М.Әуезов атындағы Ұлттық

драма театры

М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театры – тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық ұжым. 1925 ж. соңында сол кездегі астана Қызылордада ұйымдастырылды. Театр шымылдығы ресми түрде 1926 ж. 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды. Алғашқы директоры Д.Әділов, қалыптасуына алғашқы режиссер Ж.Шанин көп еңбек сіңірді. Театр негізін халық арасынан шыққан таланттар Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Қ. Бадыров, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Байзақова, М.Шамова, т.б. құрады.

1929 ж. театр труппасы жаңа астана Алматыға қоныс аударды. Театрға толқын-толқын болып К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Бейісов, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, К.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ш.Айманов, С.Телғараев, А.Абдуллина, О.Жұмағұлов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Ә.Хасенов, А.Жолымбетов, С.Майқанова, Х.Елебекова, Р.Сәлменов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Г.Сыздықова, т.б. келуі жан-жақты драмалық шығармаларды меңгеруге жол ашты. 1934 ж. театрдан музыкалық студия бөлініп шығып, кейін Қазақ академиялық опера-балет театры және «Қазақконцерт» ұжымдарына айналды.

1937 ж. академиялық театр атағы берілді. Репертуар М.Әуезов, Б.Майлин,
І. Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановтардың тарихи тақырыптағы туындылары, орыс және шетел классикасымен толықты. 1940 ж. Мәскеуден кәсіби білім алып келген режиссер А.Тоқпанов «Абайды» (М.Әуезов) сәтті сахналады.

1946 ж. театр 20 жылдығында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1952 ж. «Абай» спектаклі үшін режиссер Ш.Айманов, суретші В.Голубович және актерлар Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, Х.Бөкеева, С.Қожамқұлов, Р.Қойшыбаева, Е. Өмірзақовтар КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. 1954 ж. театр труппасына Алматы, Мәскеу, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген кәсіби актерлер Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбеков, т.б. қосылды. 1958 ж. театр Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, 5 спектакль көрсетті. 1961 ж. театрға көрнекті жазушы-драматург М.Әуезов есімі берілді.

Театрдың келесі кезеңі көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов есімімен тығыз байланысты. 1965-1994 жж. аралығында араға аздаған үзілістер салып, Әзірбайжан Мәдиұлы көркемдік жетекшілік еткен отыз жыл театрдың көркемдік өрлеу кезеңі болды. Режиссерлер Б.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, А.Пашковтар қызмет еткен, Ж.Омаров, Е.Обаев, Ш.Зұлқаш, М.Байсеркенов, т.б спектакль қойған бұл кезеңде ұлттық актерлік мектеп өрісі де кеңейіп, М.Сүртібаев, З.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Ә.Кенжеев, Ә.Боранбаев, Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, Р.Машурова, Г.Әспетова, Т.Мейрамов, т.б. өнерлері жарқырады. Ә.Мәмбетов қойған «Ана-Жер ана» (Ш.Айтматов), «Ленин 18-жылы» (А.Каплер) ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын (1966,1970), «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов) КСРО Мемлекеттік сыйлығын (1974) алды. 1976 ж. театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

Еліміз тәуелсіздік алған 90-жылдарда театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге бет бұрды. Т.Жаманқұловтың «Турандот ханшайым» (К.Гоцци), «Тұзды шөл» (М.Ғапаров), Ә.Рахимовтің «Жетінші палата», «Штат қысқарту» (А.Сүлейменов), «Қилы заман» (М.Әуезов - Н.Оразалин), Б.Атабаевтың «Абай десем...», «Абылайхан» (Ә.Кекілбаев), «Мәңгілік бала-бейне» (Р.Мұқанова), Қ.Сүгірбековтің «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев - Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка - Е.Аманшаев), т.б. қойылымдарынан әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағыттағы ізденістер байқалды. Режиссер Ә.Рахимов қойған «Ситуациялар» (үш пьесаның ортақ атауы) триптихі үшін көрнекті жазушы-драматург А.Сүлейменовке ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1996).

Жаңа, ХХІ ғасыр бастауында театр М.Әуезов пьесаларының жаңа трактовкаларын іздеді. Көркемдік жетекші, ұстаз, режиссер Е.Обаев қойған «Абай» мен «Айман-Шолпан» жаңа буынмен жаңаша сөйледі. Бұл кезеңде театрдың «Томирис» (Шахимарден), «Қазақтар» (Қ.Ысқақ, Шахимарден), «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов), «Махаббат дастаны» (Ғ.Мүсірепов), «Жаужүрек» (Д.Исабеков), «Бейбарыс сұлтан» (Р.Отарбаев), «Империядағы кеш» (С.Асылбекұлы), «Қожанасыр тірі екен...» (Т. Нұрмағамбетов), «Қас-қағым» (Ж.Ерғалиев), «Ай мен Айша» (Ш.Мұртаза - Е.Жуасбек), «Ымырттағы махаббат» (Г.Гауптман), «Аршын-мал алан» (У.Гаджибеков), «Гамлет», «Ромео мен Джульетта» (Шекспир), «Апалы-сіңлілі үшеу» (А.Чехов), «Үйлену» (Гоголь), т.б. көптеген қойылымдар репертуарды байытып, жаңа есімдерді ашты.

Театр уақыт талабына сай халықаралық жобалар жасауға да ден қойды. Ресейлік белгілі драматург, режиссер Н.Птушкинаның классикалық сипатта сахналаған «Отелло» (У. Шекспир), әсіресе, литвалық көрнекті режиссер Й.Вайткустың «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып) осы бағыттағы сәтті тәжірибелер. Жаңа ғасырда театрда буын алмасу үдерісі қарқынды жүруде – актерлермен қатар режиссура, сценография, музыка мен драматургияда жаңа есімдер танылып, көрермен көзайымына айналды.

2016 жылы қара шаңырақ театрдың 90 жылдығы республикалық көлемде атап өтілді. Содан бері де театр репертуары көптеген көркем спектакльдермен толықты. Осы ретте, «Қара қыпшақ Қобыланды» (М. Әуезов), «Қыз Жібек» (Ғ.Мүсірепов), «Біржанның соңғы әні» (А.Сүлейменов), «Ақтастағы Ахико» (М.Омарова), «Сүйікті менің ағатайым» (А.Чехов), «Ғасырдан да ұзақ күн» (Ш.Айтматов), «Анна Каренина» (Л.Толстой), «Жүз жылдық махаббат» (Д.Исабеков), «Аттила мен Аэций» (Г.Томский), т.б. көптеген қойылымдары уақытпен үндес ізденістерінің көрінісі. Бүгінде театрға келген ең жас буын режиссерлер мен актерлер өнерлерімен сәтті таныла бастады.

Соңғы бесжылдықта халықаралық байланыстар көкжиегі кеңейіп, театр Лондонда, Токиода өнер көрсетті. Атақты Авиньон фестивалі, I және II «Астана» Бүкіләлемдік фестиваліне лайықты қатысты. Ең алғашқы республикадан тыс гастроліне 1928 жылы шыққан ұжым өз тарихында Мәскеу, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент, Бішкек, т.б. көптеген қалаларда мазмұнды гастрольдік сапарлар өткізсе, Иран, Франция, Корея, Германия, Түркияда, сондай-ақ, Қазан, Уфа, Тбилиси, Душанбе, Бішкек, Ташкент, Брест халықаралық фестивальдеріне қатысып, үлкен жүлделермен оралды. 1968 ж. ашылып, ұжым тарихын шетелдерде де таныстырып жүрген театр музейі бүгінде көрермендер үшін арнайы ашық залда қызмет көрсетеді. Театрдың жаңа қойылымдарын саралауға арналған дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі 1995 ж. бері жүйелі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.

95 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы академиялық драма театры үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымының биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қалтқысыз қызметі лайықты бағасын алып келеді.

2020 жылдың 20 желтоқсанында Республика Президентінің арнайы жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілді.



Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Абай даңғылы,
103, Байзақов көшесінің қилысы, 050008
Касса: 378-53-85
Қабылдау бөлмесі: 378-54-00
Баспасөз қызметі: 394-65-45, 8-778-312-84-64

Email: teatr_auezov@bk.ru
Copyright © 2020 Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры
Сайт әзірленді: Woxy