БАҚ біз туралы

ОЛ ЖАСТАРҒА СЕНЕТІН

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі

Мен неден қорқамын?

Бірде маған: «Осы сіз неден қорқасыз?» – деген бір қиғаш сұрақ қойылды.
Құлақ бұрауы қолға дөп келген домбыра се­кілді ағытылдым да кеттім. Оған бір салмақты себеп те бар еді. Енді соған көшейін.
Астанада өтетін үлкен бір концерт­тік бағдар­ламаның шаруасы­мен таңертеңгі сағат тоғызда бір үлкен шенеуніктің қабылдауына бардым. Қарама-қарсы бөлмеде отыратын көмекшісінің есігі ашық тұр екен. Алдымен соған басымды сұғып:
– Ассалаумағалейкүм! – дедім даусымды созып.
Байқамаппын, теле­фонмен сөйлесіп отырған көрінеді. Менің сәлеміме пысқырып та қараған жоқ. Қап әттеген-ай, асығыстық жасаған екен­мін-ау деген ой келді. Бірақ, енді, берген сәлеміңді қайтарып ала алмайсың ғой. Дәлізде біраз тосылып тұрып қалдым. Оның үстіне әлгі көмекші мекеменің жұмысына мүлде қатысы жоқ бір досымен әңгімелесіп жатыр. Өткенде болған туған күн, одан кейінгі әлдекімдердің өкпе-реніші, қаңқу сөзі сияқты ұсақ-түйек бірдеңелер.
Құлақты бітеп тұра алмайсың. Амал жоқ, естисің. Естіген сайын ішіңде бір қарсылық оянып, тыпырши бастайсың.
Жап-жас жігіт. Шамасы, жиырма бес пен отыздың арасында болар. Сықиып ақ көйлек, қара костюм киген. Галстук таққан. Сырттай қарағанда, тұла бойында бір мін жоқ. Мемле­кеттік қызметтегі пысық жігіт.
Менің күтіп тұрғанымды сезді білем, он-он бес минуттан соң теле­фондағы әңгімесін доғарып, дәлізге шықты. Сөйтті де:
– Иә, сен кімге кеп тұрсың? – деп арп ете түсті маған.
– Әй, қарағым… Сен демегін, сіз деп сөйлегін, – дедім мен де кеудемді көтеріп. –Мен сенің әкеңнен үлкен адам шығармын. Өз шаруаммен емес, мемлекеттің жұмысымен келіп тұрмын. Мына кісіге кіріп, соны айтып шығуым керек.
– Жарайды, – деді әлгі жігіт басын кекжең еткізіп. –Лекцияңызды кейін оқырсыз… Бүгін ол кісі ешкімді қабылдамайды.
– Сонда сен менен қайдан келіп едіңіз, қандай жұмыспен кірмек едіңіз деп те сұрамайсың ба?
– Жоқ. Болмайды. Айттым ғой сізге, жүре беріңіз!..
– Әй, сен не, – дедім енді мен де тарс кетіп, – осында келген кісілерге «жүре бер», «кете бер» деп, барлық мәселені шешіп отырсың ба?! Ой, көргенсіз! Саған ерегіскенде мен енді кетпеймін! Күтемін!
Осы кезде есік алдындағы айқай-шу құлағына жеткен болуы керек, іште отырған бастық қоңырауды басты. Ол лып етіп кіріп кетті де, артынша «Сізге кірсін деп жатыр» деп атып шықты.
Басекең орнынан тұрып, күлім­сіреп: «Оу, не болды, аға?!» – деп қарсы алды. Әлгі көмекшінің салқын қабағынан көңілім суып қалған мен:
– Әй, бұларың не? – деймін рен­жіп. –Аты жоқ, жөні жоқ, есік алды­нан қақпайлап «Жүре бер!» дейді.
– Ә-ә, бізде ондай-ондай болады! – деп үлкен шенеунік арқасын кеңге салып, қарқ-қарқ күлді.
Маған ол өзінің көмекшісін айып­тап емес, керісінше, қуаттап, қайрап, айтақтап тұрғандай көрінді…
Міне, жаңағы: «Сіз неден қор­қасыз?» – деген сұрақтан соң осыны айтып, бүгінгі жастардың тәлім-тәрбиесі, келешегі туралы ағымнан жарылып, көкейде жатқан біраз сырды қозғасам керек.
Ең қорқыныштысы сол: ертеңгі күні әлгі көмекші қызмет баспалдағымен өрлеп, өз бастығының орнына келеді емес пе?! Сонда ол жұртты қалай қабылдайды? Халықтың жайын қалай түсінеді?..
Осы бір сұхбат баспасөзде жарияланған кезде қайран Әшекең – белгілі театр сыншысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, елге еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Әшірбек Сығай ренжіп:
– Оу, Досаға, мұныңыз қалай? – деп телефон шалды. – Сіз де бүгінгі жастарға ренжіп жүрсіз бе? Болмайды ол… Болмайды. Ондай-ондайды сол жерде, табан астында жөнге салу керек. Бірақ, баспасөзде жар салудың қажеті жоқ!
Төребайдың жалғыз ұлы

Ол мені Досаға деп атайтын. Себебі, одан біраз жас үлкендігім бар. Бірақ, Әшірбек секілді жайсаң, әзілқой, ақ көңіл азаматқа ол бөгет емес.
Үй-ішімізбен, табақ-аяғымызбен араласқан өте жақын дос болдық. Әшірбектің отбасы ол кезде Горький көшесіндегі (қазіргі Жібек жолы) үйде тұратын. Пәтері өте кең. Үлкен залы бізге атшаптырымдай болып көрінетін.
«Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі берген үй ғой!» деп жымиып отырушы еді Әшекең.
Міне, сол үлкен залда түнімен бір жылқының етін боршалап, жіліктеген кездеріміз болды.
Оның мәнісі былай: кешкілік жұмыстан үйге келсем, Әшекең телефон соғады.
– Досаға, ел жақтан бір соғым келген екен. Соны көріп, Төребайдың әбден еркелетіп өсірген жалғыз баласы не істерін білмей, басын қасып тұр! – деп сылқ-сылқ күледі. – Өзің келіп жайғастырып бермесең, өзгеге сене қоятын түрі жоқ.
Төребай – Әшекеңнің өз әкесі. Ел ішінде өте балажан, мейірімді кісі деген атағы жайылыпты. Жалғыз ұлын, осы Әшекеңді арқасынан тастамай, еркелетіп өсірген көрінеді.
– Әй, менің үйге жеткенім осы қазір ғана… – деймін мен аз-кем мұрсат сұрағандай болып.
– Білем, білем! Шаршап келдіңіз. Енді біздің үйде ет боршалап отырып рақаттанып бір демаласыз. Екеуміз ән саламыз. Күләш қуырдақ қуырады.
– Әй, жарайды! – деймін мен Әшекеңнің әзілінен соң шарша­ғанымды мүлде ұмытып.
Сөйтіп, олардың үйіне келемін. Әлгі үлкен залдың ортасындағы үйіліп жатқан жас етті көремін. Мен сияқты малшының баласына оны бөліп, жіліктеп тастау дегеніңіз соншалықты бір мехнаты мол шаруа емес.
Алайда, Әшірбектің әзілі, ара-арасында сыңғыр ете қалатын хрусталь рюмкалардағы шараптың қуаты, екеуміз салатын Жаяу Мұса әндерінің ерекше ләззаты бізді таң атқанша отырғызады.
Беу, шіркін, көзден бұл-бұл ұшқан сол бір күндер-ай!
Қайран, Әшірбек – жараты­лысынан сері, жампоз жігіт еді-ау!..
Жалғыз ұлын төбесіне көтеріп, бетінен қақпай өсірген әке жүрегіндегі шексіз сүйіспеншілік пен мейірімнің әсері ме, кім білсін, Әшекеңе еркелік те, серілік те ерекше жарасып тұрушы еді.
Сонымен қатар ол өзінен кейінгі інілеріне, балаларына, келіндеріне, жалпы, жас ұрпаққа сондай мейірімді, аса қамқор еді.
Талантты қорғау
Өнер академиясында ректор болып тұрғанымда Темір деген студент жігіттің үстінен көп шағым түсті.
Алғашқы сабаққа келмейді. Ұйықтап қалады. Кейінгі сабақтарға қатыс­пайды. Қашып кетеді. Кейбір емтихан­дарды тапсырмайды…
Қысқасы, ұстаздар зар жылайды. «Ойбай, мынау маман болмайды!», «Маман тұрмақ, адам болуының өзі екіталай!» дейді.
Хош, не керек, ақыры біз Темірді Өнер академиясынан шығаратын болдық. Басқа амал жоқ. Оған айтыл­ған ескерту, сөгіс, академиялық демалыс дегендеріңіз әне, бір бұрышта қап-қап боп үйіліп жатыр.
Темірдің әкесін танимын. Жез­қазған қаласындағы С. Қожам­құлов атындағы музыкалық драма театры­ның бас режиссері, директоры. Қазақстанның халық әртісі. Елге танымал тұлға.
Ал баласы болса, мынау!..
Кенет Әшекең, біз мүлде күтпеген жерден осы Темірге жан-тәнімен болысып, араша түсті.
«Неге?» дейсіз бе?
Себебі, ол: «Талантты бала!» – дейді.
«Рас. Оған дауымыз жоқ. Бірақ, академияның да өз заңы, өз тәртібі бар емес пе?!» дейміз біз.
«Рас. Оған менің де дауым жоқ, – дейді ол алған бетінен қайтпай. – Бірақ, талантта мінез деген болады!».
Сөйтіп, кезінде өзі де Өнер академия­сында ректор болып қызмет істеген Әшекең студенттерден пікір жинап, ұстаздармен мәмілеге келіп, ақыры, Темірге араша түсіп, оқудан шығартпай, алып қалды.
Міне, сол Темір кейін әкесінің орнын басып, театрдың бас режиссері, директоры болды. Есімі елге белгілі тұлға, ұжымға сыйлы, жақсы басшы атанды. Үйленген. Өте тәртіпті жігіт. Кей-кейде маған: «Әй, осындай талантты, асау жігіттердің арынын басу үшін ертерек үйлендіріп, жақсы келіннің алтын қазығына байлап қою керек екен-ау!» – деген де ой келеді.

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ

"Алматы ақшамы" газеті.