БАҚ біз туралы

Әуезов театрының 95-маусымы "Абайдың жұмбағымен" ашылды

Бүгін, 15 қазанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры "Абайдың жұмбағы" атты жаңа премьерасымен 95-маусымының шымылдығын ашты, деп хабарлайды Egemen.kz

"Көтермесе көңілді кір басады" дейді қазақтың қара өлеңінде. Көңіл көтеру деген – ойсыз, қамсыз күлкі емес, үрейден, ауру қай жақтан келеді деген уайым мен қорқыныштан бір сәтке болса да басты алып қашып, арылу. Қазақстанның басқа қалаларында әзірге мұндай мүмкіндік туған жоқ, тек Алматыдағы біздің қарашаңырақ театрымызда ғана көрерменнің елу пайызын шақырып, спектакль көрсетуге рұқсат берілді. Сіздермен қайта қауышу мүмкіндігінің туып отырғанына біз де қуаныштымыз", деді театр директоры Еркін Жуасбек.


Жаңа маусымның басты жаңалығы, карантин мерзімінен кейін көрерменге ұсынылып отырған алғашқы спектакльдің "Абайдың жұмбағым деп аталуының өзіндік сыры бар. "Абай жолы" романының желісімен, Абайдың өз қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен белгілі жазушы-драматург Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров.
Абай рөлінде "Құрмет" орденінің, "Құлагер" сыйлығының иегері актер Болат Әбділманов.
Спектакльде Абайды бала кезінен, Зере мен Ұлжан тәрізді қос анасына еркелеп жүрген сәтінен бастап, азаматтық көзқарасы айқындалып, ұлт ақыл-ойы, руханият көсемі деңгейіне көтерілгенге дейінгі тұтас кезеңдер көрермен көз алдында тізбектеле жөнеледі. Оқиға желісі Абайдың өз өлеңдерімен өріле отырып, философиялық мазмұнының заманауи сценографиялық тың тәсілдермен байытыла түскені – спектакльдің ұтымды тұсы. Абай өміріндегі негізгі, ерекше оқиғаларды жеке көріністер түрінде алып, экспресс шолу тәрізді көрермен назарына жалт еткізіп ұсыну көзделген.
Абай – тұтас бір әлем, әлі толық игеріліп болмаған ғарыш. Абай жұмбағын шешуге ұмтылу – оның өмірлік-өнерлік баянын зерделеп байқауға деген ұмтылыс. Ұлы ақынның өзінің әлеуметтік ортасынан ерекшеленуінің, адам атты ұлы құбылысты зерттеу-тану жолында "толық адам" ілімін ашуының, осылайша Хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Бұл күрделі сауалдарға Абайдың өз шығармашылығына және М.Әуезовтің атақты "Абай жолы" эпопеясының оқиғаларына сүйене отырып, өз тарапынан жауап іздейтін қойылым көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ойсеріктестікке шақырады.
"Абайдың жұмбағы" – көпшілік сахнамен молынан қамтылған, ән-бимен толықтырылған кең тынысты, ауқымды қойылым. Жас Абайдың рөлінде Н.Қуанышбайұлы көрінсе, Құнанбайдың образында белгілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқарова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды, жас актер Ж.Қонысбай Әбдірахманның, ал Оспанның келбетін Е.Тұрысов кейіптейді.