Тарих шындығы – театр сахнасында

Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы – М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының репертуары тағы бір тамаша қойылыммен толықты. Өткен аптада «Құйын» драмасы театр­сүйер қауымға жол тартты.

«Құйын» – тарих шындығын қаз­балап, түбін астарлап, театр сахнасына шығарған қойылым. Тарих диірмені үңгісінде сұраусыз кетпес үшін әрекет­тенген халық, ел қамын жеп еңіреген ерлер. Ғасырлар бойы өктемдік көрген ұлттың ұсақтану процесі, кенет ескен еркіндік желі. Замана илеуінде шаң-тозаңға айналып, құйын болып ұшып кетпеуі керек. Сол үшін жасалған қаре­кеттер «Құйын» қойылымында сахна­ланады. Қойылым авторы  ұжымдық жұмыс болса, қоюшы-режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Бұл драманы сахнаға алып шыққан актерлік құрам қа­тарында Б.Тұрыс, Ж.Маханов, М.Қапалбаев, А.Сатыбалдиева, С.Бақа­ева, З.Карменова, Е.Тұрысов, М.Асау­бай, Д.Шыныбек, Ә.Сайлауова, Ә.Базар­бай, Қ.Демеуов, Г.Досанова сынды өнер иелері бар. 

Қойылымда отаршылдық саясаты, миллиондаған қазақтың аштықтан қы­ры­луы, сол замандағы екіжүзділік бей­не­сі көрініс табады. Қойылым тақыры­бына сәйкес таңдалған сахна деко­рациясы мен әрбір деталь, музыка мен костюмдер қазақтың басынан өткерген ауыр тағдырынан хабар береді. 

– Бүгінгі қойылымды қойған режис­сер – Әлібек есімді жас жігіт. Ол ГИТИС-тің режиссура факультетінде білім алды. Институтты биыл ғана бітірді. Оның барлық жұмысына театр ұжымы көмек қо­лын созды, бірақ ешқашан бөгет жаса­ған жоқпыз. Себебі қазіргі жас режис­сер­лердің ойы, қойылым қоюдағы ізде­ніс процестері бізге қызық. Ол көрер­мендерге де қызық болуы міндетті. Қойылым қазақ тарихының басына түскен тарихи кезеңдерден құралған. Ресейге қосылғаннан бастап қазақ қаншама азап көрді, қаншама аза­матымызды жоғалттық. 3 мил­лион­нан артық қазағымыз қырылып қалды, – дейді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режис­сері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Әубәкір Рахимов.

Үш сағатқа созылған қойылымда ине шаншар орын болмады. Бұл – тарих шындығын тануға талпын­ған ұрпақ өсіп келе жатқа­нының белгісі. Қойылым драма түрінде сахналанғаны­мен, басы­нан  соңына дейін қара түнек темпте деген сөз емес. Езу тартатын сәттер де жиі кездесті. Бірақ сол әзілдің астарында қабырғаны қайыстырған қайғы, ауыр зіл бар. Сондай-ақ залда отырған көрер­менмен байланыс жасай отырып, айтар ойын, негізгі мазмұнын жоғалтпайды. Көрініс­ті тамашалай отырып, өзіңді де актерлік құрамның бір бөлшегіндей, тарих шең­беріндегі кейіпкерлердің замандасындай сезінесің. Тіпті, залда көзіне еріксіз жас үйірілген көрерменді де көрдік. Қойы­лым аяқталған соң көрермен тоқтаусыз қошемет көрсетті. Күлдіріп тұрып жы­латқан қойылымның актерлік құрамына гүл шоқтары табысталып, халық риза­шы­лығын біл­діріп жатты. Біз де көрер­меннің қойы­лым­нан алған әсері мен түйген ойын бағамдау үшін әңгімеге тарттық. 

– Бір қуанарлығы – қазақ тарихының шындығы бірте-бірте ашылып жатқа­нының бастамасын көрдік. Яғни, бүгінгі қойылымнан осы күнге дейін оқып-үй­рен­ген тарихымыздың тұманды болға­нын, шын тарихымыздың өзімізге ептеп оралып келе жатқанын көріп отырмыз. Тарихымыз бұрмаланды деп айтып жатады ғой. Бұл  рас. Бірақ осы уақытқа дейін айтылмай келген, дәл осындай тұрғыда жеткізіп көрмеген. Шын та­рихы­мызға қадам басып келе жатқаны­мыз қуантады, – дейді Азамат Аманжол. 

Ал Зулхаят Маханова тарих бетпер­десін ашып, оны көрерменге бүкпесіз жеткізуде театрдың маңызы зор екенін айтады.

– Театрдың бір жақсы тұсы – шын­дық­ты айта алады. Театр сонысымен құнды. Қоюшы-режиссер Әлібек Өмір­бекұлы жас жігіт болса да, Мәскеуде оқыса да осындай дүниелерді қазбалап, шұқылап, астарлап жеткізгенінің өзі қуанарлық дүние. Бұл – біздің тари­хымыздың жаңа қалыпқа, жаңа бағытқа келе жатқаны, – дейді ол. 

Естеріңізге салайық, М. Әуезов атын­­дағы Қазақ ұлттық драма театрында «Құйын» драмасының премьерасын 15, 26 қыркүйек күндері тамашалауға мүм­кіндік бар.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Тарих шындығы – театр сахнасында (aikyn.kz) 


Өзге жаңалықтар