ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫНЫҢ ГАСТРОЛЬДІК САПАРЫ АЯҚТАЛДЫ

94 жылдық тарихы бар, қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  Ертіс-Баян және Алтай өңіріне жасаған гастрольдік сапары  өз мәресіне жетті. 25-қыркүйек пен 8-қазан аралығында еліміздің өзге қалаларындағы көрермендермен қауышқан театр ұжымының  жолсапар жазбасын ұсынамыз.  

 

ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ ЕРТІС-БАЯН ӨҢІРІНДЕ!

 

Театр ұжымы бұл сапарға репертуардағы айшықты қойылымдарды алып барды. Атап айтқанда, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» мен Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмалары, Т.Нұрмағамбетовтың «Қожанасыр тірі екен» комедиясы, М.Әуезовтың «Абай» трагедиясы, Б.Беделханның  «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмасы.  

Павлодар-Семей-Өскемен бағытын бетке алған ұжымның бұл жолғы сапары Ертіс-Баян өңірінен басталады! Бір тәулік жол жүріп келген ұжымды  Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы қазақы дәстүрмен, ән-күймен, сырлы өлеңдерін арнап, қарсы алды. Әуезов театры ұжымы 25-28 қыркүйек аралығында Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында, 4 күнде  11 рет қойылым қойды.

Павлодар қаласына барған алғашқы күні-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алма Кәкішева, Бекжан Тұрыс және Дулыға Ақмолда «Ертіс таңы» бағдарламасында қонақта болып, сапар жайлы, жалпы қойылымдар туралы журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.  Эфирде театрымыздың және жалпы қазақ өнері жайлы орамды ойлар айтылды!

Бұл сапардың ерекшелігі, негізгі төрт қойылымнан бөлек, арнайы мектеп оқушыларына күндізгі қойылымдар ұсындық. Соның бірі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның  «Мұқағалимен сырласу» театрландырылған поэтикалық композициясы.

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры ұжымының мұзбалақ ақын – Мұқағали Мақатаевтың тағдыры мен шығармашылығына арналған драмалық қойылымы мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге тұңғыш рет күндізгі уақытта сахналанады. Театр актерларының шеберлігімен шырайы кіретін ақынның жырлары, әнмен әуелеген өлеңдері, күнделігі мен күнделікті өмірі Бақыт Беделханның ақындық зердесінде жаңаша айшықталады. «Тау – менің дәу бесігім...» деп, тебіренген таудай ақынмен жас көрермен сырласты.

Сондай-ақ, 25-қыркүйек Павлодар қаласының «Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің» ұстаздары мен оқушылары арнайы гастрольдік сапармен келген театр ұжымымен, оның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда және Гүлшат Тутовамен кездесу өткізді. Кездесу барысында ұстаздар мен оқушылар өздеріне қызықты сұрақтарын қойып, сүйікті артистерімен тілдесіп, сұхбаттасып отырғанына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Гастрольдік сапарымыздың үшінші күнінде қазақ өнерінің корифейі, театрымыздың абызы, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері – Асанәлі Әшімов көрермендер алдында жалпы Ертіс-Баян өңірінің өнерге деген ықыласына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, сапарымыздың басынан бастап театр ұжымына үлкен қолдау көрсетіп келетін, қойылымдарымызды тамашалап жүрген Павлодар облысының әкімі – Болат Жұмабекұлына алғысын білдірді! 

 

ТЕАТРДЫҢ 94 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Әуезов театрының қысқаша тарихы мен үлкен мұрасы Ертіс-Баян және Алтай  өңіріне таныстырылды. Біздің гастрольдік сапарымыздың бірден-бір ерекшелігі де осында! Театрымыздың «Музей» бөлімінің жетекшісі –  Наргиз Тамабекқызы  павлодарлық, семейлік, өскемендік көрермен үшін «ТЕАТР ӘЛЕМІ» атты арнайы көрме ұйымдастырды. 94 жылдың тарихы топтастырылған мұражайда аңызға айналған артистердің киген костюмдері, суреттері және құжаттарын жинақтап ұсынды.

Сонымен қатар, бұл көрмеде КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов,  Қазақстанның халық артисі  Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішеваның шығармашылығының фотобаяны ұсынылды.

 

АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДА

 

Гастрольдік сапарымыздың келесі аялдамасы – Алаштың астанасы,  Абай елі –  Семей қаласы болды. Семейлік көрермен де театр ұжымын құрметпен қарсы алып, әр қойылымды ерекше ілтипатпен тамашалады.

Әуезов театрының шығыстағы сапарынан хабардар болған журналистер театр ұжымын «Семей» арнасының таңғы эфиріне, бағдарламаларына және жаңалықтарына үздіксіз жариялап отырды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шынар Асқарова  және Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері – Алмас Шаяхметов  және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Омар Қыйқымов «Сәлем, Семей» таңғы бағдарламасына қонақ болып, сапар барысы жайлы сұхбат берді. Сондай-ақ, «ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ» бағдарламасына  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әуезов театры директорының орынбасары – Жалғас Толғанбай  және Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері – Ләззат Қалдыбекова қонақ болды.

Сонымен қатар, 30 қыркүйек күні Семей қаласындағы Техникалық колледж ұжымы гастрольдік сапармен келген театр артистерін құттықтап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дулыға Ақмолда мен Шынар Асқарова және театр-киноактрисасы Гүлшат Тутовамен арнайы кездесу өткізді. Студенттермен сырласпас бұрын оқу орнының директоры Сарпеков Азат Толқынұлы және өзге де мамандар колледждің жетістіктері мен ерекше мүмкіндікке ие түрлі техникалық жабдықтарымен таныстырды! . Техникалық бағытта болса да, жақсы сұрақтар қойылып, жауап алған студенттердің өнерге деген қызығушылығы ерекше.

1 қазан күні Қазақ инновациялық гуманитарлық университетінің студенттері театрымыздың артистерімен кездесу ұйымдастырды. Жастармен бірге сырлы сұхбат құрған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлер Бекжан Тұрыс, Жалғас Толғанбай, Азамат Сатыбалды және «Серпер» Жастар одағы сыйлығының иегері Аян Өтепберген және жас актриса Асель Абдыхамитова.

2 қазан күні Шәкәрім университетінің  ұстаздары мен студенттері театрымыздың артистерімен кездесу ұйымдастырды. Жиналған көпшілікпен бірге сырлы сұхбат құрып, жауап беруп отырған артистер : театр-кино актрисасы Гүлшат Тутова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Шынар Асқарова, «Серпер» жастар одағы сыйлығының иегерлеру Алмас Шаяхметов пен Аян Өтепберген.

 

Абай еліндегі Абай атындағы қазақ-музыкалы драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «АБАЙ» трагедиясы сахналанды.  Жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалап, әр шәкіртіне биік ұстаздық еткен, адами тыныс-тіршілігі, зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақты ақын өмірі. Әуезов театры жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысын айшықтайтын қойылым ұсынды!

Айта кетейік, театрымыздың директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдімүтәліұлы  театр ұжымын жер киесі – Жидебай жеріне апарды.

Театрдың 94-маусымын гастрольдік сапардан бастадық. Сапарымыз Павлодар қаласынан басталып, Семейге жалғасқан болатын. Алаштың астанасына айналған киелі Семей жеріне ат басын тірегендіктен, директор С.Ә.Әбдіхалықов бастаған Әуезов театры ұжымы Ұлылар туған өлке, қасиетті топырақ – Ұлы Абай Құнанбайұлы жатқан Жидебай жеріне барып, құран оқытып қайтты.

Ұжым Жидебайдағы ұлы ақынның музей-үйіне кіріп, гидтің көмегімен кіреберістің сол жақ қабырғасында Абайдың ата тегі Олжайдан бастап бедерленіп жазылған ғұмырбаянымен танысты. Сондай-ақ, Абай музей-үйі 5-6 бөлмеден тұрады және әрбіріне көз салсақ, Абай заманының куәсіндей көрініс берді.

Театр ұжымы Семей қаласындағы гастрольдік сапардың  соңғы күнінде осынау киелі жерге апарып, «сәлем беріп қайту» мүмкіндігін тудырған Сәбит Әбдімүтәліұлына алғысын білдірді!

 

ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ ҰЖЫМЫ АЛТАЙ ӨҢІРІНДЕ

ПАВЛОДАР ️ СЕМЕЙ ️ ӨСКЕМЕН бағытындағы сапарымыз Өскемен  қаласында аяқталады. Театр ұжымын Алтайдағы әріптестеріміз, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымы қонақжайлық танытып, күтіп алған болатын.

Театр ұжымы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрын жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, қуанышты күнінде қолдау көрсетіп қайтты. Үш театр бірігіп өткізген шараға келген көререрменнің қарасы көп. Барлық халықтың көңіл-күйін көтерген театр ұжымдарының мақсаты орындалды деуге толық негіз бар.

Алтай өңірінде, Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде Бақыт Беделханның «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмасы сахналанады. Режиссері - Әридаш Оспанбаева.  Қойылым соңында Ұлан ауданының әкімі – Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы сөз алып, қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған Әуезов театры ұжымына ризашылығын білдіріп, ҚР еңбең сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов мырзаға шапан жауып, директорымыз ҚР еңбең сіңірген қайраткері – Сәбит Әбдімүтәліұлына алғыс хат және театр ұжымына арнайы ықылас гүлін табыстады.

Сондай-ақ, 7 қазан күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері  Әуезов театры артистерімен кездесу ұйымдастырды. Атап айтар болсақ, ҚР Еңбек сіңірген артистері Айдос Бектемір мен Төлеубек Аралбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда және Шынар Асқарова студент жастармен сұхбаттасып қайтты. Еркін форматта өткен шара барысында, жастар өздерін қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап алды деуге толық негіз бар.

8 қазан жас режиссер Әридаш Оспанбаева, артистер Ғалым Оспанов және Әсел Сайлауова  Өскемен қаласындағы Алтай телеарнасы, «РАУАН» таңғы тікелей бағдарламасына қонаққа барып, театрдың гастрольдері және қойылымдары туралы сұхбат беріп қайтты. Түстен кейін
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері біздің театр артистерімен кездесті. Атап айтар болсақ, Баян Қажнабиева, Гүлшат Тутова, Алмас Шаяхметов және Ажарлым Бақытжанова. Еркін форматта өткен кездесуден соң, университет ұжымы алғысын білдіріп, қонақтармен естелік суретке түсті.

Өскемен қаласында өткен қойылымдарымызды көрермен залында қалың көпшілікпен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлы Омар мырза келіп көрді. Қойылым соңында Алтай өңіріне гастрольдік сапарға келген өнер ұжымына алғысын білдіріп, сәт сапар тіледі.

Театр ұжымы гастрольдік сапардан 10 қазан күні келіп, бірден жаңа маусымның ашылу салтанатына дайындыққа кірісті. 17-қазан күні «Аттила мен Аэций» қойылымының премьерасында біз өз көрермендерімізді күтеміз!

 

Гүлім Рысқұл