БАҚ біз туралы

Әуезов театрының 95-маусымы ашылды

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 15-қазан күні 95-маусымын «Абайдың жұмбағы» спектаклінің (сахналық нұсқасын жасаған: Б.Әбділманов, М.Омарова, режиссері: А.Оспанбаева) премьерасымен ашылды. 
Жаңа маусымның ашылуына орай арнайы баспасөз конференциясы өтті. Оған театр директоры Е.Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, директордың кеңесшісі Е.Обаев, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі М.Омарова, режиссер А.Оспанбаева қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Театр директоры Еркін Жуасбек карантин кезінде көрерменмен тығыз байланыс орнатып, онлайн форматта іске асырылған театр жұмысына шолу жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Театр ютуб арнасында және әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс атқарды. Актерлер онлайн сұхбаттарға шығып, түрлі бағдарламаларға қатысты. «Ұстаз бен шәкірт», «Сахна сәулесі», «Newпоэзия», «Жәдігер» секілді жобалар оқырман мен көрерменнің көңілінен шыққан жобалар деуге болады. Театр директоры пандемияның әлі толық бітпегенін еске салып, сақтық шаралары талапқа сай сақталатынын ескертті.
– Біз биылғы маусымды Абай әлемімен бастап отырмыз. Бүгін «Абайдың жұмбағы» атты спектакльдің премьерасы өтеді. Абай – ұлы дария. Әр режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Біздің театр ұжымы да Абай әлеміне үнемі зер салып келеді. Бүгін көретін спектакльдеріңіз соның бірі. 21 қазан күні Абайдың «Қара сөздерінің» желісімен қойылатын «Қара» спектаклінің премьерасы өтеді. Соған да келіңіздер. Мәнері де, мағынасы да бөлек хакім туралы екі қойылымды тамашалаңыздар. Жаңа маусымда тың дүниелер сахналауды жоспарлап отырмыз, – деді театр директоры.
Көрермен «Абайдың жұмбағын» жылы қабылдады. Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абай шығармалары әрі Абайтанушылардың еңбектері негізінде жасалған қойылым хакім өмірінің кейбірсәттерін негізге ала отырып, Абай өмірінің құпиясын ашуға тырысады. Абайдың ішкі толғаныстары, ғалам мен адам арасындағы жұмбақ сырларға жауап іздеуі, қоғамдық ортадағы талас-тартыс – қойылымның арқауына айналған.
21 қазан күні «Қара» спектакльінің премьерасы өтеді. Сахналық нұсқасын жасаған әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.