ХАН БОП ОЙЛАНҒАН ҒҰМЫР

Өнердің өзі таңдаған…

Қазақ ақыл-ойының құбыласы хакім Абай:
«Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке,
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке», –
деп күйінеді бір өлеңінде. Ондай күй кешіп, мұндай сөз айтуға да «соқтықпалы, соқпақсыз жерден» өтіп, өткелектерді кешкен өмір керек шығар. Өз ғұмырының батпан жүгін ғана емес, ұлы өнердің, сол арқылы жүрек түбіне, сана тереңіне түскен ұлт­тың қайғы-қасіретіне бойлаған өмір. Әрине, бұл арада біз бүгінгі қазақты Абаймен салыстырудан аулақпыз, десек те, Абайдың осы шумағынан ұшқан шашыранды ойлардың шеті замандасымыз, қазақ өнерінде қайталанбас тұрпатымен танылған Қазақ­станның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың тағдырын да шалары анық. Сонау ғасырлар қойнауынан, дәуірлер түкпірінен біздің ұлт жүріп өткен жолдың өрі мен ылдиын, белі мен белесін, кедірі мен бұдырын бір адамдай парықтаған өз алдына… Оны осы елдің өзімен бір кешкендей сезіну үшін жан-жүрегінде тербетіп, сана-сезімінде қайта қорытып, сол сезімдерді бастан кешіре жүріп сахнада өмір сүрудің, мүлтіксіз орындап шыққанның жөні бөлек. Ақын мен жазушы, тарихшы мен ғұлама өткен замандарға ойдың шамын жағып, сана жарығына шомдырғанды бар болмыс-бітіміне сіңіріп, қайта тірілтуді жүректің ісі демей не деуге болады? Халықтың, ұлт­тың қасиетін сіңіріп, жадын оятудағы ұшан-теңіз еңбекті ақылмен парықтап, оймен өлшемесе, қолмен ұстап, таразыға тартатын емес. Көзге көрінбегенімен адам сол жүректердегі бір тамшы рух пен сезім үшін өмір сүріп, соны қадірлеудің мәніне жетудің жолында келеді. Осындай құбылыстың өзегіне үңіліп, терең безбендеп, жан-жүрегінің көзінен өткізіп, болашаққа ұсынуды мұрат тұтып және дер кезінде ұсына да білген, ұлт­тың рухы мен сана-сезіміне қызмет етуден танбаған біз білетін бірегей қазақ, кесек тұлғаның бірі – осы Тұңғышбай әл-Тарази демеске қоймайды.
Тұңғышбай әл-Таразидың өнердегі жолы халық жадында сайрап тұрғанын оның ұлт өнері мен руханиятына сіңірген еңбегі әйгілей түседі. Өмірде кез­дейсоқ нәрсе жоқ. Қос өкпесін қысып ұстап, жүрегін қолына ала жүгірген жеткіншек өнерді таңдай ма, оны өнер таңдай ма? Шыр етіп дүниеге келген бала өміріне өзі ен сала ма, жоқ оны тағдыр арнасы бұрып ала жөнеле ме? Осы тұрғыдан келгенде біздің кейіпкерді өнердің өзі таңдағанға ұқсайды да тұрады. Өз баяндауында әулиелі Тараз маңында туған бала, ең қастерлісі, халықтың, ұлт рухының уызына жарып өскен. Ертегі, жыр-хисса, дастандарды құлағына құйып, елжіреп есейген жүрек иесі. Ата мен әженің қолында тәлім алған, «Біздің үй қой сауатын», – дейді өзі. Мұның сыртында үйге атасын іздеп келген шалдармен қалжыңдасып алатынын да қосақтапты. Өйтпесе, Тұңғышбай болмас еді.
Ерте есейгендігі шығар, Мәскеудегі атақты оқу орындарын армандағанымен, үйдің ішінің жағдайын, соңынан ерген бауырларын ойлап, Тараздағы техникалық оқу орнында қалып қойғаны. Сол шамада Әулиеатаға келген Асқар Тоқпановтың көзі басқаға емес, біздің кейіпкерге түскені – бұл өнерді емес, өнердің бұны таңдағаны, кез­дейсоқ емес. Ақын Жұматай Жақыпбаевтың: «Жүректердің билеушісі туарда, Оны иілтер жан тууға тиісті» дегеніндей, болашақ Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қайыр хан, тағы да басқа біртуар тұлғалардың кейпіне енуге тиіс тұлғаны қазақ өнері осылай таңдапты.

Қанаты ішке біткен тұлпардайын…

Тұяқтыда тұлпар туған жылқы бойын қанша жасырып тұрғанымен, бәрібір оқшау қасиеті анадайдан андағайлап тұрарын басқа білмесе де, жасымнан жылқы баққан жылқышының баласы – мен жақсы білемін. Жарықтық, жүйрік шығып топтан озар құлындардың екі көзі тас төбесінде шатынап жанып тұрғанын мың жылқының ішінен танитын қарт­тар. Аудан, облыс көлемінде бәйгеден озып келген сол жүйріктердің кейін қайсыбірін сойғанда, басқа жылқыдан бір қабырғасы артық шығып жататын. Қазақ мұны ерекше бағалап: «Қанат шықты», – дер еді. Кейде бір жақтағы қабырғасына ғана емес, екі жақ қабырғасына да бір-бірден артық қанат біткеніне куә болдық. Құстың қанаты сыртына бітсе, бір қасиеті жоғары жаратылыс біткеннің қанаты ішінде жасырулы жатады деген сөз. Өнерде де осылай бір қасиеті артық болмаса, болашақ хан-сұлтандардың рөліне тегін тұлға таңдалмайды. Бұл жерде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, өзін мойындатқаны – жеке әңгіме. Кісі бойындағы қасиет­ті киелі өнердің таңдауы мен Жаратқанның қалауы тұр. Қазақтың көнеден келе жатқан, бүгінгі біраз адам естісе – шошуға айналған аруақ ұғымы жатыр. Арқасына аруақ қонған ұлды аруақты бабалардың рухы желеп-жебегені. Маңдайын жарқыратқаны білінеді. Мұны да сонау Әулиеатада оқып жүрген бала Тұңғышбайды Асқар Тоқпановтың танығанындай, төбекөзі барлар ғана түйсінсе керек.

Тұлғалар тағдырын тірілткен таспаларда…

1980-жылдардан бастап еліміз тәуелсіздік алған алғашқы он-он бес жылдық уақыт­тағы қазақ киносы мен театрын Тұңғышбай Жаманқұловсыз елестетсеңіз көкейіңізде не қалар еді?.. Басқаны қайдам, біздің білуімізше, бұған дейін кеңес үкіметі шығармауға тырысып, бүркемелеп, тұншықтырып келген қазақ хандары мен оған жалғас Құнанбай сынды алып тұлғалар шоғыры жоғалып кетердей болады да тұрады. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында жасалған хандар галереясы! Театр мен кино өнерінде сомдалып, тұңғыш ұлт­тық теңгемізге соғылған хан Абылай бейнесі мен портреті Тұңғышбай ағаның кесек тұлғасының арқасында айбынды да асқақ көрінгендей болады да тұрады. Қазақ руханиятына сахна және экран арқылы айбынды хандар бейнесін қалыптастыруға үлес қосып, айбар-сұсы мен ержүректігін таныта білуінің өзі — ұлт­тық өнердегі ерлікке пара-пар. Ержүрек, баһадүр хандардың кейпіне ену, солар кешірген күйді басынан өткеріп, олардың рухымен өмір сүру тұлға ғұмырының азабы мен ғажабы болса керек. Олай болмаса жасынан атақ-абыройға жетіп, даңқы шыққан өнер иесі былай опынбасы анық қой:
«Бүгінгі ең басты ұстаз – қалтателефон екені ойға қалдырмай ма? Үйде де, түзде де, көлікте де, жаяу да, асүйде де, дәлізде де, күні бойы, түні бойы, тіпті әжетханада да сол телефонға үңілген жұрт… Бала-шаға да, үлкен-кіші де, тіпті емізулі нәрестеге дейін! Кітап қарау құрдымға кеткендей… Не болар екенбіз?.. «Қалтателефондарыңызды өшіріп, назарыңызды тиянақтап, келелі әңгіме тыңдайық», — деген адамға ата жауындай аларып қарайтын ұрпақ келді… Кісінің есігін сығалап, терезе мен көрпе астын аңдитын, көршісінің қанша есегі бар екенін көре алмайтын Кеңес заманының іштарлық пен қызғаныш сезімі көкірегіне кенедей жабысқан дерт­ті жамағатқа жақсы болды. Қалтателефоны бар қазағымыз ауыл-үйдің өсекші қатындарынан еш жері кем емес. Жынойнақ пен жөнді-жөнсіз кәнсерт, шуылдақ шоу, қылы да қисаймайтын қауесет-хабар жайлаған теледидар мен сыпсың-телефон ең жақын ақылшымызға, мұңдасымыз бен сырласымызға айналды. «Жау шапты!» — деген атойға атына жайдақ міне сап: «Қайда?» – деп, патырлатып шаба жөнелетін бұрынғы батырларымыздың ұрпағы төріндегі дивандарын тоздырды. Бұл — Әбіш аға көтерген мәңгүрт­тіктің заманауи тәсілі! Кезінде текежәумітке тұтқынға түскен жалғыз-жарым емес, бүгінгі бүкіл ұлт­тың мәңгүрт­тенуі осы емес пе?.. Бас терісін тақырлап алып, жаңа сойған түйенің өркешінің терісіне тұмшалаған жантүршігерлік жазадан жүз мың есе асып түскен нәубет төнгенін ұғады деген ұрпақтан айырылдық па?.. Асылы, адам баласын әу бастан өсек-аяңға құмар қылып арбаған Ібілістің арманы нәйеті бес-алты жылда-ақ іске асты! Адам Ата мен Хауа Анаға алдап ұсынған бидайдың жарты дәнінен Жерге қуылғанымыз түк болмай қалды! Енді әрқайсымызға бір-бір қалтателефон ұстатып, Тозаққа ат­тандыруда!.. Ұстаз – Ібіліс, шәкірт – Мәңгүрт! Жағаңызды ұстасаңыз да, ұстамасаңыз да шырқыраған Шындық осы! Ақырзаман жақындады, оның алапат адымын аялдату адамзат­тың, әсіресе қазақтың қолынан енді келе қояр ма екен! «Қара аспанды төндірдіңіз» дей беріңіз, кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі! Сөз – ем болудан кеткен! Атасы өлген!..» Туған топырағынан нәр алып, ес білгелі елінің тағдыр-талайына алаңдап, беймаза күй кешкен тұлғаның сөзі — бұл. «Тамаша» ойын-сауық отауынан басталған экран жолы оны өзі айтып отырған жын-ойнаққа тұсап, көкірек көзіне перде тұта алмағаны айқұлақтанады. Сахнада өмір жолына енуге тырысқан тұлғалар тағдыры есейтіп жібергенге ұқсайды. Сондай тағдырды кешірді де басынан… Тек осы ағамыздың шырқауымен ғана жүрекке жететін «Өнер адамы» ат­ты әнде: «Біреулердің оғы жоқ боп атарға, Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда», – дегенімен, осы күнге талмай жеткен ғұмырдың бәсі қашанда биік…
…Осы мақаланы сапарда жүріп, «ат­тың жалы, түйенің қомында» жаздым. Өлеңнің бір шумағы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басына қонған түні ойыма оралып еді. Кез­дейсоқ емес шығар…
…Ер керек еңсе тіктер елге еңселі,
Білмедім жарала ма шерден шері?
…қорғаған қарындасын қан-жосадан —
Желтоқсан алаңында көргем сені.

Ойыны ойсыздардың жиі осылар,
Сөзінің сабақтайтын жүйесі бар…
Кетпейтін таңдайыңнан бір сімірсең —
Тұңғышбай тұмасының киесі бар.

Байтаққа аты ұнаған, заты ұнаған,
Бұл өзі — тумысынан ақын адам.
Көңіліңнің көктемінде көгереміз —
Саңқылдап сөз саптасаң сахнадан.

Бал еміп, шабытынан шәрбат еріп,
Сыйлайтын түнге тылсым,
таңға көрік…
…Хан болып толғанатын Толағайын
Қараша жүрсе — бақыт,
Хан көтеріп…

 

 

Ғалым Жайлыбай,
ақын, ҚР Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты,

Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері

 

 

 

 

ХАН БОП ОЙЛАНҒАН ҒҰМЫР | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti


Өзге жаңалықтар