БАҚ біз туралы

Әуезов театрының 95-маусымы «Абайдың жұмбағымен» ашылды

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының биылғы шымылдығы «Абайдың жұмбағы» спектаклімен ашылды. Осылайша театрдың 95-маусымы ұлы ақынның премьерасымен басталды. (Сахналық нұсқасын жасаған: Б.Әбділманов, М.Омарова, режиссері: А.Оспанбаева)

Қойылым басталмас бұрын БАҚ өкілдерімен кездескен тетр ұжымы алдағы жұмыс жоспарларымен де бөлісті. Сондай-ақ, бұған дейінгі карантин кезіндегі онлайн іс-шаралар легімен де таныстырды.


  • Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мәдина Омарова:
Жалпы Абайды әр қазақ біледі. Мен де бұрыннан хакім әлемімен таныспын. Дегенмен өткен жылы «Ұлттық аударма бюросының» тапсырысымен Абайдың 100 өлеңін, 45 қара сөзін орыс тіліне жолма жол аударма жасадым. Сол кезден бастап Абай әлеміне тереңнен бойладым десем болады. Алайда аударма оңайға соққан жоқ. Шын мәнінде күйзеліске түстім. Себебі Абай әлемі тым ауыр еді. Ұлы ойшылды зерттеу үшін үлкен дайындықтан бөлек тазалық та керек-ті…
Осыдан кейін театрдан ұсыныс түсті. Мен қуана қабыл алдым. Пьессаға «Абай жолы» роман-эпопеясы және басқа да зерттеулерді негізге ала отырып жазылды. Бұл жерде ақын өміріндегі басты құнды, құнарлы дүниелерді актер – Болат Әбділманов ағамыз жинақтап берді. Мен тек соларды сахна тілінде сөйлеттім. Бұдан бөлек Абайды зерттеушілерімен де тығыз жұмыс жасадық.

  • Режиссер Аридаш Оспанбаева:
«Мен бір жұмбақ адаммын» – деп, өз өлеңінде айтқандай Абай жұмбақ жан. Оның жұмбағы тек бір ғана тақырыптан немесе бір ғана саладан тұрмайды. Ақынның жұмбағы мен қырлары өте көп. Бұл ретте оның барлық жұмбағын аша алдық деп те айта алмаймын. Оның үстіне бір ғана қойылымға ақын болымысын сиғызу мүмкін де емес. Дегенмен барынша тырыстық. Кемеңгер болмысын ашуға жаңаша стильдер мен тәсілдерді пайдаландық. Сахнаға айнаны қойдық. Оның сиволикалық шешімдері болады. Ол – Құдайдың көзі болуы мүмкін… Жалпы айнадан адамның жан-дүниесін көруге болады. Ал Абай өз тағдырын көреді. Жас ақын болашағын көре білген. Біз соны сомдауға тырыстық. Енді мұның барлығын көрерменнің еншісіне, пайымына қалдырайық. Ең бастысы рухани азық аларыңыз сөзсіз.
Иә, бұндай жаңашылдықтар кейбір кісілерге, көрермендерге ұнамауы да мүмкін. Мен кез келген сынға дайынмын. Алайда сын болды екен деп алдағы уақытта бұл қойылымға күрделі өзгерістер енгіземін деп те айта алмаймын. Құрылымы осы бойынша қалатын болады деп ойлаймын.


Алайда спектакльден соң көрермендер пікікіріне жүгіндік. 7 ай бойы театр сағынан жұрттың біразына бұл қойылым ерекше әсер етсе, енді бір бөлім жұрттың «тоймай» қалғаны да белгілі болды. Көбінесе «Абай образы, жұмбағы толық ашылыпты, жалғастыру керек» – деген сыңайлы пікірлер айтылды. Әрине олқылық та, пікірлер қайшылығы да болуы әбден заңдылық. Бұл алдағы уақытта «Абай көшіне» оң бағыттар сілтемесе, кері әсерін тигізбесі анық. Шын мәнінде Абай бір қойылымға симайтын тұлға.

Осы орайда 21 қазан күні Абайдың «Қара сөздерінің» желісімен қойылатын «Қара» спектаклінің премьерасы өтетінін де хабарлаймыз. Абайға «қанбай» қалған көрермен болса осы қойылымды көруге шақырамыз. Сахналық нұсқасын жасаған әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

Ақпарат ainalain.info ақпараттық сайтынан алынды.