Баян Қажынәбиева, актриса: Шығармашылық адамына тыныштық жақпайды

Еңлік, Қарагөз, Қамар, Тоғжан, Ажар... Бұл сұлуларды сомдаған актриса талай арудың бейнесін сахнадан көрсеткен. Театр сахнасына қазақ және әлем классикасындағы ең жарқын кейіпкерлерді алып шыққан актриса бүгінде образ ауыстыру кезеңінен сәтті өтіп, енді көрерменге жеңге, ана рөлінде өнер көрсетіп жүр. Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Баян Қажынәбиеваны театрсүйер қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Газетіміздің оқырманы үшін арнайы өнер, шәкірт баулу, театр, кино тақырыптары аясында біраз әңгімелестік. Айтары бар актрисаның жып-жылы сұқбатын ұсынамыз. 
 

– Баян Алысқызы, әңгімемізді өнердегі соңғы жаңалықтарыңыздан бастасақ. Театрда қандай жаңа рөлде­ріңіз бар? Ұстаздық пен өнер жолындағы ізденістеріңіз туралы айтсаңыз?
– Жаңалық дегенде ауыз толтырып айтатындай емес. Рөлге келетін болсақ, «Бейтаныс таныстар» моноспекткалін айтар едім. Әйелдің жанын кім түсініпті? Оны түсінем деп талпынған пенденің еңбегі еш, тұзы сор. Себебі әйелдің көңіл-күйі құбылмалы, бірде көктем, бірде күз. Мұңы мен зары да өткінші жауын іспеттес, қазір төпеп құйып бергенмен, іле-шала жадырап шыға келеді. Бұл – оның бір келбеті. Тағы бір сипаты – түпсіз терең тұңғиық, сиқырлы да сырлы әлем. Ол жақтың сап-сары сазы да, қоңыр әуен бояуы да өзгеше. Оның тағы бір келбеті бар... Тағы... Және тағы... Спектакльде жалғыз актриса төрт әйелдің образын сомдайды.
Ал қандай ұстаз екенімді студенттер айту керек шығар деп ойлаймын. Енді әр мұғалім, әр ұстаз барынша шәкіртке бар білімін бергісі келеді. Солардың актер болғанын қалайды. Болашақта олардың жұлдыздарының жанып, кез келген бәсекеге тұра алатын, кез келген бәйгеден жеңімпаз болып шыға алатын актер тәрбиелегісі келеді. Дәріс өту методикама келсем, біздің сабақтардың бәрі практикалық түрде өтеді. Әрине, теорияны түсіндіріп барып, оны іске асыру әрекеті жүріп жатады. Мен 2009 жылдан бастап ұстаздық  етемін. Басында шынымды айтайын, ұстаз боламын деп ешқашан ойлаған да емеспін. Менің алдымдағы әпкем ұстаз, педагогикалық институтты бітірген. Бұрынғы сол әпкеме «Қалай сондай адам өзіне жаны ашымайды? Қалай сен өзіңді ұстаздыққа қиып жібердің. Ол оңай дүние емес. Қалай сен біліп тұрып, өзіңді сондай қиын жолға салдың? Мен ондайға ешқашан бармаймын» деп айтатынмын. Ал ұстазым Есмұхан Обаев мені «академияға, менің қасыма кел, ұстаз бол» деп шақыратын. Бірақ қорқатынмын. Студенттерге осы кітапты оқытып, осы білімді осы мәселені басыңа құйып, мен сені актер қылып жіберемін деп ешқандай ұстаз айта алмайды. Ол тек бағдар береді. 
Бізде сабақ бір пар немесе қырық бес минут болып, бітіп қалмайды. Бізде сабақ сағат 2-ден 7-ге дейін болады, осы уақыт аралығында бір аудиторияда бір курсты ұстап отыру оңай емес. Ол үшін үлкен тәжірибе керек, студенттер жалығып кетпеуі тиіс. Сенің айтарың,  істейтін  дүниең болуы керек. Оларды қызықтыратын, жалықтырып алмайтын, елітетін, оларға мотивация беретіндей әдіс, күш-қуатың болуы қажет. Сондықтан да өнерде сабақ берудің жөні бөлек. 
Ұстазым Есмұхан Обаевпен бір шаңырақ астында еңбек етіп келемін. Академияда да бір курсқа сабақ береміз. Есағаның үнемі айтатын бір сөзі бар: «Жақсы актер болу үшін ең алдымен жақсы адам болу керек». Дүниеден озып кеткен өзге ұстаздарым да осы ұлағатты ұқтыруға тырысатын. Студент күнімде шәкірттерге айтылатын көп сөздің бірі шығар деп аса мән бермеуші едім. Қазір сол сөздің рас екеніне, жақсы адамнан ғана жақсы актер шығатынына көзім жетті. Ұстаздарым үйреткен тәлімді өз шәкірт­терімнің бойына сіңіруге тырысып жүрмін. 
– Кез келген артистің көңіл түкпі­рінде бір рөл жататыны анық. Сахнаға кімнің рөлін алып шыққыңыз келеді?
– Театр әлемі бөлек қой. Кез келген пьесада қыздар образы аз болады. Көбіне жігіттердің образы үлкен және көп. Сәйкесінше, жігіттердің театрдағы ғұмыры ұзағырақ. Ал қыз балалар белгілі бір уақытта бәсеңдейді, басты кейіпкерден жеңге рөліне, апа рөліне ауысады. Ал қазақ театрларында жеңгелерге арнап жазылған пьесалар жоқтың қасы. Ал басты кейіпкерге келсек, менің ол жағынан жолым болған артиспін. Қазақ классикасын да, шетел классикасын да, заманауи кейіпкерді де сомдаған артиспін деп ойлаймын. 
Ал қазіргі уақытта бағытыма өзгеріс жасадым. Иә, адам физиология­сы өзгергеннен кейін адам да өзгеру керек. Яғни басқа бағытқа бет бұру керексің. Мен рөл ауыстырғанда бірден өте арыға беттедім. Мен рөлім Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббатында» 92 жастағы Зылиханы сомдадым. Бұл да бір жауапты кезең, өйткені актриса кейіпкерден ауыса алмай қалуы да мүмкін. Артист бас кейіпкерлерді сомдап үйренгендіктен, сол бағытқа бейім тұрады. Психологиясы жас қыздар сияқты ойлауға, жастар сияқты сөйлеу мәнеріне дағдыланады. Ал үлкен жастағы кейіпкерді сомдау үшін оның жөні бөлек. Ол үшін психофизикаңды ауыстыру керек, болмысты өзгерту қажет. Ол да үлкен еңбек. Өнер адамның жанынан жасалатын болғаннан кейін ол өте қиын дүние. Егер ағаштан, қағаздан болса, бүгін шама-шарқынша жасап, сосын ертең жалғастырасың ғой. Ал өнерде бүгін жасаған дүниені ертең таппай қалуың ықтимал. Бүгін келген шабыт ертең келмей қалуы мүмкін. Сондықтан ол бір көзге көрінбейтін нағыз «инемен құдық қазғандай» жұмыс. 
Басты рөлдегі жас қыздан 92 жастағы кейуананың рөліне ауысқан кезде тез бейімделдім дей алмаймын. Бірақ қатты қиналып кеткенім де жоқ. Ең бас­тысы, бұл өте жауапкершілікті кезең екенін түсіндім. Есмұхан аға анда-санда репетицияға келіп кетеді. Сосын ол кісі айтса, дөп айтады. Бір дайындықта ұстазым «дұрыс бағытта келе жатырсың» деді. Бұл бір ауыз сөз маған қанат бітірді. Содан кейін өзім дәріс берген студенттердің үшеуі театрға жұмысқа орналасып, әріптесімізге айналды. Сол студенттерімнің алдында рөлім дұрыс шықпай қалса немесе кеңесте маған сын айтылса, ұят қой. «Өлімнен ұят күшті» деген халықпыз, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіретін» халықпыз. Сол үшін барымды салып, намысқа тырыс­тым. Мен үлкен кісілермен, ата-әжемен тұрған бала емеспін. Әжеме демалыс­тарда ғана баратынбыз. Сәйкесінше, мен үлкендердің әдет-қимылын, психологиясын зерттей алмадым. Рөлім үшін тек интуициялық ой-сезіммен жұмыс істелді. 
– Өзіңізді бірнеше сериалдардан да көрдік. Жалпы киноға ұсыныс бар ма? Киноға түсетін болсаңыз, ең бірінші несіне қарайсыз сценарийіне ма, қаламақысына ма?
– Әрине, кинода образ жасағым келеді. Өзімді кинода күтемін. Бұл енді театрда болды, бітті деген сөз емес, әрине. Шыны керек, 90-жылдары нағыз қарқындап тұрған кезде мен өзімді кино саласынан көргім келді. Бірақ орайы болмады. Әрине, киноға түсерде әуелі сценарийіне қараймын, ешкім тегін шақырмайды. Бірақ ақша ұсталынып кетеді, ал кино кадрда қалады ғой. Әр артист әрдайым сыналып тұрғысы келеді. «Комфорт аймақта» қалсақ, өзімізді жайсыз сезінеміз. Ай сайын айлық түсіп, бірақ еш рөл ойнамасаң, бізде психологиялық тоқырау басталады. Ондайда біз өзімізді мазалап жей бастаймыз. Біз үнемі өзімізді бәйгеге салып, жаратып тұруымыз керек. Сонда  «деміміз» ашылып, жарқырап жана бастаймыз. Мысалы, моноспектакльді жасаған кезде ол менде  бірінші рет болды. Моно жалпы соңғы кезде дамып жатқан жанр ғой. Ал бұл маған психологиялық тұрғыда өте ауыр болды. Оған дейін ешқандай рөлде уайымдап, жүйкемді жұқартқан емеспін. Түнімен ұйықтамай, көзім бақырайып жататын болдым. Әрине, басшылықтың, ұстаздарым мен ұжымымның ұсынысымен өзімді сынап көргім келді. Бұл біздің бір мамандықтың ерекшелігі шығар. Шығармашылық адамына тыныштық жақпайды ғой. Тыныштық тек зейнетке шыққанда болуы керек деп ойлаймын. «Шығармашылық адамына зейнетке шығу қиын» деген пікір де жиі айтылады. Негізі мен, жалпы кім болса да зейнетке шығуы керек деп ойлаймын. Мысалы, зейнетке шыққан артиске мүмкіндік те көп. Өзін шақырған жерге, жеке театрларға, жеке рөлдерге, дубляжға барып тұруға болады. Ал негізі зейнетке шыққан соң оның рахатын да көру қажет қой. Ары қарайғы өмірін өзіне, отбасына, балалары мен немерелеріне арнау керек. Тіпті қалған ғұмырын саяхатқа да арнаса болады. Жас кезде жұмыс, бала, отбасы деп саяхатқа мүмкіндік болмауы мүмкін. Оның орнын зейнетке шыққан соң толтыруға болады. 
– Сөз арасында театр жастарының мүмкіндігі туралы айта отырсаңыз. Олардың ізденісіне көңіліңіз тола ма? Ұлттық сахнамыздағы режиссерлік дәстүр дұрыс сақталып келе жатыр ма?
– Өнер деген екінің біріне ұстата бермейді. Екінің біріне мінгізіп шаба бермейді. Ол бір – бақ. Режиссерлік дәстүр дегенде, меніңше ол бірінен екіншісіне жалғасып кететін дүние. Бірақ өнер өзгеріп тұруы керек. Өнер болғаннан кейін, адамның жанынан жасалатын дүние болғандықтан, бұның кейде бәсеңдейтін кезі болады. Оянып, жанартау сияқты атылып шапқылайтын кезі болады. Шабатын кезі болады. Сол тұрғыдан алғанда, біз қазір бір орында тұрған жоқпыз. Қазіргі кезде ізденістер көп. Театрда эксперименттерге барып жатқандар бар. Ол жақсы, ізденіспен келеді. Осы жағынан алғанда, көңілім толады. 
Кез келген адамның тұлғалық қа­лыптасуы ең әуелі оның қоршаған ортасына, араласатын адамдарына байланысты. Өнерім ғана емес, өмірім де театрмен біте қайнасып жатыр деуге болады. Өйткені уақытымыздың басым бөлігі осында өтеді. Күндіз спектакльге дайындық, би, хор, вокал сабақтары бар. Кешке көрерменмен қауышамыз. Бірақ шаршағаныңды сезе бермейсің. Өйткені өнерсүйер қауымның қошеметін көргенде жаның рақаттанып, екінші тынысың ашылғандай болады. Оның үстіне, жастары жер ортасынан асса да, көрерменге тікесінен тік тұрып қызмет етіп жүрген ардақты ағай-апайларымның жанында жүріп, шаршадым деуге қалай аузымыз барады? Олардан үйренгенім, көрген шапағатым мол. Қасымызда жүргенде сол кісілердің қадіріне жетіп, жақсы қасиеттерінің бәрін бойыма сіңіріп қалғым келеді. Бүгінгі жастардың да қадамы дәл осылай нық деп ойлаймын. 
– Жоғарыда киноға түскіңіз келе­тінін айттыңыз. Қалай ойлайсыз, бұрын корей, түрік, үнді сериалдары өтімді еді, қазір қазақ сериалдары оның орнын толтыра алды ма?
– Отандық сериалдар тамшылап болса да, сериал өндірісін дамытуға күш салып келеді. Иә, қазір қазақ сериал­дары артып келеді. Кез келген нәрсе бірте-бірте қалыптасып, дамиды ғой. Сол жағдайдан мен позитивті ойлаймын. Қазір де жаман емес. Мүмкін кейбір түріктердің сериалдарын басып озбаған шығармыз. Біз әлі бәрін де істейміз. Бізде мықты мамандар бар. Көбі арзанқол дүние іздеп кетіп жатқан жоқ. Кәдімгідей басын ауыртып, жүрегін ауыртып, осыған алаңдайтын жастар, мамандар бар. Олар жақсы жұмыс істегісі келеді. 
Ал өзіме келсем, кез келген артистің арманы – толық метражды фильм. Еншімде ауыз толтырып айтатын көп кино жоқ. Мен кез келген киноға түспес бұрын, сценариге қараймын, таңдап түсемін. Эпизодтарға түскен емеспін. Әркім өз дәрежесін өзі бағалау керек деп білемін. Кинода ойнау мәнері мүлде басқа, театрға ұқсамайды. Менің шығармашылығым үшін кино маған қызық, күн сайын бір нәрсені қайталай беру де адамды өшіреді. Кино басқа әлем. Мұнда камераны сезіну керек. Ол үшін мол тәжірибе қажет.
Толықметражды фильм мен сериал ол екі бөлек дүние. Екеуі бірімен бірі салыстыруға болмайды. Біреуі жақсы, біреуі жаман деп те айтуға болмайды. Менің қалауым толық метражды фильм. Бүгінде бір артистің бірнеше фильмде бой көрсетуі, сұранысқа ие артистің барлық фильмнен табылуы көрініс беріп отыр. Көпшілік жалықтырып жібереді деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл сол артиске байланысты. Оның образ жасауына, көрерменді сендіре алуына байланысты ғой. Мысалы, Де Каприоның қанша киносын көріп жатырмыз, бірақ жалығып кеткен жоқпыз. Бұл жерде тек образ мәселесі ғой, сол үшін бұл тақырыпқа оң көзбен қарай аламын. 
– Жуырда өткен «Иран конференциясы» туралы пікіріңізді білсек?
– Мен әр театрдағы әр спектакльді көремін. Бірақ өзім түсінбейтін бір нәрсені қалайтынмын, бір нәрсені сезінгім келетін. Сенесіз бе, сол спектакльді, сол қалауды «Иран конференциясында» көрдім. Бұл мен қалайтын, мен ойнағым келетін спектакль еді. «Шам» театрының режиссері мені шақырмағаны өкінішті. Өзіме өте қатты ұнады. Бұл интеллектуалды спектакль деп ойлаймын. Мен үшін бұл басқа деңгей. Сахнада былай ашық шабыс, атыс, қантөгіс жоқ, бірақ жан дүниесінде нағыз жан алысып, жан берісу болып жатыр. Адамдардың жай ғана микрофонға келіп өзекті тақырыптарды әңгімелеуі жаңа бір деңгей болды. Жоғарыда да жастардың аяқалысы жақсы дегенім де осы. 
– Сізбен сұқбатқа келіскен соң, біраз зерттегім келіп, бұрынғы сұхбат­тарыңызды оқығым келді. Бай­қағаным өте аз сұхбат береді екенсіз. Сұқбат беруге ұмтыла бер­мей­сіз бе, әлде саналы түрде келіспейсіз бе?
– Былай айтқанда, ауыз толтырып айтар жаңалық болмаса, сұқбат берудің не маңызы бар деп ойлаймын. Театрдың баспасөз қызметіндегі мамандар сұқбат беру туралы айтқанда көбіне қарсы боламын, қабылдамаймын. Жалпы айтарың болған кезде ғана сөйлеу керек деп ойлаймын. 
–Демек, пиарға да онша мән бермейсіз ғой? Жалпы өнер адамы үшін пиар қажет нәрсе емес пе, сіздің қабылдауыңыз қалай?
– Жалпы әлеуметтік желілерде аса белсенді емеспін. Кейде көңілім қалағанда ғана бір нәрселер салуым мүмкін. Оның өзін өшіріп тастап отырамын. Өйткені мені көріп отыратын театр көрермені, студенттерім бар. Ыңғайсыз. Сондықтан әлеуметтік желілердегі пиардың артиске қаншалықты пайдасы барын біле бермеймін. Дегенмен маған ұнамайды. Артистің үйінде жеп отырған тамағын немесе қымбат рес­торанда отырғанын салу дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені кез келген артист басқалардан шамалы жоғары болуы керек. Театрда сахнаның өзі көрерменнен жоғарырақ орналасады. Артистер жоғарыдан өнер көрсетеді. Біз сол биікте қалуымыз қажет. Менің не ішіп, не жегенім, қандай киім кигенім, қайда барғаным көрермен үшін жұмбақ болуы керек. Өйткені көрермен мені сахна биігінен ғана көре алады. Әр артист солай ойласа, кейбір арзан пиарларға жол берілмес пе еді, кім білсін?! 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

anatili.kazgazeta.kz/news/62331


Өзге жаңалықтар