"Кассандра таңбасы" спектаклінің айтары бар

Күні кеше М.Әуезов театрында Ш. Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романының желісімен жасалған "Кассандра таңбасы" спектаклінің премьерасы өтті.

 

Спектакльде адамзаттың рухсыздану проблемасы – отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетімен шендестіріле отырылып көрсетіледі. Бүгінгі күннің ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктері мақсатты түрде ізгілік, адамгершілік жолына бағышталмаса, үлкен қасіреттер мен орны толмас катаклизмдерге алып келу мүмкіндігі туралы айтылады. Тексіздіктің қандай апаттар тудыратыны жайлы Айтматовтың адамзатқа айтып кеткен ескерту-өсиеті көркемдік тұрғыдан шебер беріледі.

Әрбір спектаклге үлкен махаббатпен, асқан дайындықпен келетін А. Оспанбаева мен М.Омарованың кезекті қойылымы сәтті шықты деуге толықтай негіз бар. Спектакльдың алғашқы күні адам қарасы көп болды. Әрбір премьера аншлагпен өтетін театрға бұл таңсық емес. Дегенмен, бұл жолғы атмосфера ерекше болды.

Көзіқарақты көрермен сахнадағы ойынды толыққанды түсінуі үшін, әуелі шығарманың өзімен таныс болғаны жөн деп ойлаймын. Спойлер болмасын, дегенмен шығарма жайында аз-кем айта кететін болсам.

Шығармашылық қиялдың нақтылы өмір фактілеріне сәйкес келе бермейтін, бірақ ақыл мен интуицияның көрсетуімен ашатын өз шындығы болады. «Кассандра таңбасы» романында ғалым Филофей шарананың қарсылық белгісін ғарыштан зондаж сәулелер жіберу арқылы анықтап, оған «Кассандра таңбасы» деп ат береді. Бұл XX ғасырдың ойға келсе де, ақылға сыймастай оқиғасы еді.

Ш. Айтматовтың романын да, өзін де әлем жұртшылығы әртүрлі қабылдады. Бірақ Ш.Айтматовтың романында көтерілген мәселелер, суреттелген оқиғалар сыры әр қырынан, әр түрлі деңгейде ашыла түсуде. Жасанды жолмен дүниеге бала әкелу, терроризм, расизм, спид, т.б. ұғымдары бүгінгі күні ғаламның үлкен проблемасына айналып отыр. Елбасымыз Н. Назарбаевтың еңбегінде санамаланып көрсетілген осы мәселелер Ш. Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романында ерекше көркемдік таныммен таразыланған. Шығармашылық еңбек заңдылықтары тұрғысынан алғанда, бұл Ш. Айтматовтың суреткерлік көрегендігін, алысты бұрын болжап-бағамдай алатын шығармашылық кемеңгерлігін танытады.

«Кассандра таңбасы» романында ғалым кейіпкер өзінің тағдыры жасанды жолмен әкелген адамдарының тағдырымен ұқсас екендігін біледі. Яғни жазушы бұл романында да «тексіздіктің қандай апат әкелетінін» бұрынғыдан кең суреттеп, мәнін тереңдетіп, адамзатқа ескерту айтып отыр. Осындай маңызды ойды көтеріп, шығарманың сюжетін құруда үлкен қызмет етіп тұрған «жасанды жолмен адам әкелу» оқиғасы — бүгінгі заман шындығымен бетпе-бет келгенде туған суреткерлік қиял нәтижесі. Сөйте тұра мұның негізінде өмірдің шындық құбылыстары жатқаны да анық. Ал өмір шындығының игерілуіндегі автордың идеясынан туындайтын басты көркемдік шешім — табиғат замына қиянат жасамау. Шындықты игерудегі жазушылық тұрғы табитаттын тепетеңдігіне, үйлесіміне жасанды жолмен ықпал етуге болмайтымы туралы, табиғаттың заңдылықтарын сақтау мен қорғау туралы ақиқаттан бастау алады.

Жазушы «Кассандра таңбасы» романында бүгінгі күннің ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктерін жинақтап шебер пайдалана білген. Ш. Айтматов шығармаларының көркемдік идеялық жүйесінде халық творчествосы үлгілерімен қатар этнография, археология, тарих салаларындағы материалдардың атқаратын рөлі жоғары.

Жалпы, жазушының өмір шындығынан өнер туындысын жасау жолындағы ізденістері мен жетістіктері оның өмір құбылыстарын жинақтаудағы суреткерлік нысанасы мен биік мұратына негізделеді. Қаламгер еңбегіне тән шығармашылық процесс үздіксіздігімен сипатталады. Жазушы жазудан тыс тұрғанда да бұл процесс тоқтамайды. Өйткені жазушының шығармашылық еңбек процесі мен шығармашылық ойлау процесі өзара бір-бірімен тығыз бірлікте.

P.S. Түрлі сезімді сезіндірген өнер ошағына, асқан шеберлікпен өнер көрсеткен шығармашылық ұжымға тек сәттілік тілеймін! М.Әуезов атындағы академиялық театрының ұжымына болашағы берік, ғұмыры ұзақ  тағы бір спектакль келді деп айтуға толықтай негіз бар.

"Кассандра таңбасы" спектаклінің айтары бар - Yvision.kz


Өзге жаңалықтар