Кәсібилік – заман мен уақыт талабы

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы ұйымдастырған, Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалі өз мәресіне жетті. Фестиваль Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері күніне орайластырылған бұл бастамалы шараға 500-ге жуық мәдениет қызметкерлері қатысты.

Қазақтың ең киелі бай қазыналары сақталған ҚР Ұлттық музейінде өткен шараның ашылу және жабылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Бірнеше күнге созылған фестивальдің ашылуынан кейінгі бағдарламасында ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті директоры – Әбіл Жоламанов сөз бастап, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мамандарды құттықтап, әлі де алда атқарар игі бастамалардың жаршысы әрі тілекшісі болуға шақырып, ҚР Мәдениет және спорт министрінің құттықтау xатын жеткізді. Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков барша жиналған қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтап, мәдени жаңалықтарды үнемі бақылап және тілекші болып отыратындығын атап өтті.  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі – Жұлдыз Қажыкенқызы; Алматы облысы әкімінің орынбасары – Аxан Әбдуали, т.б. зиялы қауым өкілдері жиылған қауымға түрлі мәдениет тақырыбында баяндамалар жасап, көптің көкейіндегі мәселелерді қозғады.

Мәдениет саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін көрсетуді мақсат еткен шара мәдениет пен өнер саласында істейтін барлық қызметкерлер үшін үлкен тәжірибе алмасудың мүмкіндігін тудырып отыр. Осы жолы да мемлекеттік (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) музейлер мен мемлекеттік (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар) кітапханалар саласындағы 10 номинация бойынша анықталған үздіктерге арнайы марапаттар табысталады.

Бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, тәжірибе алмасу, қоғамдық сананы жаңғырту мен мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында пленарлық отырыс, шығармашылық алаңдар, Баспасөз қызметкерлері үшін арнайы шеберлік сағаттары өтті. Оған театрымыздың «Маркетинг және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Гүлім Рысқұл қатысып қайтты. Толығырақ тарқатсақ.

Еліміздегі барлық мәдени ошақтардың баспасөз бөлімінде істейтін мамандар жиналып, ашық семинар, дәрістерге қатысып, тәжірибе алмасқан үш күн артта қалды. Мысалы, алғашқы күні, 21-мамырда баспасөз қызметкерлері «Рухани қазына – 2019» фестивалінің ашылу салтанатынан кейін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында маркетинг және PR мамандары Екатерина Романова, Айжан Құрманғалиева және Салтанат Әбдірованың дайындаған арнайы шеберлік сабақтарына қатысып, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтың атынан сертификат табысталды. 22-мамырда ҚР Ұлттық музейінде халықаралық деңгейдегі SMM жаттықтырушы Рахиля Рузахунова және 23-мамырда PR маманы Ақбота Орынбаева, Беркінбаев Олжас сияқты жоғары дәрежелі мамандардың шеберлік сыныптары өтті. Үш күндік ашық семинарларға қатысқан баспасөз қызметкерлеріне «Рухани қазына – 2019» фестиваліне ақпараттық қолдау көрсеткендері үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспасөз қызметінің жетекшісі Айдар Қырықбайұлы Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хатын тапсырды.

Театрымыздың баспасөз маманы Гүлім Жарасқызы ақпарат таратудың тиімді тәсілдері мен медиа менеджмент және PR саласында көптеген құнды мәліметтермен байып келгендігін жеткізді.  

Мәдениетіміздің негізі – білім. Ал кәсібилік – заман мен уақыт талабы.  Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырған аталмыш фестивалі мен шеберлік сағаттары Білім мен біліктілікті кәсіби шыңдауға үлкен мүмкіндік тудырғаны анық.


М.Әуезов театрының Баспасөз қызметі