БАҚ біз туралы

«Тендерге түскен келіншек»

Бір ғана жағдай кейде күллі дүниенің күл-талқанын шығаруы әбден мүмкін. Айталық, көлік апаты. Сүттей ұйыған отбасы ұл өсіріп, үйлендіріп, немере сүйіп отырған шағында тағдырдың тәлкегіне ұшырарын білді дейсіз бе? Бір-ақ сәтте... көлігімен зулап келе жатып сол жалғыз ұл кісі қағып кетті. Сынақ: не ата-ана бір тәулікте 100 мың доллар пара беруі керек, не жалғыз ұл темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Бір айлыққа қарап отырған қарапайым жандар ондай ақшаны қайдан таппақ?
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің биылғы маусымжабары тұсында осын­дай жаңа туындының тұсауын кесті. «Тендерге түскен келіншек» деп аталатын шығарманың аты қалай еліктірерлік болса, заты да сондай, яғни қы­зық­ты да қиын шытырман оқиғаға толы. 

Арлыны ақшалының алдында бас идірген қу заман... Қырықтың қырқа­сы­на шыққан шағында отағасы мен жұ­байының ортасына сына қаға­тын таң­дау тастап отыр. 100 мың доллар­дың құны – бірін-бірі шексіз сүйетін, сый­лайтын, отыз жылдан астам отас­қан­да шәй деспеген ерлі-зайыптылар­дың заңды некесін бұзу. Құрсағын жарып шыққан ұл үшін ана да, ұрпағы үшін әке де еріксіз көнді. Нәтижесінде адам қағып өлтірген ұл бостандыққа шықты, отанасы өзіне баяғыдан ғашық бай мырзаның жарына айналды. Ал бұл жерде ең сорлаған – барынан айырылып, намыстан елдің бетіне қарай алмай, ел кезіп кеткен қайран әке. Бұл рөлді (Таубай) екі құрамда театрдың актерлері, ҚР еңбек сіңірген қайраткер­лері Бақтияр Қожа мен Бекжан Тұрыс сомдаса, «тендерге түскен келіншек» Сағила рөлінде – Дария Жүсіп, Дана­гүл Темірсұлтанова, ара-ағайын, адвокат Жорабекті белгілі әртіс Азат Сейтметовтер сомдады. Әрине, актерлік ойын­­дар­дың шеберлігі өз алдына, яғни әр кейіпкердің тағдырын, жай-кү­йін көрерменнің жүрегіне жеткізе ой­наған актер еңбегі бір төбе, ал шы­ғарманың өзектілігі, драматургияның мықтылы­ғы, мына заманның шынды­ғын тап басуы қойылым соңында егілген жанарлар мен қошеметке толы қол ша­палақтаудан аңғарылды. Қаума­лаған көрермен ортаға қойылым авторы Медеу Сәрсекені, режиссері Ораз­хан Кенебаевты, композиторы Арман Дүйсеновті шақырды. Сөйтіп, олардың құшағын гүлге толтырып, зор риза­шы­лықпен үздіксіз қол шапалақтап, ортадан жібермей ұзақ тұрды. 

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы, қойылымның авторы: 

– Мен кәсіби драматург емеспін. Тек 25 жыл бойы ішіме сыймай, ұй­қым­ды бұзған нәрсені жаздым. Осыдан бірнеше жыл бұрын аулада демалып отырғанымда, қоқыс жәшігі­нің маңын торуылдаған бір жақсы адам­мен сөйлесіп қалдым. Қоғам олар­ды БОМЖ деп, жалпы, адам қата­рынан әлдеқайда шығарып тастаған, ал олардың ішінде қандай дерт жат­қанын білмейді ғой. Тіпті ішінен мықты кәсіби мамандар да табылуы мүмкін, аңдасаңыз. Эпизодтағы кейіпкер Сергей де бір кездері Алматының ең кере­мет ғимаратының жобасын жаса­ған архитектор еді, қазір БОМЖ. Мен осы кейіпкерді жайдан-жай қосқаным жоқ, ол, шынында да, бар адам. Басты кейіпкер Таубай секілді ол да – таза адам. Өкініштісі, тағдыр екеуін архитектор жобалаған еңселі ғимаратта не бір дастарқан басында емес, қоқыс жәшігінің түбінде ұшыра­тып отыр. Міне, менің сол кезде қоқыс маңында­ғы адамнан естіген бірауыз әңгімемнен қандай мәселе туындап, заманның ащы шындығы ашылып отыр. Кез келген адамды ақша бұзады. Тіпті отыз жыл отасқан жұбайының өзі қарапа­йым күйден бірден байлыққа күмп беріп еді, қайыршы халге түскен күйеуіне қайта айналып келгісі келмей қалды емес пе? Жарының жанын түсі­ніп тұр, қимай тұр, бірақ бай тұрмы­сы­нан айырылғысы келмейді. Кім неден айырылды? Кім таза? Әрине, өмір бойы тек адамгершілікті басты орынға қойып келген отағасы. Барынан айырылып, барын беріп, нәтижесінде жал­ғыз қалған ізгі жанға, демек, мына қоғам­да орын жоқ деген сөз ғой? Себебі бұл заманда қоғам үшін басты құн­дылық – адамгершілік емес, ақ­ша. 

Екінші перде ашылғанда – БОМЖ-ға айналған Таубай мен жұбайы Сағила кездесіп тұр. Бірі – қайыршы, екіншісі – аппақ джип мінген бай ханым. Екеуі азғана жылдар бұрын бір шаңырақ астында әй-шәй деспеген жұбайлар еді десе, кім сенеді? Бұ­рынғы күйеуіне жаны ашыған әйелі сөмке толы та­ма­ғымен қоса, «мына күйіңнен қайтшы, саған құрдасың Мырзекең (қазіргі кү­йеуі) бір бөлмелі пәтер әперем деп отыр» деп білдіріп тұр. Оған намысты жан көне қойсын ба, бір шарт қояды: «Сен сол бір бөл­мелі үйге келесің бе, мен сенің бар кінәңді кешірейін, сенен басқа әйел етегін көтергенім жоқ, адал­мын саған, сол адал қалпымда кетемін», – дейді. Не жауап алды дейсіз ғой? Сенбессіз, бірақ өз жары өзін жатырқап шыға ке­ліпті, кілт бұрылды. Пьесаның бүкіл фи­лософиясы, түйіні, міне, осы тұста жа­тыр еді. Адал адамдар тіпті қазір­гідей қоғамда да бар. Бірақ, бірақ... Қысқасы, құрметті көрермен, заман шындығын бір қоспасыз баян­даған туындыны өз көзіңізбен көріңіз. 

Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы: 

– Қойылымда бүгінгі замандағы құндылықтың өзгеруі, адамдардың соншалықты мейірімсіздігі, тіпті адам тағдырын пара шешетінін, бай мен кедей өмірінің айырмасы тұп-тура, қаз-қалпында көрсетілген. Ең бастысы, бұл жерде көзге ұрмайтын, бірақ түйсігі мол жан сезетін бір идея бар: сахна ашылғанда – әткеншекте бала отырды, екі жақтан әке-шешесі тербетіп тұрды, жабылғанда да – сол әткеншек, бірақ онда шашы ағарған, өлі жанарлы ұл отыр, екі жағынан сұп-сұр киінген біреулер әлдилеп тұр. Мұнда айтып-жеткізгісіз трагедия жатыр. Қайы­рым­сыз ұрпақ! Баланы жөнсіз, шектен тыс әлпештеу дегеннің үлкен қателікке ұрындыратынын, нәтижесінде, мінеки, барын тосқан әке-шешеге ұлдың қайы­рыла қарамауына әкеп тірейтінін көр­сетіп отыр. Бала өмірдің тәттісін ғана емес, ащысын да көруі шарт.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

http://alashainasy.kz/culture/25022/