Алматыда Орта Азия елдерінің VIII Халықаралық театр фестивалі басталды

Алматыда Орта Азия елдерінің VIII Халықаралық театр фестивалі басталды. Мәдени шара жазушы-драматург Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналды. Бір апта бойы өтетін фестивальге Қазақстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан театрлары қатысып, өнер көрсетеді.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Бұл - Орта Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің мәдени ынтымақтастығын нығайтып, театр өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейтуге бағытталған шара. Яғни, өнер иелері үшін шығармашылық идеялар алмасуға таптырмас алаң. Осы фестивальге қатысуға 60-қа жуық қойылым ұсынылған. Алайда, байқау шарттарына сәйкес, оның ішінен 11-ге жуық спектакль іріктелді. Олар бір апта бойы көрермен назарына ұсынылады. Қазақстан атынан М.Әуезов, Ғабит Мүсірепов атындағы театрлар, Ақмола облысы орыс драма театры қатысып жатыр. Атап айтсақ, тақырып пен жанрға шектеу қойылмаған. Шетелден келген театртанушылар мен еліміздің тетар өнерінің майталмандары қарашаның 7-де үздік туындыны таңдамақ.

Еркін Жуасбек, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

Бұл өзі ниеті жақсы фестиваль ғой. Қазіргі таңда түркі дүниесі деген әңгіменің өрбіп келе жатқанына қуанатын елміз. Көбісімен тіліміз бір, діліміз бір болғаннан кейін, өнер арасында тәжірибе алмасу болсын деген ниетпен ашылған. Ол фестиваль жасылып, жатса, оған осынша елден келіп жатса, бұл керек фестиваль екенін дәлелдеп тұр ғой.

Исрафил Исрафилов, театр фестивалі қазылар алқасының мүшесі (Әзірбайжан):

Театр өнерінің негізі - халықты таңқалдыру. Осында ұсынылған қойылымдардың барлығы көрерменге ерекше әсер қалдырары сөзсіз. Мұндай халықаралық шараның өткізілуі - әртістерге шығармашылығын шыңдауға үлкен серпін береріне сенімдімін.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Фестиваль аясында түрлі бағдарлама да ұйымдастырылған. Нақтырақ айтсақ, жеке меншік театрларға көңіл бөлу мақсатында әлемнің он елінен келген продюсерлер Алматыдағы кәсіпқой театрлардың өнерін тамашаламақ.

Фариза Мұсақызы

https://qazaqstan.tv/news/166215/


Өзге жаңалықтар