БАҚ біз туралы

Бала кезден бір үзік сыр


Көктем шыға жер қарайып, жылғалардан су ағып, құстар сайрайтын шақты жақсы көремін. Көп ұзамай ақ бантик таққан оқушы қыздардай ағаштар да гүлдеп, адамдар да қыс бойғы қоңырқай киімдерін қызылды-жасылды көз тартар ашық түске ауыстыра бастайды. Қызықтың бәрі мамыр айында ғой. Дүркіретіп 1 Мамыр- Халықаралық ынтымақ күні мен 9 Мамыр- Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні өтеді. «Мектеп-кеме, білім-теңіз»,-десек те, оқу жылының аяқталатынын біліп, оқушылар да еркіндікті сезіне бастайды.

Дәстүр бойынша аудан орталығы Шолаққорғанда 19 Мамыр күні барлық мектеп оқушыларының қатысуымен «Пионерлер слеті» өтетін. Уақытқа қос тігуден, жүгіруден, ән-күйден, асфальтқа сурет салудан, қысқасы біраз жарыс түрлерінен байқау өтетін.
Н.К.Крупская атындағы мектеп командасының атынан осы жарыстардың бəріне болмаса да бірнешеуіне қатысуға дəмелі белсенділердің бірімін. Түсінікті болуы үшін, әңгімені үй жақтан бастайын. Сіздерде де солай ма еді? Біздің отбасымызда əкеміз бен анамыз балаларына ен салмай-ақ, еншілеп алған болатын. Əсіресе, менімен тете ағам Ерғали екеумізді. Ол - əкеміздің «бəсіресі» болса, мен - анамыздың (тəте дейтінбіз) «айрықшасымын». Əдетте, менің тарапымнан жиі болатын «Менің атым Қожа» фильміндегі (Қаракөженің) іс-әрекет пен қылықтарындағы иба мен әдет ұстанымдарынан тыс шығып кеткен кездерімде əкемнің анашыма:

-Балаңның не бүлдіргенін білемісің, енді жетпегені осы еді,- деп өзінің қолынан шыққан отызекі өрме қамшысымен майқұйрықтан сып- сып еткізген кездерде айқын көрініп қалатын.
Киімін өзі тігіп, бас киім жасатып, маңдайына 1975 деген жазуды Ерғали ағамның шаршағанына қарамай, түн жарымына дейін жаздырып, ертесіне менің «1975 ЖАҢА ЖЫЛДЫ» ойнағанымды көргенен кейін бұрынғы «Қарадомалағым», «Сылыңғырқарам», «Қараторы сүйкімдім», «Бидайыторым» деген еркелету мен еміренуінің үстіне «Білдей бір Мектептің ЖЕТПІС БЕСІ» деген атақ қосылды.

Ал ағам болса, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің табалдырығын аттағалы бері бұзықтық жасамақ тұрмақ , жауынды күні батпақта бəтеңкесіне лай жұқтырмай келетін оқушы. Жауапкершілігінің мықтылығына, үй шаруасын істегенде ши қалдырмайтын ұқыптылығына, күй таңдамайтын көмбістігіне риза болғанда əкеміз
- «Алтынсарым», «Сары алтыным»,- деп отырады.
Содан «Пионерлер слётінің» қызған шағында, «Бейбітшілік», «Достық» жəне «Еркін тақырыпқа» асфальтқа сурет салудан жарыс басталып кеткен екен, Бибіхан (Битан) апайымыз ;

 - Сенен басқа сурет салатын ешкім жоқ - деп Мəдениет үйінің алдындағы алаңда бұрқыратып салып жатқан суретшілердің арасынан біздің мектепке арналған орынды көрсетіп, қолыма түрлі - түсті борларды ұстата салды. Мақтауын мен естіп, алғысын өзім алып жүрген, мектебіміздегі ілулі тұрған, көптеген жазулар мен портреттерді салып жүрген, менің ағам Ерғали екенін Битан апайым қайдан білсін. Сұрастырып жүріп, көптің ішінен Ы.Алтынсарин атындағы мектептен келген, əкемнің «Алтынсарысын» əрең таптым. Қарасам, 1 - мамыр кезінде болса керек, плакаттан ба, открыткадан ба көрген, глобустың үстіндегі үш құрылықтың пионерлерінің біріккен, жұмылған əр түсті қолдарының суреті асфальт бетіне аумай көшкен екен. Қасындағылардың да салып жатқан суреттерін көріп, не істерімді білмей дегбірім қашты.

Үйдегі əдет бойынша, мен үшін де салып бер деу - буынсыз жерге пышақ ұрғандай болайын деп тұр. Жан қысылғанда, ертеректе сурет дəптеріме ағамның салып берген, қазбауыр бұлттар тоқтаған тау бөктеріндегі түтіні будақтаған қазан - ошақ пен самаурыны бар қарашүйі, іргесінде шылжырап ағып жатқан өзен, жоғарғы жағында жусаған малдың қасында атын бос қойып отырған қойшы, құйрығы қайқы итіне дейін көз алдыма келе қалды...
Комиссия мүшелері менің салған "туындымның" қасында біраз тұрып, көз тоқтатты. Соның өзі менің жүрегімді тулатып, демімді жиілетіп барады.

Ұмытпасам, сол кезде Пионерлер үйінің директоры Егенов Ата ағай болуы керек:
- Міне, таза қиялдан шыққан сурет. Атын жазбапсың, жарайды, "Жайлау" деп қояйық - деді. Арада біраз күн өтіп, слёттің əңгімесі ұмытылып кеткен. Үйге менен бұрын жететін мектептегі бұзықтығымды уайымдап, мысық табанмен есікке жақындап, тың тыңдасам, түскі шəйдің үстіндегілердің дауыстары жарқын, ауық - ауық күлкі шығады. Есіктен бас сұққаным сол еді, бəрі бірдей шулап қоя берді. Не болғанын түсінбеймін. Əр басылымын жібермей оқитын əкем бірінші боп көрді ме екен, білмедім. Аудандық "Молшылық үшін" газетіндегі өткен аптада өткен «Пионерлер слёті» жайлы мақаладан:

- Асфальтқа сурет салудан үздік деп табылған бірнеше оқушының фамилияларының ішінде Н.Крупская атындағы 8 жылдық мектептің 5  сынып оқушысы Маханов Жұман деген жерін оқып енді біткен екен.

- Пəреке, Сіздің балаңыздың суретші екеніне дауым жоқ. Міне, біздің бала жерге сызған жалғыз суретімен тарихта қалды, - деп күліп жатты. Бетімнен, маңдайымнан мейірлене сүйіп, бауырына қысып тұрып, маған қатысты жерін ерекше мəнермен қайта оқыды. Мен үшін, менің мəртебемді көтеру үшін оқып жатқанын түсініп, ішім жыли тыңдап тұрдым. Дəл сол сəтте Қожаның үстінде космонавттардың скафандры бар, ғарыштан енді түскен кезіндегі, мұғалімі Майқанова апайының өзінен кешірім сұрағанын елестеткеніндей менің көз алдымда бүкіл Қазақстан халқы "Молшылық үшін" газетін оқып отырғандай боп көрінді. Кенет (біздің ауылға жат) біреу есік қақты. Жүрегім су ете қалды. Сезгенімдей - ақ, сынып жетекшімнің тапсырмасымен, менің мəселемді май шаммен бірге қарауға ата - анама шақырту əкеліп тұрған сүп - сүйкімді, озат оқушы, кластасымды көргенде, оған деген нəзік сезімім бір сəтте жоғалып кетті. Үйдегілер «елшіні» төрге шақырып, ол екі оттың ортасында қалып, ойын жинақтай алмай, қалай айтарын білмей жатқанда, мен "Молшылық үшінді" қойныма қысқан күйі аяғым жерге тимей Ешмағамбет нағашымның ауласына кіріп бара жатқаным ойға оралды...

Жұмағали Маханов

актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері