсінбейді. «Неге ол қазақты сынай берген, өз ұлтын сүймеген бе?» дейді. Ал Абай «Біздің бұрынғы бабаларымыз елдің қасіреті, елдік мәселе көтерілген кезде бүкіл араздықты қойып, бір тудың астына жиналған. Біреудің жақсылығын өмір бойы ұмытпаған. Ал қазіргі қазақтарда биылғы жасаған жақсылығың, келесі жылға жарамайды. Абай өз заманында бодан болған қазақты сынап отыр. Бодан болып көшіп келген халықтың жақсысын да алды, жаманын да алды. Аманатқа қиянат жасады. Уәдесінде тұра алмады. Екіжүзді болды. Дінін ұмытты. Сол кездегі нәрселерді мен Абайдың қара сөздерінен көрдім. «Абайдың жұмбағы» пьесасында осының барлығы айтылады. Абай данышпан, ақын ретінде таныстырылды. Ал Абайдың тұлғалық қасиеті бізге беймәлім болатын. Абай мен Тоғжан бірін-бірі сүйді. Неге қосылмады? Абай болыстың баласы. Абайға әкесі: «Балам, сен мына қызды ұмыт. Бұл қыздың айттырған елі бар. Сенің де қыз айттырған елің бар. Сен төрт жақтан теріс бата алайын деп отырсың. Екі жастың махаббатынан да артық нәрсе бар. Ол сенің еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілігің», — деп тоқтатады. Сонда Абай: «Сап, сап көңілім, сап көңілім» деген өлеңін жазған. Біз сол заманнан алыстаған сайын Абайға жақындай түсуіміз керек. Өмірде өзін, өзінің нәпсісін жеңе білген адам ғана ұтады. Ең қиыны — өзіңді жеңу. Дұшпанды жеңу емес, дұшпанды досыңа айналдыру да ерлік. Қазір адамдар ызалы. Бір қазақ бір қазақты жеп қоя жаздайды. Қолына пышақ берсең, сұғуға дайын. Тіпті өнерде де мүйізі қарағайдай ағаларамыз бар. Өнерде жүрсе де, бір-бірін кешірмейді. Бұл не деген сұмдық?! Әр актердің өз көрермені бар. Соларға бас иіп отырған. Олар кешірімді болуы керек. Абай мен Жамбылдың аралары бір жас. Екеуі де атағы жер жарды. Абайдың баласы Әбіш өмірден қайтқанда Жамбыл Абайға барып көңіл айтады. Міне, сол кездегі ұлы адамдардың ұлылығы. Ал қазір біздің кешіре алмайтынымыз не нәрсе? Өнер адамының ісі халыққа үлгі болуы керек. Кешіру, бірін-бірі құрметтеу сияқты қасиеттер азайып кетті. Ат төбеліндей ғана қазақпыз. Бір-бірімізді құрметтемесек, бағаламасақ, жүрегіміз қараяды. Абай «ми ойлайды, шешім шығаратын жүрек» деген. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз «жүрегі қатыгез адамның сахнаға шығуға қақысы жоқ» дейтін. Бүкіл адамның болмысы жүректе тұр. Сондықтан жүректі қарайтпауымыз керек. Мына тұрған татарлардың жартысы шоқынып кетті. Өйткені олардың Абай сияқты ғұламасы болған жоқ. Қазір көп жастар ойлайды, бес уақыт намазын оқып, ораза тұтсақ, Алланың сүйген құлымыз деп. Ал Абай айтады: «Адам ораза ұстаса, өзі үшін ұстайды. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуан боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйген құлысың» дейді. Отанды сүю иманнан. Қазір біздің жастарымыз Отанын қорғаудан қашады. Жігіттер «Қыздың әкесі кім болып істейді екен? Машинасы мен үйі бар ма екен?» деп қыздың жағдайын сұрайды. Жігіттер жағдайды өзі жасауы керек емес пе?! Қазір заман өзгеріп бара жатыр. Құндылықтар өзгерді. Өнер адамдары да өзгеруі керек, үлгі болуы керек. Өнерде батырдың рөлін сомдап, батырға тән үлгі көрсетпесек, өнерден не пайда. Қыздарымызға дұрыс тәрбие бере алмай отырмыз. Ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды дейміз. Ол дұрыс емес. Ол қыз баласымен қалай сияды. «Қайтып келген қыз жаман» дейді қазақ. Осының астарында үлкен тәрбие мен мән жатыр.

JQ-Aqparat: Сіз театр саласы мен кино саласын бірге алып жүрсіз. Қазір көк жәшікті қосып қалсаң, түрік пен үнді сериалынан басқа ештеңе көрсетпейді. Тіпті апта бойы сағаттап сол сериалдарға уақыт бөлінген. Отандық сериалдар түсіріп жатқанымен үлесі аз. Қалай ойлайсыз, өзге елдің киносынан қашан арыламыз?

Б.Әбділманов: Кез келген мемлекетті жаулау ұлттық құндылықтан басталады. Біз өзіміздің киномызды жасауымыз керек. Қазір қазақ тілінде телехикаялар түсіріліп жатыр. Халық рухани аш. Әйел болып киініп алатын еркектердің киносы мен ырду-дырду күлкіден шаршады. Бір кездері театрға көрермен таппай қалғанбыз. Қазір қойылымға билет табылмай қалады. Бұл халықтың талғамының өскені, сұранысының артқаны. Бір кездері халық осылай кеткені кеткен деп мұңайғаным рас. Қазір көңіліміз марқайып отыр. Көрерменнің талғамы бізден жоғары. Біз кеңестік дәуірде өскен адамдар әлі де болса құлдық санадан арыла алмай келеміз. Қойылым қойсақ та сол дәуірдегі идеямен қоямыз. Олай емес, қазір көрерменнің санасы өсті. Олар өзінің ұлтына, табиғатына, ата-бабасына жақын нәрсені іздейді. Біздің кез келген спектакль көрерменге арналады. Сен шедевр қойдым деп ойлауың мүмкін, егер оған көрермен келмесе, шедеврдің құны бес тиын. Оның тәрбиелік мәні болмаса, өнер арқылы қазақ екенімізді айшықтап көрсетпесек, ондай өнердің бекерге кеткені. Меніңше, «сериал дәуірінен» де арыламыз. Бұл — заман талабы. Көрерменнің деңгейі өскенде өзге елдің кинолары құрып, өзіміздің төл туындылар көбейеді.

JQ-Aqparat: Әңгімеңізге рахмет!
 

Мақпал Ноғайбаева

Болат Әбділманов: Қарындастан айрылған жаман екен, қаракөзден мөлтілдеп жас келеді (jasqazaq.kz)


Өзге жаңалықтар