БАҚ біз туралы

Қалыпты ережені бұзған «Қара»

Абай сынаған әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатып, «Абай өз қазағын сынап, келемежге айналдырып, мазақ еткен» деген бұралқы сөзді арагідік қоғам айдынына алып шығып, кеңірдегі созылғанша керілдесіп, дау-дамай жасауға құмарлар арамызда өріп жүр. Өз ұлтын жанымен жақсы көріп, жанашырлықпен жазғанын түсінбей тұрып, Абайды өз бойына сіңіре алмай жүріп, сөзді айдалаға ала қашатындардың тырнағынан ақынды арашалау осы жойдасыз әрекеттермен қатар жүріп келеді. Абайға шабуыл әр кезеңдерде болған, алайда заманының туы іс­петті алдыңғы қатарлы ақыл-ой иелері асқақ тұлғаны орынсыз кінәлайтындарды, оспадарсыз тір­лікті уақытында тыйып тас­тап оты­рады. Ұлттың рухани бағ­дар­ша­мы сияқты Абайды қазіргі қа­зақ қоға­мынан алыстатпаудың амалы қайсы? Мәселен, ара-тұра бұрқ етіп басылатын осы қиям­пұрыс әңгі­меге театр әлемі, сахна өнері қа­лай қарсы тұрып, азаматтық үнін қа­лай қосқан болар еді?


Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойына орай М.Әуезов атындағы академиялық драма театры қазақ өне­рінің қарашаңырағы деген қасиетті мәр­тебені арқалап отырғандықтан болар, қос бірдей қойылым ұсынғаны бір жағы, ұлтымыздың бас ақынына құрметі болса, екіншіден, әлсін-әлсін Абайға семсер, қылыш сермейтіндерге ғана емес, жалпы қауымға ақын­ның өз қара сөзін қалқан етіп, рух көтерер қуатына бойлатып, шырынын жүрек шарасына шүпіл­детіп құйып беруді діттегені анық. Бүгінгі сорақылықпен салыс­тыр­ғанда, Абай мысқылдаған, ақын қынжылған жағымсыз мінез басың­нан сипағанмен бірдей болып жай­дақ тартып қалды, содан бергі бір жарым ғасырға жуық уақыт ішін­де кешегі ақын сынаған дерт азай­мақ түгілі, керісінше қаулап өсіп, ақыры, міне, жүгенсіз кетуге айналды. Әр дәуірмен тізе тү­йіс­тіріп, қатар жү­ретін Абай сы­ны­ның да, қара сөзінің де қазаққа керек кезі дәл осы уақыт болып тұр. «Абайдың жұмбағынан» соң режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналық нұсқасын жасаған «Қара» спектаклінің іле-шала көрерменге ұсынылуының осын­дай себептері болғанын қойылымды тамашалаған адамның өзі-ақ ішкі пайымымен тұспалдаған болар еді.
«Қара» – Абайдың «Қара сөз­дері» желісімен жазылған драма-диалог. Спек­такль пікірталас фор­­масында қо­йылған. Абайдың қара сөздері негізінде жазылған спек­­такльде жалғыз кейіпкер бар. Ол – Абай және Абайдың ойлары. Ол ой­ларға пішін дарытып, жан бүр­ке­тін отыз бес актер. Спек­такль Абай­дың кейінгі ұрпаққа айтып кет­кен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәсе­лелері аясын­да қарас­тыра отырып, ұлт­тық құн­ды­лық­тарды, салт-дәстүрді, адам­­зат­тық аңсарды дәріптейді.
Қойылымның қысқа әрі нұсқа «Қара» атауынан көрермен өзі тү­­сін­ген, өзі із­деп, қажетсінген кез келген мағынаны таба алады. «Қара» «Қара сөздердің» қыс­қарған нұс­қасы ғана емес, Абай келіп, сұқ саусағын безеп, бұйрық райда әлде­­нені нұсқап, ұғындыруы үшін қаратпа мағынада алынғанын байқау қиын емес. Бәлкім, әр қазақты, әр адамды жан тартып, қара тұтып тұрғаны бо­лар, мүмкін керісінше, «аққа құдай жақ» деп, өзін періште, өзгені жау көріп, бі­рін-бірі қиянатқа шалудан шаршамаған, тіп­ті Абайдың өзін қаралаған қазақ­тың жү­регіндегі қара дақ, басынан арылмаған қа­раша тірлік... Таратып айтқан сайын тар­­қатыла беретін қо­йылымның терең фи­лософиясы осы қысқа атаудың өзі­нен басталып тұр.


Бүгінгі кезеңмен тамаша үйлесім тап­қан спектакльде міндет-мақсаты айқын­далған белгілі бір кейіпкер жоқ, оның орнына ғылым бар, ақыл бар, қайрат, жүрек бар. Ақыл, қайрат, жүректі бірлікте ұс­тау­ға үндеген гуманист ақынның өз идея­­сына беріктігі, оны мейлін­ше са­наға шегелеп, бағынуға шақыр­ғаны бар­шаның көңілін толқыт­қан сәт болды. Қара сөздерге өзек болған ұрлық, пара­қорлық, ман­­­сапқорлық, пәлеқорлық, пар­­тиягерлік, мақтан­шақтық, жал­қау­лық, қайратсыздық тағы бас­қа толып жатқан кемшілікті Абай халық­тың көзқарасы тұрғы­сы­нан сы­нап, адамгершілік пен ізгі­лікке негіз­делген жауабы мен ше­шу жолын өзі көрсетеді. Бүгін­гі кезең­нің өт­кір мәселелері, әлеу­меттік жағ­дайлар Абай­дың ойларымен астарлы мағынада бірге өріліп отырады. Режиссердің, әсі­ресе «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген сөзге айрықша назар аудар­тып, шенқұмарларды шенеген диа­логтың соңын билікті бөліскен «Хан­­талапай» ­ойынына ұластыра көрсетуі өте әсерлі сахна. Ащы әрі аянышты көріністі жүз елу жыл бұрын айтып кеткен Абай­ды осыдан кейін «қазақты сынады» деп кінәлау тіпті қисынсыз һәм күлкілі.
Драманың жүрегі – шиыршық атып шарпысқан, шым-шытырық шиеленіс, дау туғызатын оқиға десек, мұнда оның бірі де жоқ, алайда қара сөздер әр ак­тердің мінез ерекшелігі мен дауыс ырғағы арқылы түрлі бояу тауып, көрерменді жетелеп, өз-өзінен дамып, өрістеп отырады. Абайдың 41 қара сөзін актерлер жаттап алып, жарыса, кезектесіп, монолог түрінде айтып жатса, тың­даудан жалығып, басы қазандай бол­ған көрермен театрды тастап қашар еді. Нөпір сөз көрерменді жа­лықтырмас үшін режиссер әйел­дер тобы орындауындағы салт-дәс­түр айшықтарын, ән мен биді қо­йылымға үйлесімді пайдалана біл­ген. Осы арқылы ұлттық рух пен қазақы бол­мыстан ешқа­шан ай­ны­мауға, айырыл­мауға болатынын ұғын­дыр­ғысы келген режиссерлік мұрат та айқындалып тұр.
Қазақстанның халық әртісі Тұң­­ғыш­­­бай Жаманқұлов бастап шық­­қан әр­тістердің үлкен шоғыры орта буын мен кіші толқынды тұтас қам­ты­ды. Қойы­лымның қазығы болып, пікір­та­лас көрігін қыздырған белгілі сахна саң­­лақтары Бекжан Тұрыс пен Дулыға Ақмолда және Саят Мерекеұлы, Омар Қый­қымов, Мұрат Нұрәсілов, Жұмағали Ма­ха­нов, Елжан Тұрыс, Бауыржан Ман­жігітов, Ермек Бектасов, Мағжан Асаубай, Жансұлтан Қонысбай, Дәрия Жүсіп, Мадина Келгенбай, Баян Қажынабиева, Шынар Асқа­рова, Нұржан Бексұлтанова, Зәуре Көпжасарова, Индира Меңдібаева, Ләйлә Тілеуова, Ажарлым Мағзұм сынды отыздан артық әртіс әр жолы афоризмге айналған Абай қара сөзде­рінің қуатын сезіндіре түсті.


Қойылымның соңында Т.Жаман­құ­лов пен Д.Ақмолданың шаңы­рақ көте­ріп шығуы, уығы шашылып, сын­ған ша­ңы­рақты жөндеп, көтеруге тырыс­қа­нымен, екеуінің білек күші жетпей қал­тылдай, қаң­ғалақ қағуы «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» идея­сы­ның шындығына көз жеткізеді. Ер­лер тобы тұтас келіп көтеріскені сол еді, жұ­­мылған, қуатты қолдағы шаңырақ ас­пан астын мекендеген адамзаттың бір бөлшегіндей биік­тегі өз орнын нық бел­гілеп, бір­лік пен бейбітшілікке ша­қыр­ған ұран болып қалықтады. Бұл пафос емес, қазақ сахнасында жүз жылға жуық бейнеленіп келе жатқан Абай тұл­ғасын жаңа қырынан танытудың тағы бір озық үлгісі, реформатор режис­сердің ғана қия­лынан туатын батыл шешімнің бірі.

АЛМАТЫ