Қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібекті» махаббат гимні десе болады. Осы эпос негізге алынған бұл туындыға да Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тербірентер қайғылы махаббаты арқау болған. Оқиғалар негізінен жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ... Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрлер де – бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан.