Есмұхан ОБАЕВ: Театрдың ары мен паспорты – режиссер

Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының лауреаты, актер, театр режиссері, театр қайраткері, профессор, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлығының лауреаты, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, Есмұхан ОБАЕВПЕН сұхбат.

Драматургия қақтығысқа құрылады

 – «Театр  бұл жан әлемі» деген екенсіз. Осы жайлы айта кетсеңіз.

 – Біз режиссер болғандықтан, психологпыз. Менің қойған пьесаларымның бәрі адами процеске әсер ететіндей қойылған. «Театр – адам жанының зерттеушісі», театр күлкі үшін, не болмаса жылатуды мақсат етпейді. Сізді ойландырып, ерекше сезімге бөлеу үшін құрылған. Тіпті, ойдың театры десек, артық болмас. Міне, біз осыған байланысты кадрларды даярлағанда қателік жіберген жоқпыз. Бүгінде адамдар рухани қажетін ойлап, театрға бет бұра бастады. Қазір қазақтың ақсақалдары немерелерін ертіп, кассадан билет алып тұрғанын көреміз. Сол қария залда отырып: «Қарағым, Абылай хан деген бабаң мына кісі. Абай деген абыз атаң ана кісі» деп жаңағы немересіне тарих тағылымын айтады.

Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәнім бар. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойынды тамашаласа, Абай әлемін танып шығады. Абайдың ұлы парасатын, Мұқаңның ұлы сөздерін санасына сіңіреді. Бүгінде драматургия қақтығысқа құрылады. Сахнада халыққа ой салатын, неғұрлым ұлттық рухымызға жақын, өтімді дүниелер ғана қойылады. Міне, бүгінгі театрдың толағай жетістіктері – осы.

– Өнер ордасында жыл сайын үзілмей қойылып келе жатқан спектакльдердің сыры неде?

– Оның бір айтарлықтай сыры, сиқыры жоқ. Осыдан 20–25 жыл бұрын қойған спектакльдерім әлі күнге сахналануда. Кейде қалжыңдап «Спектакльдер өзім секілді қартаймайды» деп айтамын. Енді сенің сұрағыңа келер болсақ, бағана айтып кеткенімдей, спектакль адамдарға ой салуы керек. Пьеса құр жазылып қояды. Спектакль сол жазылған дүниенің терісін айналдырып шығарады. Тіпті, басты ойын өзгертіп жіберуге болады. Атмосферасын өзгертіп жіберуге болады. Автормен тайталасып, режиссермен тайталасып, көрерменге жеткенше илеуі қанып жетеді. Спектакльді шығару үшін тоғыз ай көтересің. Оны толғатып жүріп туамыз. Содан кейінгі оның бағасы көрерменнің қолында. Ал артист деген сіздің бәйгеге қосқан тұлпарыңыз ғой. Тұлпарыңыз бәйгеден жеңіп жатса, онда ол сіздің еңбегіңіз. Ал бәйгеден келмей қалса, ол да - сіздің осалдығыңыз.

Талантты актерлар мен режиссерлар шоғырланған кез – ол театрдың бағы. Кезінде Әзекеңмен жұмыс істеген театрдың корифейлерінің кейбірі әлі театр сахнасынан түскен жоқ. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Құман Тастанбеков және т.б. Сол жылдары Нұрмұхан Жантөрин келмесе, Ыдырыс Ноғайбаев жоқ болса, бұлай болар ма еді, кім білсін?!

 

Құдай тілеуімді берді

– Өзіңіз қойған ең ерекше спектакль жайлы айта кетсеңіз.

– Енді көп қой. Оның қайсыбірін айтайын. Ерекшесі деп Төлен Әбдіктің «Ұры мен ұлы» спектаклін айтар едім. Ол бүгінгі күн. Қайнап тұрған қазіргі сәт. Онда да өткен мен бүгіннің диалогы, өкпе-наласы айтылады. Үлкендер жас буынды сұрықсыз, ез көреді. Кішілер өз болмысының болымсыздығына үлкендерді кінәлайды. Әркімдікі өзіне дұрыс. Әке ұрпағының өзіндей ұлы болмағанына, тыныштықта туған тұқымның тәуелсіздік үшін күресіп кеткендердің жігерін сақтап қалмағанына қынжылады. Бұдан бөлек, «Қыз мұңы» деген спекталь болды. Онда 1986 жылы Республика алаңында өткен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыздың оқиғасы баяндалады. Елім, жерім деп еміренген қазақ қызының қайсарлығынан хабар береді. Сол кезде Тәуелсіздік үшін қаншама жастарымыз басын бәйгеге тікті. Солар жайлы қойылған спектакль әлі күнге сахналануда. Бұдан бөлек, қазақ қаламгерлерінің біразының шығармаларын қойдық. Оның барлығын санап шықсақ, санына жетпеспіз. Еліміздің әр өңіріндегі театрларда қойылған спектакльдер мен үшін бір төбе. Өзіндік құрылысымен, ойымен ерекше деп айта аламын.

– Режиссерлікке қалай келдіңіз? Алғашқы спектакліңіз жайлы айта кетсеңіз?

– Өнер жолымды қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан бастадым. Ол кездері оқу бітірерде қаланың күллі жайсаңдары жиналып, студенттерді әр аймаққа бөлетін. Оның басы-қасында Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз болатын. Сол кезде Сәбира Майқанова апайымыз «Мына «Ваня ағайды» ойнаған сары бала өзі сондай сұмдық. Мұны қалада әртіс қылып қалдыру керек. Не қылады, режиссерді қоя береді ғой», – деп айтқаны себеп болды ма, әйтеуір, көптің ішінен мені таңдап алды. Осылайша 1966 жылы 4-курс оқып жүріп, режиссерлік мамандығыммен спектакль қойдым. Ол енді менің бағым деп ойлаймын.

ҚР Халық әртісі, ұлы актер Нұрмұхан Жантөрин мені ұстап алды да:  «Әй, бала, бері кел. Сені музыкальный дейді ғой. Сен давай мына пьесаны қой. Мен саған «Жаяу Мұса» деген пьесаны беремін. Бұл Орта жүздің әйгілі Жаяу Мұсасы. Сен осыдан бастасаң, Құдай жолыңды оңғарады. Мен қазір киностудияға кеттім. Әзірбайжанға өзім айтамын», - деп қолыма ақ қағаз бен қалам ұстатып кетті. Міне, сол кезде түсірілген суреттер де бар. Сәбит Оразбаев қандай жап-жас жігіт. Торғын Тасыбекова қазір үйінде отыр. Кейбір әртістер о дүниелік болып кетті. Осылайша өнерде жүргеніме 60 жыл болған.

Осы жылдардың ішінде жылжып бір-ақ жерге бардым – «Семей театры» деген. Әдебиеттің, мәдениеттің ортасы. Ұлы қазақтардың, ұлы Алаштың ортасы деп айтуға болады. «Абайдың елі! Мұхтардың елі! Қасиетті ұлы жер! Е, Құдай, құдіретіңе көзім жетсін, қолдашы, қолтықташы мені, осы елден бақыт табуға көмектесші!» - деп едім сонда тебіреніп тұрып. Құдай сол тілеуімді берген болуы керек, тұңғыш кәсіби театр өнері уығын қадаған ордада үлкен актерлармен бірге жұмыс істеп шыңдалдым, өстім, болашақ жарымды кездестіріп, отбасын құрып, балалы-шағалы болдым. Мәдениет министрлігі бір жылға барып келесің деп жіберіп, 20 жыл 1 күн, 15 сағат табан аудармай қызмет істедім.

Режиссер барда  театр бар, ол жоқ болса – театр да жоқ

– Өнерде жүрген жастарға көңіліңіз тола ма? Бір сұхбатыңызда жастарға көңіл бөлу маңызды деген екенсіз.

– Семейге барғанда жалаңаяқ, жалаңбас барғанмын. Шалбарымның артынан күн еседі. Барған бетімнен-ақ  халық жылы қабылдады. Біз өмірде үй сатып алған адам емеспіз. Осы уақытқа дейін үкімет беріп келді. Сонда  өнер бар жерде үлкен бір жеңіс бардай көрінетін. Ал қазір ше? Үй-күйсіз қаңғып жүрген жас актерлар мен режиссерді, өнер адамдарын көп көремін. Пьеса жазып жүрген балалардың тұрақты жұмыстары жоқ, ал жазған туындыларына мандымайтын қаламақы алады. Осыдан кейін олар қалай өнерге басыбайлы бет бұрады? Олардың материалдық жағдайы жасалмай, өнеріміз өркендейді деп айту қиын-ақ. Жаңағы айтып отырған жастардың тұрмыс жағдайы шешілсе, жақсы болатын еді. Содан кейін техникалық мүмкіндіктері нашар театрлар бар. Соларға да жөндеу жұмыстарын жүргізсе деймін. Семейге барғанымда 24 жасымда «Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағына ие болдым. Бұл дегеніміз - жас режиссерге сенім білдірген аға буынның сенімі.

Қазіргі жастарға көңілім толады. Себебі, бұлар - ізденімпаз халық. Таңдамалы шығармаларын зерделеп алады. Бүгінде өнер ордасына жақсы кадрлар келді. Театр зерттеушілері, әдебиет майталмандары, сыншылар, философтар, тіпті психолог деген балаларымыз да бар. Әр театрда 10–15 шақты режиссерді кездестіресіз. Қазір режиссерлердің шалы менмін. 82-ден асып бара жатырмын. Бірақ көңіліме қарасам, әлі жас секілдімін.

– Режиссердің өмірі дегеніміз не?

 – Жақсы адамдардың арасында өмір сүру - үлкен бақыт. Немат Келімбетов деген жазушының бір шығармасы бар. Соның желісінде «Үміт үзгім келмейді» деген қойылым қойдым. Соның философиялық ойларында мынандай бір сөз бар – «Бақыт деген не?» дейді кейіпкер. Сонда «Бақыт деген - бақытты адамдардың ортасында өмір сүру» деп үн қатады.

Меніңше, айналаңды қоршаған мейірімді, саған бағыт-бағдар беретін адамдар болса, сен үлкен жетістікке жетесің. Режиссердің жолы деген қызметіне, жұмысына, бағына байланысты. Сондықтан Құдай маған бақ берген шығар деп ойлаймын. Өйткені, өмірімде Асқар Тоқпанов, Жұмат Шанин, Әзірбайжан Мәмбетов деген ұлы ұстаздарым болмаса, мен сол Кегенде тракторымды айдап, полицияның оқуымен жүретін едім. Міне, сол тағдыр мені театр әлеміне әкеп соқтырды.

Театрдың ең қара күші, театрдың ары мен паспорты – режиссер. Режиссер бар кезде - театр бар, ол жоқ болса - театр да жоқ. Сөздің шыны керек, актер өзі жалғыз спектаклін қоя берер, бірақ ол режиссерсіз Гамлетті, Абайды ойнай алмайды. М.Әуезов театрына Ә.Мәмбетов сияқты режиссерлер келмесе және ол 20 жасында кіріп, 80 жасқа дейін осы театрды басқармаса, бұл театр қазіргі биігінде тұрмас еді. Сондықтан театрдың бағы да, соры да режиссерге байланысты. Режиссерден бағы жанған театр – бақытты театр.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ

Есмұхан ОБАЕВ: Театрдың ары мен паспорты – режиссер - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті — (almaty-akshamy.kz)

 


Өзге жаңалықтар