БАҚ біз туралы

ТАМСАНДЫРАР ЖӘДІГЕРЛЕР ЖЕТЕРЛІК


М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық  драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы өнер тарландарының бүгінгі күнге дейінгі сақталған жәдігерлері жайлы әңгімелеп берді.


  Сіздердегі тарихи экспонаттарға не кіреді? Осы уақытқа дейін музейге қанша жәдігер жиналды?

– Қазіргі таңда қорда 200 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың барлығы да ұлтымыз үшін, өзіміз үшін аса құнды, қадірлі де қасиетті. Әрқайсысын бөліп-жару мүмкін емес. Себебі, сонау жылдардағы актерлердің марапаттары, медальдары, Алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақтаулы. Алайда, осы жәдігерлердің ішінде көрермендерді таңдай қақтырып, тамсандыратыны – ең алғашқы қойылым, яғни Қошке Кемеңгерұлының 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада қойылған «Алтын сақа» пьесасының «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған афишасының көшірмесі. Осы құнды дерек – қазақ театрының тарихын терең зерделеудің негізі. Соңғы жылдары қорымыз әртүрлі бейнежазбалармен толығу үстінде. Спектакльдердің бейнежазбасын да сақтап, қажет уақытта пайдалануға мүмкіндік туғызып отырмыз.

– Жәдігерлердің басым көпшілігі суреттерден тұратынын байқадық, оның мәнісі неде?

– Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысып, қайта оралмаған актерлерді көп жұрт біле бермейді. Мұражайдың бір бұрышында сол боздақтардың суреттері жинақталып, астына аты-жөні жазылған. Сол сияқты, өмірден ерте озған, артында іздеушісі жоқ, не болмаса түрлі жағдайлармен театрдан, өнерден шеттеп қалған сан қилы тағдыр иелері жайлы деректер толық болмаса да, іздеген, зерттеймін деген жандарға жол сілтер ақпараттар баршылық. Сол арқылы өскелең жас ұрпақ, студенттер, актерлер оларды танып-біліп жатады. Әр спектакльден түсірілген фотолар қоры да мол. Фотомұраларға үңілген кезде сонау театр құрылған жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, актерлер, басшылар, техникалық қызметкерлердің бейнелерін, басқа да театрға қатысты бейнелерді көресіз.

– Қазіргі театрдың құрылымын, бөлімдерінің санын, қанша маман жұмыс істейтіндігін айта отырсаңыз.

– Алғаш рет музей қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың ғимаратында бастау алды, кейінірек 1980-1981 жылдары осы жаңа ғимаратқа көшірілген сәтте жоғарыдағы екі орын музей жәдігерлеріне беріледі. Алайда, 1995 жылға дейін музейдің жағдайы нашар болды, ешкім жоғары көтерілмейді, қап-қараңғы, бәрі ескірген. Осы уақытқа дейінгі басшылар қолынан келгенше көмек берді, барлығы да музейді сақтап қалуға бар күш-жігерін салды, көмектесті. 2013 жылы театрға Еркін Тілеуқұлұлы директорлыққа келіп, бірден комиссия құрып, осы музейді жаңартуға кірісті. Жарық қосып, заманауи тұрғыда қарастырып, қайта жасадық. Барлық жәдігерді 4 кезеңге бөлдік. Кезең-кезеңімен, жыл-жылымен, барлығы хронология бойынша сақталды. Біз осы екі залды 4 айдың ішінде өзгерттік. Бірінші зал 1926–1970 жылдар аралығын, екінші зал 1970 жылдан осы күнге дейінгі аралықты қамтиды. Музейдің дизайнын театрымыздың суретшісі Мұрат Сапаров жасады. Қазіргі таңда музейде 1 қор сақтаушы, 2 экскурсия жасатушы және 1 фотограф бар. Өзіммен қосқанда 5 қызметкер жұмыс атқарамыз. Құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап келеміз.

Сұхбаттасқан Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ.

https://almaty-akshamy.kz/tamsandy-rar-zh-digerler-zheterlik/