Бернард Шоудың бұл туындысы 1912 жылы жазылған түпнұсқасы негізінде қойылған. Өмірдегі ақ пен қараның тартысы, әділдік пен әділетсіздік, бай мен кедей арасындағы алшақтық, теңсіздік суреттеледі. Қарапайым гүл сатушы Элизаның ледиге айналғанға дейінгі өмір жолы комедия арқылы өрілген. Бір қарағанда комедия болғанымен, астарында бүгінгі күннің өзекті мәселелері көрініс береді.
Басты кейіпкерлер Генри мен Элизаның таныстығы кездейсоқ басталады. Аялдама. Жаңбыр жауып тұр. Элиза жауынға қарамастан, гүлін сатып әуре. Кейіннен Элиза профессор Генридің үйіне іздеп барып, дұрыс сөйлеу мәдениетін үйретуін өтінеді. Тәкәппар Генри басында келіспегенімен, аяғында досы Пикеринг екеуі бәстесіп, қыздың өтінішін орындайды.
Қарапайым Элизаның тазалығы, адалдығы, жан дүниесінің рухани байлығы екі досты да, Генридің анасын да таңғалдырады. Элиза жаңа қырынан ашылады. Өзгереді. Бір сөзбен айтқанда, кешегі ұсқынсыз гүл сатушыны енді мүлде көрмейсіз. Бір сәт, Элизаны іздеп келген қоқыс тасушы әкесі Альфредті көргендегі дауысын естіп, «қап-ай, бұрынғы қалпына қайта түсе ме?» деп алаңдап қаласыз. Жоқ, ол қойылымның әсері ғана. Шынайылықтың, еңбектің нәтижесі өз жемісін беретіні бүгінгі біздің қоғамға сабақ болуы керек.
Комедияның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Басты кейіпкер Генри Хиггинс – Ғалымбек Оспанов, Элиза – Әсел Сайлауова, полковник Пикеринг – Жасұлан Байсалбеков, Миссис Хиггинс – Дария Жүсіп, Альфред Дулиттл – Бекжан Тұрыс және т.б сомдады.
«Менің Мұстафам!..» драма-диалогы. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов. Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Шоқайды (Горина) Күнсұлу Шаяхметова сомдады.
Мемлекетшіл тұлға Мұстафа Шоқайдың қасіретті тағдыры, мұң-шері спектакльде сүйікті жары Марияның естелігі арқылы бейнеленеді. Мария бар өмірін ерінің күрескерлік тағдырына арнаған, «Менің Мұстафам» деп рухын ардақтап өткен аяулы тұлға.
«Менің Мұстафам!..» драма-диалогының авторы Қасымхан Бегманов: «Мұстафадай тұлғаны өмірге қайта әкеліп, тірілткені үшін режиссер Әубәкір Рахимовке, Мария анамызды тірілткен Күнсұлу Шаяхметоваға алғыс айтамын. Мұстафаның қасіреті қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің қасіреті. Бұл тағдырдың ар жағында Тоныкөк, Білге қаған бабалардың ұлы сөзі жатыр. Біз Мұстафа Шоқайды іздеуіміз керек. Мұстафа –миллиондардың жүрегінде» деп, тұлға туралы үш пьеса жазғанын, артында іздеушісі, халқы барда Мұстафа Шоқай өлмейтінін тілге тиек етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов: «Біз Мұстафа Шоқайдың қадір-қасиетіне жете алмай жүрміз. Бүгінгі ұрпақ Мұстафа Шоқайдың сіңірген еңбегімен таныс болуы керек. Оның өлімі де жұмбақ. Мария Яковлеваның естелігінсіз Мұстафаны тану мүмкін емес. Ал кейіпкерді сомдаған Күнсұлудың ұғымы, патриоттық сезімі, барлығы қойылымда Мария Яковлевна болып көрінеді. Мен соған разымын» деді.
Көрерменнің көзайымына айналған Күнсұлу Шаяхметова: «Қазір көп нәрсеге жеңіл қараймыз, тарихқа тереңінен бойлап, көрерменнің көзайымына айналу өте ауыр. Ол ауырлықтан қашқан жоқпын. Бір ғана мақсат болды, ол – қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жанын құрбан еткен Мұстафадай атамыздың асыл жары Мария Шоқайдың үніменен бізге қалдырып кеткен аманатын халыққа жеткізу. Халық – сыншы, бағасын бере жатар. Маған мәтінді бойға сіңіру қиын болды. Кейін түс көрдім. Мұстафа табыттан басын көтеріп, басын изеді. Рұқсатын берген екен, тірілгені шығар деп ойладым» деді.
Қойылым аясында «Әлем таныған тұлға» атты көрме ұйымдастырылды. Мұстафа Шоқайдың еш жерде жарияланбаған суреттері, өзі пайдаланған баспа машинасы құнды жәдігер ретінде көрсетілді.
Сөйтіп, көрерменді тәнті еткен 96-театр маусымының шымылдығы аталған екі қойылыммен жабылды.
Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»
https://anatili.kazgazeta.kz/news/60672