Спектакльдің қоюшы режиссері және пьесаны аударған – Ермек Аманшаев.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында белгілі драматург Дональд Ли Кобурнның "Ойыннан от шығар" трагикомедиясының премьерасы өтті.
Американың белгілі драматургы Дональд Кобурнның актерлік ойындарға ерекше мүмкіндік ашатын бұл драмасы әлем театрларында көп сахналанған. Драма оқиғасы қарттар үйінде өтеді. Тағдыр айдауымен осында тұрып жатқан Веллер Мартин мен Фонсия Дорсидің әрқайсының өткен жеке өмірі, өз бастарына жетерлік драмасы бар. Ал олардың қазіргі ортақ ермегі – карта ойнау. Джин ойынынан алдына жан салмаған Веллер Фонсиядан бір емес бірнеше рет оңбай ұтылады. Тұла бойын қызғаныш оты кернейді. Қызғаныш-әзәзіл оған тіпті билігін жүргізе бастайды, тыныштығынан айырады. Драма шиыршық атқан сайын кейіпкерлердің жан қасіреті, жан жегісі тереңдей түседі...
Қоюшы режиссері және аударған – Ермек Аманшаев. Режиссері – Алма Кәкішева. Веллердің рөлін Асылбек Боранбай, ал Фонсияны Жанаргүл Жаныаманова сомдайды.
Қойылымды тамашалаған жазушы, драматург Дулат Исабеков бұл пьесаны камералық театрлар үшін құнды материал екенін айтты.
"Екі адам да жақсы сияқты, бірақ арғы жағында Американың үлкен трагедиясы, адам баласына тән ортақ қайғы, ортақ мұң жатыр. Жолы болатын адам, жолы болмайтын адам. Танымайтын адамдар неге ұрысады, қандай моральдық хақысы бар деп ойлайсың. Екеуінің карта ойнауы "өмір ол – карта" дегенді айтып тұрған сияқты. Ойыннан от шықты. Бірде әйелді еркелетеді, бірде ұрысады. Бәрі жақсы деп айтқанмен бәрі өтірік, жалған. Екеуінің де трагедиясы бір басынан жетіп артылады. Соны көрсеткен", – деді жазушы.
Дулат Исабеков кемпірдің рөлін жас актриса Жанаргүл Жаныаманованың ойнап шығуы өзін сүйсіндіргенін айтты.
"Жігіт те сондай. Екеуі де жас актерлер. Алма Кәкішева барын салып қойған екен. Осы сияқты менің де пьесамды қойған болатын. Екі адам ғой ол да. Соған үйреніп алған болуы керек. Адамның мінезін, ішкі жан дүниесін ашып берген. Идеяны жақсы шығарған сияқты. Көңілімнен шықты. Спектакльдің көрермені болады деп ойлаймын. Кіші залға таптырмайтын ұтымды спектакль", – деді Дулат Исабеков.
Әуезов театрында "Ойыннан от шығар" трагикомедиясы сахналанды | informburo.kz