БАҚ біз туралы

Алматыда «Абайдың жұмбағы» қойылымының премьерасы өтті

"Карантин кезінде жабық тұрған мәдени орындар біртіндеп есігін қайта ашып жатыр. Күні кеше Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры көрерменімен қайта қауышты. 95-маусым шымылдығы «Абайдың жұмбағы» қойылымының премьерасымен ашылды",- деп жазды "Курсив" ақпараттық агенттігі. 
Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған – Болат Әбділманов, Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. 
«Абайдың жұмбағын» ақпан айынан қолға алған болатынбыз. Менің ойымша, Абай бала кезінен өзінің кейін кім боларын алдын ала білген, сезген. Соны біле, түсіне тұра осы қадамға барған деген ойлар келеді... Жас режиссер ретінде үлкен сахнада осындай ауқымды шығарманы бірінші рет қойып отырмын, сондықтан көрермен өз бағасын бере жатар», – деді қоюшы режиссері Аридаш Оспанбаева. 
Спектакльге Абай өмірі өзек етіп алынған. Сахналық нұсқасын жасаған авторлардың бірі Мәдина Омарова қойылым «Абай жолы» эпопеясына сүйене отырып жазылғанын айтады.
«Біз жазушы Мұхтар Әуезовтың салып кеткен жолынан шықпауды жөн санадық. Дегенмен идеялық тұрғыдан қазіргі заманға сай, абайтанушылардың зерттеулері негізінде басқаша образын жасадық деп ойлаймын»,– деді драматург. 
Абай жұмбағын шешуге ұмтылу – оның өмірлік-өнерлік баянын зерделеп байқауға деген ұмтылыс. Қойылым ұлы ақынның өз әлеуметтік ортасынан ерекшеленуінің, адам атты ұлы құбылысты зерттеу-тану жолында «толық адам» ілімін ашуының, осылайша Хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде деген сауалға жауап іздейді. Сондай-ақ көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ойсеріктестікке шақырады.
Санитарлық талапқа сай, билет залдың 50 пайызына ғана сатылады. Көрермен театрын сағынса керек, премьераға билет жоқ. Театр басшылығының айтуынша, бұдан әрі театр қоржынындағы спектакльдер кезек-кезегімен қойыла бермек.
Одан бөлек, театр ұжымы хәкім Абайдың 175 жылдығына орай, ақынның қара сөздері негізінде жазылған «Қара» драма-диалогын көрермен назарына ұсынбақ. Бұл спектакльдің премьерасы –21 қазан.