Шың басында айтылған шындық

«Жаужүректің» басталғанына да көп болған жоқ. Әрі әнші,әрі батыр, әрі балуан, әрі сері  Балуан  Шолақтың өмірі қазаққа жат емес. Балуан Шолақ бейнесін еске алған кез келген оқырман оның аңызға бергісіз әңгімелері  мен әндерін әуелі ауызға алатыны белгілі. Балуан Шолақ бейнесін көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов жазып кетті. Ал белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтың жаңа туындысы «Жаужүректе» Балуан Шолақ  бейнесі өзгеше қырынан танылады.

Ұлт-азаттық қозғалысты бастаған қазақтан шыққан батырлар аз болмаған. Солардың арасынан қаламгердің ақын әрі музыкант, композитор, сері Балуан Шолақты таңдауының да өзіндік сыры болар, бәлкім. Балуан Шолақ арқылы қазақтың болмысын, қазақ батырының бейнесін жасаған жазушы «Жаужүрек»  пьесасын әуелі «Шың басындағы шындық» деп атағысы келген екен. Бір айдан бері Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылып жүрген «Жаужүрек» спектаклінің  режиссері – Есмұхан Обаев. «Жаужүрек» туралы көрермендерде алуан-алуан пікір көп. Әуелі бұған автордың өзі не дейді екен? Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековке  бірер сауал тастағанды жөн көрдік.

- Аға, бұрын кез келген спектакль екі құраммен дайындалатын еді. Бұл жолы «Жаужүрек» 3 құраммен көрсетілді. Бұның өзіндік себебі барма?

-Буынның ешқандай себебі жоқ деп ойлаймын. Режиссер актердің шеберлігін көрсеткісі келіп, осылай әзірлеген болар.                                                                         

- Жалпы спектакльдің  негізгі идеясы не? Батырлықты көрсету ме, әлде серілікті ме?

- Әрине, Балуан Шолақтың батырлығын көрсету.

-Спектакльде Балуан Шолақтың серілігі көбірек көрсетілген сияқты көрінді бізге.

-Қандай махаббатты көріп отырғандарыңды білмеймін. Мен одан ешқандай серілікті  байқап тұрғам жоқ. Спектакльді көріп отырсаңыздар, Балуанның Атбасар уезінің бастығы Долгоносов  пен Ақмола аймағының оязы Троицкийдің  алдына кіріп баратын жері бар. Мұның өзі ерлік емес пе? Екі ояздың алдына кім кіріп  бара алады? Бүгінгі күні жәй аудан әкімінің алдына біреу кіріп  бара ала ма?! Балуанның Татьянаны алып қашуының өзі махаббаттан туындап отырған жоқ. Оны мен шарасыздықтан барды деп айтар едім. Қолында ешқандай автоматы жоқ, мылтығы мен пушкасы жоқ адам қарсылығын осылай көрсетпегенде не істейді?! Ол  сондай көзсіз ерлікке барды. Елін, жерін переселендерден осылай құтқарғысы келді.

- Автор ретінде режиссердің қойылымы ойыңыздан шықты ма?

-Есмұхан Обаевтың режиссерлік шешімі маған қатты ұнады. Соңғы қойып жүрген спектакльдерінің алды болды. Бірақ мәтінде кішкене қалып қойған тұстары бар. Әсіресе екі нәрсені қайта қостырғым келеді. Пьесада мынадай  сөздер  бар. Балуан Татьянаға: Қазақта 900 жыл бұрын Мөңке деген ақын. (450 бұрын ғой. Бырақ мен оны әдейі солай  деп алдым.) Сол Мөңкенің: «Ақыр заман  болғанда, әйел билейді» деген сөзі бар. Қазақ халқының осындай жаужүрек, талантты сері ұлдарының бар екендігіне, қазақтың мәдениетінің  мықтылығына тәнті болады. Таудағы үш күнде соны біледі, содан хабардар болады. Сауысханға сыр  шертетін туысы  бар  ғой. Соны режиссерге жалынып жүріп, әдейі қостырдым.

 - Балуан Шолақты таңдауыңыздың белгілі бір сыры бар ма? Балуан Шолақ туралы Сәбит Мұқановтың да жазғанын білеміз. Сіздің Балуан Шолағыңыздың  Мұхановтың Балуан Шолағынан айырмасы неде?

     -Рас Балуан Шолақ туралы Сәбит Мұханов та жазды. Сәбит  Мұхановтың шығармасында Балхаш та, Татьяна да бар. Бірақ Мұханов та Балуан Шолақтың Татьянаны алып қашатын сценарий жоқ. Мен соны алдыңғы қатарға шығардым да, бастан аяқ  сценаны өзімше жазып шықтым. Мұхановтың шығармасында Долгоносовтың, Троицкийдің аттары аталғанымен, Балуан Шолақ өмірде олармен кездеспейді. Мен оларды әдейі жолықтырдым. Оларды жолықтыру  арқылы қазақтың  «жабайы» емес екенін, мәдениетті ержүрек  халық екендігін көрсеткім келді. Содан кейін Татьянаның жігіті болып келетін  Михаилды  да ойдан қостым. Қазақ дейтін  халықтан  Шоқан Уәлиханов сияқты дарынды ғалым шыққандығын  Михаил ауызымен айтқыздым. Өздерің де байқаған шығарсыңдар, Михаил Татьянаны аңдып, артынан келгенде Балуанға осы сөзді айтады. Сонда Татьяна «Шоқан деген?» деп  таңданатын тұсы бар. Сонда Михаилдің Татьянаға: «Екеуің құшақтасып  тұрғанда екеуіңді де жайратып салғым келді. Бірақ Шоқан Уалиханов шыққан ұлы халықтың ұрпағы найсаптыққа бармайтын шығар деп ойладым. Сол үмітім ақталды»,- дейді.

- Михаилге  үш күн бойы аңдытып қойған тұсы  сол нанымсыздау шыққан сияқты. Сіз бұл сценаны әдейі солай жаздыңыз ба?

-  Намысшылдық туралы айтып отырсыз ғой. Балуанның мықтылығын көрсету үшін  Татьянамен әңгімелестіру қажет болды. Татьяна Балуанға ғашық болып  қана қоймайды, мықтылығына,  жаужүректігіне  тәнті болуы керек. Яғни Татьяна бетінен алып, шыға келеді екен. Бұл деген сөз Мөңке айтқандай, ақыр заманның келген кезі – дейді. Татьяна  сонда таңданып «Бұл сөздерді  сонда Мөңке ақын 900 жыл бұрын айтқан ба?»,- дейді.  Содан кейін Балуан Шолақтың өзінің жары Балхашты алып қашқандығы  туралы айтатын  тұсы  бар. Балхашты алып қашып бара жатқанында артынан тоғыз жігіт қуалап, тоғызын да сұлатып салып тастап кете береді. Бірінің тісі, бірінің аяғы, бірінің  басы  жарылып сотқа шағым түсіреді. Сонда Татьяна: «Одан кейін не болды? Тоғызы бірдей сіздің үстіңізден шағым айтты ма?»,- деп таң қалады. «Иа. Соңында сенің әкең Атбасар түрмесіне екі жылға жауып тастады»,- дейді Балуан. Осы екі сценаны Есмұханға жалынып, қайта  қостырғым келеді. Қиылып кеткен диалогты  қайта қалпына келтіріп енгізсем деймін. Балуанның осы ерлігін естігеннен кейін, Татьяна оған одан бетер ғашық бола түседі. Әрі спектакльдің де деңгейі  одан әрі  жоғарылар еді.

- Үш құрам бойынша Балуанның рольн үш актер  сомдағаны белгілі. Сіздің көңіліңізден шыққан Балуан Шолақ қайсысы?

- Ерлан Біләлдің Балуаны. Біздің ұғымымызда  Балуан Шолақ нар тұлғалы, мауша жігіт болуы керек. Мен оның пьесада нағыз жаужүрек, қайраттанған кезі 26-27 жасын алдым. Бірақ режиссердің өзінің ойы, өз шешімі болады. Актердің мүмкіндігін режиссер өзі жақсы біледі ғой. Мәселен Қажымұханның ролін Сатыбалды  Нарымбетовқа ойната алмаймыз ғой. Оны Сатыбалдының өзіне де айттым  қалжыңдап. Түйені жыққан Балуан Шолақ алып денелі палуан кісі болған. Осыны көрермендердің кейбірі айтып жатыр. Осыны да ескергеніміз жөн шығар.

Спектакльден соң көрермендердің де  пікірін білгіміз келген. Спектакль туралы көрермендер не дейді?

Бекен  Мұханұлы, көрермен:

- Спектакль өте жақсы қойылған. Намысыңды қамшылап, патриоттық  сезіміңді  оятатын  жақсы туынды. Автордың айтқысы  келген режиссер жақсы бере білген. Сахнаның  декорациясы да шебер өріліпті. Актерлердің  киімдерінде мін жоқ. Бұрын ХХІ ғасырды, ХХ ғасырдың алғашқы жылдары туралы спектакльдер көрсетсе, жұпыны ауыл, тоз-тозы шыққан киіз үй көрсетілетін еді. Бұл жолы бай декорациясымен қазақтың бүкіл болмысын, мәдениетін көрсете білді деп ойлаймын.

Махаббат Әділханқызы, мұғалім:

- Спектакль  менің көңілімнен шықты. Актерлердің шеберлігі жоғары.Үш құрамныңда ойынын тамашаладым деп айта алмаймын. Менің көргенім- алғашқы құрамның ойыны болды. Балхашты сомдаған Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Троицкийдің жарының ролін бейнелеген Назгүл Қарабалина бейнесі, Долгоносовтың жарын сомдаған Дария Жүсіп ойыны  көңілімнен шықты. Салтанат Бақаеваның да кейіпкері  сәтті шығыпты. 

ТҮЙІН.«Жаужүрек» - қазақтың ғасырдағы мәдениетінен, келе жатқан туынды. Бұл спектакльдің өн бойында қазақтың шыққан батыр, балуан, жаужүрек ұлдардың ортақ болмысы бар.

Сондықтан «Жаужүректі» көруге асығатын әрбір  көрермен тарихқа аты мәшҺұр балуан, сері, композитор ұлдарының жиынтық образын тамашалай алады дегіміз келеді. Ең бастысы автор  ойын, режиссердің көркемдік шешімін актер ойыны растай түссе, әрбір актер өзінің шеберлігін әлі де шыңдай түссе деген ой бар бізде.

Гүлзина БЕКТАСОВА

«Түркістан» газеті