Халықаралық театр фестивалі шымылдығын ашты

Дәстүрлі шара қазақтың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды

Мегаполисте Орта Азия елдерінің VIII Халықаралық театр фестивалі басталды. Іс-шара Орта Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің мәдени ынтымақтастығын нығайтып, театр өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Яғни өнер иелері үшін шығармашылық идеялар алмасуға таптырмас алаң. Осы фестивальге қатысуға 60-қа жуық қойылым ұсынылған. Алайда, байқау шарттарына сәйкес, оның ішінен 11 спектакль іріктелді.

«Фестивальде түрлі бағдарлама бар. Соның бірі SHOWCASE бағдарламасы деп аталады. Тек мемлекеттік театрлар ғана емес, жекеменшік тетрларға да көңіл бөлінсін деген ниетпен әлемнің 10 елінен, Англиядан, Үндістаннан театр продюсерлерін шақырып отырмыз. Бүгіннен бастап Алматыдағы кәсіпқой театрлар да,  жекеменшік театрлар да сахнада өнер көрсетеді. Қазіргі таңда түркі дүниесі деген әңгіменің өрбіп келе жатқанына қуанатын елміз. Көбісімен тіліміз бір, діліміз бір болғаннан кейін, өнер арасында тәжірибе алмасу болсын деген ниетпен ашылған. Бұл фестиваль өтіп  жатса, оған осынша елден қатысушылар келіп жатса, мұндай шаралар бізге керек деген сөз ғой», – дейді М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Фестивальде отандық театрлардан бөлек, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінен келген ұжымдар да бақ сынайды. Ел атынан төрт бірдей спектакль қатысып отыр. Атап айтқанда,  Мұхтар Әуезов театры «Қан мен тер» драмасын, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры «Шағала» трагедиясын ұсынады. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры «Дон Кихот» трагикомедиясын, Ақмола облыстық драма театры «Көксерек» спектаклін  қояды.

«Театр өнерінің негізі – халықты таңқалдыру. Осында ұсынылған қойылымдардың барлығы көрерменге ерекше әсер қалдырары сөзсіз. Мұндай халықаралық шараның өткізілуі – әртістерге шығармашылығын шыңдауға үлкен серпін береріне сенімдімін. Қазіргі уақытта халықаралық театр фестивалі өте ерекше деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде Қазақстан тетар өнерінде өзіндік стилін қалыптастырып келе жатқан жайы бар. Осындай шаралардың көптеп өткендігі өнер адамдарын шыңдай түсері сөзсіз», – дейді Әзербайжаннан келген театр фестивалі қазылар алқасының мүшесі Исрафил Исрафилов.

Сонымен қатар, фестиваль аясында «Қазақстан сценографтарының»  көрмесі мен  жекеменшік театрлардың  көрсетілімі SHOWCASE ұсынылады. Көрмеге 20-ға жуық қоюшы-суретшілердің еңбектері қойылған. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрларда жұмыс жасайтын мамандар қатысып отыр.

Фестиваль аясында түрлі бағдарлама да ұйымдастырылған. Нақтырақ айтсақ, жекеменшік театрларға көңіл бөлу мақсатында әлемнің он елінен келген продюсерлер Алматыдағы кәсіпқой театрлардың өнерін тамашаламақ.

Тақырыпқа орай

Есенгелді ТҰЯҚОВ,

суретші:

Біздің салаға сүйіспеншілік пен жауапкершілік қажет

-Көрмеде театрларда қойылған спектакльдердің эскиздері, актерлердің образындағы киімдері қойылған. Сондай-ақ, қандай матадан тігілген, декорациялар қандай заттардан жасалғандығы туралы мағлұматтар жазылып тұр. Соңғы рет мұндай көрме 2011 жылы болған екен, одан кейін өтпеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен келген сценографтардың еңбектері қойылып отыр. Бұлардың барлығы дерлік менің шәкірттерім. Өзім осы салада жүргеніме 50 жылдың жүзі болыпты. Бүгінде міне, зейнетке шықтым. Алайда, көмек керек кезде спектакльдерге қатысып отырамын. Сценография дегеніміз өте күрделі, әрі айлығы өте аз жұмыс. Бұл салаға сүйіспеншілік, жауапкершілік қажет. Себебі, сенің туындыларың мәңгілікке сақталады. Қаншама жылдар өтсе де, актерлар өзгерсе де. Арт жағындағы декорация ешқашан өзгермейді. Ол мәңгілікке сол қойылыммен бірге жасайды.

 

Айдан БИСЕМБАЕВА,

қоюшы-суретші:

Ұйымдастырушыларға ерекше ықыласымды білдіремін

-Фестивальдің өтіп жатқанына қуаныштымын. Жастайымыздан театрда еңбек еттік. Көрмеге 3 жұмысымды ұсындым. «Папа» атты спектакль Тараз орыс драма театрында қойылған. Ғ.Мүсірепов театрында сахналанып жүрген «Құлагер», «Махаббат, қызық мол жылдар» және т.б. қойылымдарының эскиздерін әкеліп отырмын. Көрермен қауымға ұнап жатыр. Өздерінің ыстық ықыласын жеткізуде. Осы ретте ұйымдастырушыларға ерекше ықыласымды білдіремін.

Нұркен ӨТЕУІЛ,

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері:

Алматыда өткеніне ризамын

-Мен фестивальдің Алматыда өтіп жатқанына қызығып та, қызғанып та тұрмын. Халыққа керемет көңіл-күй сыйлап жатыр. Жан-жақтан өнер ордалары келді, бір-бірімен тәжірибе алмасып, театрдың бүгінгі бағытын талқылайды. Жан-жақтан сыншылар да келіп отыр. Бұл дегеніңіз үлкен оқиға!  

https://almaty-akshamy.kz/khalikaralik-teatr-festivali-shimildigin-ashti


Өзге жаңалықтар