Мұхтар Әуезов театры Семейде

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай Семейге Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды Semeynews.kz

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай Семейге Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы Абай театрында 10-12 мамыр аралығында үздік спектакльдерін сахналайды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек баяндады.

— Биылғы жыл жақсы жаңалықтарға толы болып отыр. Оның бірі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы болса, екіншісі қасиетті мекен Семейдің Абай облысының орталығы болады деген шешімнің қабылдануы. Осыған орай, театрымыз Семейге арнайы келіп, көрермендерін 3 күн бойы үздік қойылымдарымен қуантпақ. Соның бірі театр режиссері Аридаш Оспанбаева қойған “Абайдың жұмбағы” спектаклі. Ұлы ақынның өзінің әлеуметтік ортасынан ерекшеленуінің, үнемі даму-кемелдену жолында болуы тиіс Адам атты ұлы құбылысты зерттеу-тану жолында “толық адам” ілімін ашуының, осылайша Хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Бұл күрделі сауалдарға Абайдың өз шығармашылығына және М. Әуезовтің атақты “Абай жолы” эпопеясының оқиғаларына сүйене отырып, өз тарапынан жауап іздейтін қойылым көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ой серіктестікке шақырады. Одан бөлек, 11 мамыр күні жазушы  Медеу Сәрсекенің  «Тендерге түскен келіншек» драмасы ал, 12 мамыр күні ақын, драматург Исрайл Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклы қойылады,-деді театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек.

 

Шара барысында театр фойесінде Ұлттық театрдың мұражай қорынан «Мұхтар Әуезов және ұлттық театр» атты көрме ұйымдастырылды.

– Көрмеге мұражай қорынан 100-жуық жәдігер қойылған. Ең құндысы Мұхтар Әуезовтің театр әртістерімен түскен суреттері, Абай спектаклін талқылау барысында Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышпаевтармен түскен бейнелері түпнұсқада сақталып, өнер сүйер көрерменге ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Әшірәлі Кенжеев пен Әнуар Молдабековтың майлы бояумен салынған порттерін де, КСРО Халық әртісі Фарида Шәріпованың киген сахналық киімдерін де алып келдік,-деді Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.

Айта кетейік, қалалықтар және қала қонақтары М. Әуезов театрының қойылымдарын 10-12 мамыр аралығында тамашалай алады.

Semeynews.kz

https://semeynews.kz/kk/news/25134/


Өзге жаңалықтар