БАҚ біз туралы

«Қар қызы» шақырады

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің желісінде қойылған режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың «Қар қызы» спектаклі көрерменге жол тартты.
Премьера алдында «Музей» бөлімінің ұйымдастыруымен «Қар қызы» спектаклінде ойнайтын артистердің галлереясы қойылды. Сонымен қатар, ақын, драматург, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаймен поэзия форматында сұхбат өтті.
«Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алсаң да адам мен табиғат арасындағы байланысты көркем тілмен керемет суреттейді. Шығыстың қытымыр қысын, сарышұнақ аязын, дүлей боранын сұлу сөзбен көз алдыңа әкеліп отырады. Осындай шығарманың бірі – «Қар қызы». Бұл көркем туындының театрда сахналанғанына өз басым қатты қуандым. Жас режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың шығармашылығына жеміс тілеймін», – деді актер Бауыржан Қаптағай.
«Қар қызы» – Оралхан Бөкейдің тырнақ алды туындыларының бірі. Бұл повесть жайлы жазушы өз естеліктерінде былай дейді: «Менің «Қар қызы» деген повесім бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ауылда мал азығы таусылып қалады да, үш жігітті тым шалғайдан трактормен шөп әкелуге аттандырады. Әкелері соғыста өлген, өздері соғыстан соң туған үш жігіт ДТ-54 деп аталатын трактормен 40 градус суықта, діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады, қар тұтқынында қалады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің екі арасындағы мәңгі аяқталмас майдан басталады... Ондағы Нұржан – өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін. Әрине, Қар қызын түсімде ғана көрдім, сыңсып салған әнін естігендей болғанмын. Бір ойдан оқушы бұл оқиғаға сенбеуі де мүмкін, ал мен сенемін», – дейді.
https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/teatr/60100/