Ұлт театрының туған күні

«Бүгін мемлекеттік ұлт театрының ашылуы болады. Театр әртістері Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Үзіліс уақытында концерт болады. Театрдың директоры – Дінше Әділұлы». Бұл – тарихи дерек. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1926 жылғы 13 қаңтар күнгі санында шыққан ұлт театрының ашылуы туралы хабарландыру. Осы бір қысқа хабар қазақтың тұңғыш кәсіби театрының ең алғашқы шымылдығын ашқанын сүйіншілеген дерек.

Әрине, Ұлт театры өздігінен құрыла салған жоқ. 1925 жылдың соңына қарай сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов қазақ театрын құру жөнінде комиссия құрады. Комиссия қызу дайындық жұмыстарына кірісіп, ел ішіндегі дарындарды Қызылордаға жинай бастайды. Қызылорда сол тұстағы ел астанасы еді. Қалың қазақтың ортасынан шыққан тума таланттар С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов,  Қ.Бадыров,  Қ.Жандарбеков қатарлы актерлер театр шымылдығын тұңғыш ашты.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары аумалы-төкпелі уақыт, қилы заман еді. Алаш автономиясы күшпен таратылып, Алаш жолын ұстанған жас азаматтар жаңа құрылған большевиктер өкіметінің құрамына еніп, қызмет істей жүріп, қолындағы билікті ұлт мүддесіне қарай жұмсай білді. Осы қатарда Алаштың екінші буыны болып есептелетін Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовтің есімдері ерекше аталады. Оның себебі, осы екі тұлға ұлт театрының құрылуы мен қалыптасып дамуына үлкен үлес қосты. Сәдуақасов өнер мен мәдениет саласындағы Алаш ұстанған жолды жалғастыра отырып, ұлтты дамыған халықтар қатарына жеткізудің негізгі бір жолы ұлт театрын құру екенін жақсы білді. Сол себепті де 1925 жылдың 12 ақпанында Халық ағарту комиссары болып тағайындалған соң, сол жылдың аяғында ұлт театрын құру туралы шешім шығарып, қысқа уақыт ішінде 1926 жылдың 13 қаңтар күні қазақтың тұңғыш кәсіби театры өз жұмысын бастады. Осылайша, С.Сәдуақасовтың замана қиындығы мен қыспағына қарамастан театрдың құрылуына мұрындық болуы еліміздегі театр өнеріне жол ашты.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1926 жылғы санақ бойынша республикадағы халықтың саны 6 миллион 507 мың 077 адамға жетiп, оның 57 пайызы қазақтар болған. Яғни, ұлт театрының құрылуы жан-жақты толық пісіп-жетілген мәселе болатын. Ал, Смағұл Сәдуақасовтың досы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов театрдың қалыптасуы мен дамуына айрықша қызмет етті. Әсіресе, театрдың шығармашылық-репертуарлық қорының молаюына, театрдың кәсіби көркемдік деңгейінің өсуіне Әуезовтің сіңірген еңбегі зор болды. Мәселен, 1932-1938 жылдар аралығында Мұхтар Омарханұлы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызметін атқарған тұста мәні зор, маңызын жоймайтын пьесалар жазып қана қоймай, әлемдік драматургия жауһарларын аударып, театр репертуарын байытты. Және әркез мақалаларында ұлт театры, оның қоғамдағы ролі мен шығармашылық мәселелері туралы кеңінен толғап жазды. Биыл өзінің 91 театр маусымын ашып, ғасырлық тойына жыл санап жақындап келе жатқан театр дәстүрлі түрде әр маусымның шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып келеді. Әуезовтің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, театр өнеріне сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, 1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына есімі берілді.

Театрдың тарихы туралы айтқанда, Жұмат Шанинді атап өтпеуге болмайды. 1926-1932 жылдары театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болған Шанин театрдың қалыптасуы жолында ерен еңбек етті. Алғашқы кәсіби режиссер, драматург, сыншы, шебер ұйымдастырушы Жұмат Шанин қазақтың тұңғыш театрын шын мәніндегі кәсіби театрға айналдыра білді.

Театр әр кезеңде талантты актерлер құрамымен толығып ғана қоймай, замана ағымымен бірге шығармашылық жағынан толысып, репертуары байи түсті. Әрі қазақ өнерінің қара шаңырағына айналды. «1933-34 жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп шықты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған Абай атындағы опера-балет театры мен Республикалық Жамбыл атындағы филармония,  «Қазақконцерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары» (Ә.Бөпежанова). Әуезов театрының қара шаңырақ есептеліп, еліміздегі ең іргелі әрі жетекші өнер ордасы саналауының бір себебі – осы.

Театрдың шығармашылық тұрғыдан өсіп, жалпы халықтың ықыласына бөленіп, дарынды актерлер, режиссерлер, драматургтер шоғыры қалыптасып, театр өнерінің жұлдызы жанған шақты режиссер Әзербайжан Мәмбетовтың тұсымен байланыстыруға әбден болады. Бұл кезеңде театр толысып, қазақ және әлемдік драматургияның ең озық шығармалары сахналанып, атақты актерлердің таланты жарқырай көрінді. Соның айғағындай Әуезов театры Кеңес одағы көлеміндегі жетекші театрлардың біріне айналды.

Бұл кезеңде айтулы өнер майталмандары К.Қармысов, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ә.Мұсабекова,  С.Телғараев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов,  Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Қ.Сұлтанбаев, У.Сұлтанғазин, А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова,  Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әбзелбаева қатарлы актерлердің шеберліктері жарқырай көрініп, театр гастролмен Кеңес одағының ірі қалаларын және еліміздің барлық облыс, аудандарын аралап шықты. Театр өсіп-өркендеген осынау жылдар ішінде көптеген ордень, медальдармен марапатталды.

Ел Тәуелсіздігімен бірге театрға жаңаша леп, тың тыныс келді. Көркемдік шығармашылық тұрғыдан соны өріс, ізденістер жасалды. Тарихи тақырыптар зерделеніп, халық рухын ояту мақсатында тарихи шығармалар сахналанды және табыспен жүрді. Бұл қатарға «Томирис», «Қазақтар», «Алмас қылыш» қойылымдарын жатқызуға болады. Сонымен бірге, қоғам тынысын, замана аңысын қаузаған шығармалар да театр сахнасына жол тартты.

Театр халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, марапаттар алды. Мәселен, 1996 жылы Египетте өткен Халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінен «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклімен жүлделі оралса, 2008 жылы Қазақстан және Орталық Азия театрларының халықаралық фестиваліне «Сұлу мен суретші» спектаклімен қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 2015 жылы Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде «Қас-қағым» қойылымымен Бас  жүлдені иеленді және басқада театр фестивалдерінде жүлделі болды.

Әрдайым мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауынан шет қалмаған театр маңызды мемлекеттік іс-шараларға да қатысып, абыройлы қызмет етіп келеді. Оның бір дәлелі ретінде Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойында ашық аспан астында, жеті мың адамдық стадионды қойылған тарихи қойылымды атау болады.

91 театр маусымын табысты бастаған театрдың репертуарында 51 қойылым бар. Ай сайын 30 шақты спектакль ойналады. Мұндай репертуары аса бай, жұмыс үрдісі тоқтаусыз жетекші театр республика көлемінде жалғыз – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театры.

13 қаңтарда құрылғанына 91 жыл толатын театр ғасырға жуық уақыт аралығында бірнеше буын ұрпаққа рухани тәрбие беріп, қазақ мәдениеті мен өнері дамуының көш басында жүрді. Бұл күнде қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған ұлт театры өз көрермені үшін қалтқысыз әрі ізденіске толы жұмысын жалғастыра бермек.


  Өміржан Әбдіхалықұлы