Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық университетінің доцені:
«Сері-ағаң сахнаға жаңа шықты, әлі ойынға кіріскен де жоқ, жұрт неге дуылдап кетті?! Себебі біреу-ақ: Сері-ағаңды тағы да бір көрудің өзі қуаныш. Ол - театрға келгелі көрерменді бір өкпелетпеген асқар дарын. Көрермен жұрт бүгін Сері-ағаңның кімді ойнайтынын біліп келеді. Ол - талай көрген ойын. Қалай күлдіріп, қалай қуантарын талай көрген. Бірақ, Сері-ағаң жалықтырмайды, тойдырмайды. Көрген сайын қызықтыра береді. Көрген сайын қосары көп, ойландырары көп. Сері-ағаң сарқылмайтын, тереңнен келе жатқан тау бұлағы, кристалдай таза бұлақ…» депті ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов.
Жазушының көрегендігіне қазақтың тағы бір көрнекті жазушысы, белді драматургі Тахауи Ахтанов: «Сері-ағаң жасаған Қоңқай – кішкене адамның ұлы бейнесі ғой»,– деп риза болған екен.
Иә, бүгінгі әңгіме төркіні де, кім жайлы екенін біліп-сезіп,көзі қарақты оқырман ой құшағына беріліп отырған болар, сірә?!
Ол – Еспембет, ол– Қоңқай, Көбікті, Қарашешен, Қарабай, Талтаңбай, Мырқымбай, Қыдыш, Қыдырбай, Торсықбай, Борсықбай, Ол – Яичница, Земляника, Слай мен Педенат, Ягос пен Дон Жуан. Бұл тізімнің шеті де, шегі де жеткізбес…
Есікті жарқырай күліп, жылы қабақпен ашқан Рената Серәліқызы бізді төрге бастады. Әңгімеміздің әдемі жарастықпен басталғаны бізді де еркінсітіп тастағандай.
«Бетін ашқан Бейімбет еді
– Әкеңіздің керемет актер, ерекше талант иесі екенін көпшілік білгенімен, қандай азамат, қандай әке болғанын Сіздер, балалары ғана білетін болар?..
–Иә, біздің әкеміз жаратылысынан ерекше бір қасиет қонған, өмірін өнерден бір сәт те алшақтата алмаған талант иесі еді. Жастайынан өнерге құштар ол әжеміз Айкүннің батасымен Тройцкідегі орыс-татар мектебіне түскісі келеді. Бірақ жасы асып кеткеніне байланысты, оның үстіне өзі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын зерделі жездесінің айтуымен ағартушылық бағыттағы мұсылман мектеп-медресесінде оқиды.Одан әрі оқуын Торғайда жалғастырады да, мектеп үйінде өткен жиындарда көзге түсе бастайды. Әсіресе, ең алғаш рет Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінде жарияланған «Мұсылмандықтың белгісі» атты сықақ өлеңімен сахна атты қасиетті төрге шығады.
Сөйтіп жүргенде Қостанайда қазақ-татар жастарының ұйымдастыруымен өтетін сауық кештерге өзінің өнердегі әріптесі Елубай Өмірзақов екеуі де белсене қатысады. Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Неке қияр» сынды пьесаларында ойнайды. Кейін «Шаншар молда», «Ел мектебі», «Неке қияр», «Көзілдірік», «Қалпе», «Талтаңбайдың тәртібі» дүниелерін сахналауда өзінің режиссерлік қабілетін де салып бағады. Бұл шығармалардың барлығы сол замандағы қазақ ауылының әлеуметтік тірлік-тынысын бейнелейтін шынайы дүниелер болғандықтан, өнерге енді қадам басқан жас өнерпаздарға аса қиындық та туғызбаған секілді.
Бүкіл өмірін өнерге, сахнаға арнаған әкеміз анам Хадишамен бірге тату-тәтті ғұмыр кешті. Өте балажан болатын. Сондықтан да болар, жарық дүниеге он бала әкеліп, олардың ыстық-суығына төзіп, тәлімді өнеге-тәрбие берулері. Не нәрсені болса да екеуі ақылдасып, кеңесіп, тіпті ес біліп, етек жапқалы бізбен де санасып отыратын. Отбасында аса мейірімді, жұмсақ мінезді, қуақы әрі қарапайым жан еді. Еңбекқор болатын. Бізді де еңбекқорлыққа, ізеттілікке, бауырмалдыққа баулыды. Әке-шешенің бір-біріне деген сенімдері, сезімдері, сыйластықтары әлі күнге көз алдымызда. Анамды қатты сыйлайтын. Көпшіл еді, бізді де көпшіл болуға үйретті. Онсыз да қазақтың көпбалалы отбасылары мейірімді, бір-біріне жаны ашығыш, қайырымды болып өсетінін, өз отбасымыздан біліп-көріп өстік. Ауызбіршілік пен татулық орныққан жерде береке, бірлік болатынын үнемі ескертіп отыратын. Ол замандарда қазақ сахнасында әйел-актрисалар жоқтың қасы еді. Сонда анам да әкеммен бірге он жылдан астам уақыт сахналас-әріптес болғанын білеміз. «Өнер деген тазалықты, шынайылықты сүйеді, өнерге құштар болсаңдар, жақын болсаңдар жаман болмайсыңдар», — деп, бәрімізді қосымша музыка мектептеріне берді. Әпкем Балдырған, інім Сырым, сіңілім Салиқа және мен – пианино класына бардық. Ал Балым мен Мәриям – әкеміздің арман мүддесінен шықты. Балым Мәскеудегі ағайынды Гнесиндер институтының скрипка бөлімін бітірді. Қазір Құрманғазы атындағы консерваторияның скрипка кафедрасының меңгерушісі, профессор. Мәриям да осы консерваторияның скрипка сыныбы бойынша үздік бітіріп, бүгінде Чайковский атындағы музыка колледжінде ұстаздық етуде.
Әкемнің біз үлгі тұтатын тағы бір қасиеті, жадының мықтылығы еді. Не нәрсені болса да тез қабылдап, тез жаттап алатын. Әсіресе, кез келген қойылымға, тіпті өзі қатыспаса да спектакльді тамашалауға баратыны, сол көріністердің текстерін де жатқа айтатыны қазір ойлап отырсам, не деген керемет! Бір-екі оқығаннан жаттап алып, тіпті ара-арасында жанынан қосып, образға кіріп кететін сәттері аз емес. Менің байқампаздығымды спектакльдерден кейін хабарласып жататын таныстары да растап жатушы еді. Әкем ойнаған рөлдердің, спектакльдердің бәрін сан рет қайталап көрдім десем өтірік емес. Өйткені әр айдың сенбі-жексенбісі біз үшін театр күні болып қалыптасты. Бір жексенбі орыс драма театры, опера театры, әсіресе Жастар театры, әрине,өзі еңбек ететін акемтеатрының спектакльдерін үзбей тамашалайтынбыз. Ата-анамыз бастап апаратын-ды. Көріп қана қоймаймыз, үйге қайтарда, шай үстінде де қызу пікірталасқа ұласып жататын. Ғабиден Мұстафиннің «Миллионеріндегі» Алмат, Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында» қарт шахтер, қамқор әке Тайман, тіпті Гогольдің «Ревизорындағы» айлакер, жемқор Земляника, Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» маскүнем Сляй мен Педант рөлдері, бәрі-бәрі таныс образдар. Өзінің мол тәжірибесі мен шеберлігінің арқасында өзге елдің, таныс емес елдің өмір тіршілігін де қабылдап, өте батыл да сеніммен сахналады.
«Музыканың үнімен жақсы тынығамын» дейтін
Әнгежаны құмар-тын. Сондықтан да, әкемнің өнердегі жолын музыка саласында жалғастырудамыз. Актердің өмірі қызықты әрі күрделі. Үнемі өнерсапарлары, күнделікті кешкі спектакльдер, дайындық. Кейде шаршап келіп диванға қисайғанда біз бөлмеден біртіндеп шыға бастаймыз. Күнделікті сабаққа қоса дайындалатын музыка мектебінің тапсырмаларын да жинап қойып, әкеміз бір сәт тынығып алсын дейміз ғой. Жо-жоқ, көзін ашып алып, бізді іздейді. Керісінше, музыканың, музыкалық аспаптың үнімен жақсы тынығамын дейтін күліп. Үйдегі тыныштықты сазды әуен бұзып, көңіл күйіміз өзгеріп сала береді. Классикадан гөрі ондай сәттерде ұлттық, дәстүрлі саздарды көбірек ойнаймыз. Әкеміз лезде жадырап сала береді…
– Әкеңіздің отбасындағы әдемі үрдісін, қазақи тәрбиені балалары мен немерелері қалай жалғастыруда?
– Әкем мені қолымннан жетектеп апарып қаладағы тарихы тереңде жатқан №12 мектепке берді. Ол кезде аралас-тын. Орыс бөлімінде 40 бала да, қазақшасында 7-8 бала оқуды бастадық. Бесінші сыныптан бастап мектеп-интернатта қазақ балалары көбейіп, 8 сыныпты екі класс болып бітіріп шықтық. Мектептегі жиналыстарға үнемі әкем баратын. Жақсы оқыдым. Қуанып қайтатын. Мектепті бітірген соң Ұлттық университеттің орыс филология факультетіне оқуға түстім. Қазақ мектептеріне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін маман-педагогтар жетіспейтін. Мектепті қазақша бітіріп, орыс бөліміне оқуға түскенім де әкем үшін қуаныш болды.Профессор Ақанов, Сарыбаев сынды ғалым-филологтар дәріс оқыды. Одан аспирантураға түстім. Мәскеуде, 1950 жылы диссертацияны орыс тілінде қорғаған тұңғыш қазақ – Сайкиев Халаби Мұхитұлы жетекшім болды. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі мен әдебиетінен «Салыстырмалы грамматикадан» ғылыми жолға түстім.
Тұрмысқа шықтым. Балаларымның әкесі, филология ғылымдарының кандидаты Ахаң, Ахмет Оспанұлы Мұса Омбының қазағы. Омбыдағы қазақтар ұлттық тәлім-тәрбиеге, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыптарға керемет берілген, ұстанған. Алғаш келін болып түскенімде Омбыдағы 100 жылдық тарихы бар тарихи мешітке апарған-ды. Көзі ашық, көкірегі ояу зиялы отбасынан шыққан Ахаң балаларын өз ана тілінде оқытпаса да, отбасындағы тәрбиені, әрине, қазақша жүргізді. Оның үстіне екеуміз де тіл маманымыз. Ол кісі екі тілге де жүйрік еді. Омбы педучилищесінен кейін Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.
Тұңғышымыз Мұхтар әке-шешмнің тәрбиесінде өсті. Биолог-ғалым, Мәскеуде тұрады. Асқарымызды дәл сол жылдары енді ғана ашылып жатқан республикалық физика-математика мектебіне беруді жоспарлап, бәріміз тіл маманы болмайық, бір физик шықсын арамыздан деп үміттендік. Бірақ ол Ленинград университетінің шығыстану факультетінің араб тілі мен әдебиеті бөліміне түскенде, әкем марқұм әбден қуанды. «Араб тілін білген адам қасиетті Құранды да оқи алады ғой» деп есі шыға мәз болды. Араб тілімен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде таза сөйлейтін ол еліміздің Сауд Араб және Египет елдеріндегі елшіліктерінде қызмет атқарды. Қазір Сыртқы істер министрінің орынбасары, жауапты қызметте. Оны басқа тілдерден гөрі француз тілінің қызықтырғаны, оның да бойында музыкаға деген құмарлық болар деп ойлаймын. Өйткені есейе бастағаннан-ақ қай халықтың тілі болса да шырайлы, әдемі екенін, дегенмен француздардың сөйлеу мәнері жұмбақ бір әуезді әуенге ұқсайтынын қызыға әңгімелеп отыратын. Шынында да, байқасаңыз тілдің бәрі жақсы, жатық, ал француз тілі тұнып тұрған музыка іспетті. Ал, қызымыз Әсел – биші-балерина. Билеп жүріп аяғын ауыртып алды да, сахнаға шығуға болмайтын болған соң, Ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірді, қазір университеттің доценті. Бірнеше монографиялардың авторы.
«Адамды орта тәрбиелейді»
– Сол кезеңде қазақ зиялыларының бәрі дерлік балаларын орыс мектептеріне сүйреді. Мұны қазіргі көзқараспен сіз қалай қабылдайсыз?
–Иә,сондай заман болды. «Заманына қарай — амалы..» дегендей, жалпыхалықтық сәнге айналған тірлік болды ол.Себебі, ол жылдары, шын мәнінде қазақ мектебінде оқитындар орысша оқығандарға қарағанда жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндіктері аз болды. Қоғам солай, тіпті қажеттілік-сұраныс солай болды. Бұл ащы да болса шындық еді. Сондықтан да болар, қазақ зиялыларының көбінің балалары орыс мектебін бітіріп жатты. Оның үстіне ол кезде Алматыдағы халықтың 30 пайызы ғана қазақтар болды ғой. Халық санының аздығы болар, қазақ тілінде екі-ақ мектеп, №18 ер балаларға арналған және бүгінгі тарихы тереңде жатқан №12 мектеп қана болды. Оның өзі кейін мектеп-интернатқа айналып барып, алыс-жақын қала маңындағы ауыл балаларымен толықты.
Алөз балаларымды, мүмкін әкеміздің беделін салсақ та осы мектепке қабылдатуға болар ма еді, қазір ойласам, қоғамның қажеттілігіне орай, заманына қарай дегеннің мәнін түсінгендей боламын. Адамды орта тәрбиелейді дегеннің түп-төркіні де осыдан шығады.
Әкем осы жағдайды көп ескертіп отыратын
Рената апайымыз ойланып отырып қалды. Таяу күндері сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған қарт ғалымды терең ойдан алып шығу мақсатымен есімі неге Рената деп қойылғанын сұрадық. Ол кісіні лезде күлімсіреп шыға келді.
–Әкем өте қуақы, әзілқой жан болды дедім ғой. Бәріміздің де үйдегі күйбеңмен сыртқа шықпауымызды, отбасындағы кикілжің басқалардың көңіл-күйін бұзбауы керек екенін үнемі айтып отыратын. Есімді біліп, бойжете бастаған бұлаң шағымда осы сұрақты өзі қойды маған. «Білмеймін ғой, неге олай атадыңдар, — дедім мен де. Сөйтсем, «Революция. Народ. Труд» сөздерінің құрамасы екен. Өзі риза.
Ақыл тоқтатып, елуді еңсеріп қалған шағымда Орталық архивтің жанынан өтіп бара жатып:
–Балам, есіңде болсын, маған қатысты құжаттардың, суреттердің бәрі-бәрі осында жатыр, өз қолыммен апарып өткізгенмін, осыны ұмытпа,– деді салмақты дауыспен. «Оны неге айтып келеді» деген суық бір ой жанымды жанып өткені сонша, көзіме келіп қалған ыстық жасты көрсетпеуге тырысып теріс қарадым…
Рената Серәліқызы Қожамқұлованың аппақ жүзінен ата-анаға, әсіресе, бүкіл Алашқа сыйлы біртуар актер-әкеге деген сағынышын байқау аса қиынға соқпас еді…
Иә, Қожамқұловтың сахнадағы, қазақ өнеріндегі жетістігі, әрине, өзінің сахналас, замандас достары Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин сынды актер-азаматтармен шығармашылық бірлестігінің нәтижесі дер едік. «Амангелді», «Ақ роза», «Баку оттары», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» фильмдеріндегі жарқын бейне көз алдымыздан көлбең қағып өтіп жатты. Қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР-ның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың өнердегі өмір жолы, актерлік тәжірибесі, театрдың келелі мәселелері жөніндегі сыр-толғамдары, Серағаңның кейінгілерге тастаған ұлан-асыр байлығы дер едік. Актердің шығармашылығы, шеберлігі – бүгінгі ұрпаққа мол шежіре дерсің. Олай болса, ол мазмұны бөлек ғұмырды бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес екені тағы да түсінікті.
Сұхбаттасқан — Тана ТӨРЕҚЫЗЫ
"Алматы ақшамы" газеті.