БАҚ біз туралы

ҮМІТ ҮЗІЛМЕЙДІ

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі

Танысу. Тәуекел ету.
Немат аға бізді, расында да, қуа­нып қарсы алды. Есіктен кірген бетте әзілдеп, бір күлдіріп алды. Даусы да, қимылы да ширақ; өзі отырған қос дөңгелекті арбаны қолымен зырыл­дата айдап, қонақ күтетін үлкен бөлмеге қарай бастай жөнелді.
Әңгіме жалғасып, әзіл-қалжыңмен шай ішіліп бола бергенде мен ағамызға өзімнің қандай шаруамен келіп отырғанымды айттым. Ол кісі зейін қойып тыңдап алды да:
— Әй, Еске, айналайын, мен өмірі пьеса жазып көрмеген адаммын ғой, — деп жадырап күлді.
Бұл, әрине, үзілді-кесілді бас тарту емес. Сондықтан да, мен енді өз ойымды тарқатып, барынша түсінікті етіп жеткізуге тырыстым: қазақ театрында да, киносында да инс­ценировканың алатын орны ерекше. Өз классиктерімізбен бірге көрші елдің классиктерінің де шығарма­ларын сахналауға құмбылмыз. Айталық, қырғыз әдебиетінің алыбы Шыңғыс Айтматовтың шығармалары қазақ театрында қандай тамаша қойылды десеңізші. Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған «Ана-Жер-ана» спектакліне әншейінде бізге мұрнын шүйіріп қарайтын мәскеулік «таландардың» өзі таңқалды емес пе.
Өмірде ғана емес, өнерде де әр кезеңнің өзіндік талабы болатыны анық. Сол себепті, бүгінгі көрерменге сіздің шығармаларыңыздағы ойды, жас ұрпаққа арнап ағыңыздан жарыла айтқан ағалық сырыңызды жеткізу қажет деп ойлаймын. Өйткені, сіз ата-баба дәстүрін, ұлттық құндылықтарды қастерлеп, терең түсіну арқылы тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екендігін өз шығармаларыңызда ту етіп көтеріп отырған ғалым адамсыз.
Бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа сол ойларыңызды сахна тілімен жеткізу, көрермен қауымның көз алдынан өткізу мейлінше сауапты да сауатты іс болар еді. Менің режиссерлік түйсігім осылай дейді…
Немат аға ойланып қалды. Әйтсе де басын шайқап, әлі де болса тәуекелге бел буа алмай отырған жандай күдіктеніп:
— Ескенжан-ау, қалай болар екен? Мен ол туралы ойланған да жоқпын. Кім білсін… — деді бір шешімге келе алмай.
— Ең бастысы, бізге сіздің шығармаларыңыздағы айтылған ойлар қымбат. Енді соны көрерменге қалай жеткізу керек екендігін ойланыңыз да, пьеса жазуды қолға алыңыз, — деймін мен өкшелеп.
— Жарайды, көрейін, – деді Немат аға жымиып.
Қазір ойлаймын: қол арбада отырған қарт ғалымның иығына мен сол кезде үлкен жүк артқан екенмін-ау деп. Себебі, ондай кісілердің қандай іске болса да зор жауап­кершілікпен қарайтындығы, әсіресе, қағаз бен қаламға қатысты дүниеге ерекше мән беретіні ертеден-ақ белгілі емес пе.

Уәде беру. Үдеден шығу.

Немат аға телефон соқты. Күндіз-түні көз ілмей отырып, көпке созбай, санаулы ғана күннің ішінде пьесаны жазып бітіріпті. Уәделескен уақытта барып, қоңырауды бастым.
— Әй, Ескен, білмеймін қалай екенін, мен, әйтеуір, өзіңе берген уәдемді орындауға тырыстым, — деп қарсы алды.
Содан соң, екеуміз кең, жарық бөлмеге кіріп, жаңа пьесаны оқуға кірістік. Ә дегеннен-ақ шығарманың тілі, оқиғасы, композициясы, көңіліме қона кетті. Ауыр дертпен арпалысқан қайратты кісінің қартайған шағында бірге өскен, ұзынды-қысқалы өмірді бірге өткізген ең жақын достарын жинап алып, қоштасуы. Өткенді еске алуы. Мына өмірден көрген-түйген, естіген, білген, оқыған, зерттеген нәрселерін сарапқа салуы.
Бақыт, қуаныш, қызғаныш, күншілдік деген не? Ақсақал, шал, аға, іні деген кім? Мәні қандай? Маңызы қандай?
Міне, осындай ұғымдарға терең талдау жасап, философиялық тұрғыда жауап беретін кейіпкердің ойы орамды, іс-әрекеті сенімді екендігіне бірден-ақ ұйып қаласың.
Тыңдай бергің келеді. Білген үстіне біле бергің келеді. Алайда, осының бәрін көрерменге қалай жеткіземіз, сахнада ақыл-нақыл айтып тұрғандай дидактикалық сарынға көшіп кетпейміз бе? Әдетте, театрға қызық та тартысты оқиғаны көруге келетін көрерменді жалықтырып алмаймыз ба деген ойлардың іштей мазалап отырғаны анық.
Драматургиядағы ең басты талап — конфликт. Ой тартысы. Сондық­тан да, білімі, білігі, тәжірибесі, күш-жігері мол ерекше жанның көңіліндегі сырды енді көрермен қауымға қызықты да тартысты етіп жеткізудің жолдарын қарастыруымыз қажет екені айдан-анық.
Міне, осыны ойласатын сәт енді туды.
***
Әр түрлі ойлар келеді. Пьесаны алғашында «Сырласу» деп атасақ қалай болар екен дедік. Себебі, бұл – ұзақ жылдар бойы аурухана төсегіне таңылып жатқан бас кейіпкердің өмір, тіршілік, тағдыры туралы ағынан жарылып, сырласуы ғой. Бірақ, баспасөзде жиі кездесетін тақырып болғандықтан, оның да әу бастағы салмағы жеңілдеп, үйреншікті нәрсе болып кеткен сыңайлы. Сондықтан да, «Үміт үзгім келмейді» деген тақырып бас кейіпкердің арманы мен аңсарын, мұңы мен шерін, үміті мен сенімін нәзік те нақты сыршылдықпен жеткізе алатындай көріне берді.
Ақыры, осыған тоқтадық.

Мақсатқа жету. Мерейлі болу.

Премьера болатын күні Немат аға расында да, қатты қобалжыды. Біріншіден, алғашқы пьесасы. Сол себепті, көрермен қауым қалай қабылдайды екен деген күдіктің салмағы ауыр. Екіншіден, қол арбада отырған кісі. Басқа авторлар сияқты емес, театрға келуі де, кетуі де қиын…
«Әй, осы мен бармай-ақ қойсам қайтеді?..» деген кездері де болды.
Біз, әрине, жан-жақтан қолқалап, авторсыз премьераның сәні бол­майтынын алға тартамыз. Әрі жаңа қойылымның көрерменге ұнайтынына іштей сенетін де сияқтымыз.
Бірақ, мұндайда сенім дегеніңіздің өзі де баянды емес. Бүкіл өмірімізді театрда өткізіп келе жатырмыз десек те, әрбір қойылым біз үшін – үлкен асу, ауыр сынақ.
Иә… Солай. Премьера өте жақсы өтті. Көрермен қауым жаңа дүниені ойланып, толғанып отырып көрді. Дүниедегі ең қымбат нәрсе адамгершілік екендігін, оны ешқашан да ақшаға сатып алуға болмайтынын, адам баласы үшін ең бағалы дүние – ынтымақ, достық, мейірім, ең аяулы нәрсе – адамның адамға деген кіршіксіз таза көңілі екендігін тағы да бір бағамдап, тағы да бір таразылап қайтты.
Сахнада Қуаныш Тазабекқызы­ның портреті ілініп тұрды. Оны біз осы спектакльдің бір деталі ретінде ғана емес, толыққанды бір кейіпкері ретінде қабылданатындай оймен жасаттық. Мұнымыз өте сәтті шықты.
Портреттегі о дүниелік болып кеткен әйел бейнесінің бас кейіпкерге тіл қатып, сырласатын сәті көрерменге ерекше әсертті. «Халің қалай? Қарның ашып жүрген жоқ па? – дейді аса бір қамқор үнмен. – Мен сені қатты сағындым. Ал сен ше?».
«Достарымның алдында қарызым бар. Біз бұрын қандай едік? Қазір қандаймыз? Не өзгерді? Кім өзгерді?» деп ойланып, толғанған бас кейіпкер көзіне жас алады.
Премьерадан соң Немат аға театр­ға жиі келетін болды. Спектакль үлкен табыспен өтіп жатты. Көрермен қауым театрға қарай ағылды.
Немат аға әртістерді үйіне қонаққа шақырды. Олардың ортасында, әрине, мен де бармын. Сондай бір көңілді отырыс болды. Немат ағаның спектакль туралы айтқан пікірі, әрбір рөлге арнайы тоқталып, талдау жасағаны, әртістерге айтқан әзілі – бәрі-бәрі осы күнге дейін жадымда сайрап тұрған сияқты.
«Достықты жоғалтқан адам – өзін жоғалтқан адам».
Немат ағаның осы бір сөзі сол күнгі кештің девизі сияқты болып еді.
«Айналайын сен біздің үйдегі апайыңа ұқсайды екенсің. Қане, қане, асүйге қарай бір жүріп өтші. Ойпыр-ай, қандай таныс көрініс!».
Біздің бір актрисамызға қарап әзіл ретінде айтқан Немат ағаның бұл сөзі өзіне өмір бойы сүйеніш болып өткен жан-жары Қуаныш Тазабек­қызына деген көл-көсір сағынышының бір тамшысы еді. Сонау бір қиын күндерде ағамыздың қолтығынан демеп, рухын көтеріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, екі аяғынан тік тұрғызған асыл жардың енді мынандай қуанышты шаққа жеткенде, өз парызын толық өтеген ақ-адал достай қайыр-қош айтысып, бақилық сапарға аттанып кете баруы өте ауыр тиетінін де іштей сеземіз, түсінеміз. Бірақ, амал қанша…
«Еске, біраз отыра тұрыңдаршы» дейді ағамыз жымиып. Сонсоң, бәрімізді күлкіге кенелтіп тағы бір әзілін бастайды.
Ағаның үйі – кең жайлау. Бірақ, кейде жападан-жалғыз қалғанда ол кісінің осынау кең жайлаудан жалы­ғып, жабығатын сәттері болатыны анық.
Сонсоң ойларын қағазға түсіріп, ежелгі тарихымызға көз жіберіп, түркі дүниесінен жеткен жәдігерліктерге үңіліп, толғанып отыратын сәті – ең бір қызық та, қымбатты минуттары. Бұл көрініс Немат ағамыздың әлі жазылып бітпеген портреті секілді елес береді…
***
Медальдың екі жағы болатыны ежелден мәлім. «Үміт үзгім келмейді» спектаклі қойылған кезде: «Ол бүгінгі биліктің жоғарғы эшалонында жүрген Қайрат Келімбетовтің әкесінің шығармасы ғой. Сондықтан да сахнаға қарай бірден жол тартты», — дегендер де болмай қалған жоқ..
Бірақ, біз оларға қарсы шығып, шындық олай емес, былай деп дәлелдеуге асыққан жоқпыз. Себебі, жақсы дүниенің дәлелі де, дәйегі де – Ұлы Уақыттың өзі.
Міне, бұл туынды қаншама жыл­дан бері театр сахнасында қойылып келеді. Гастрольдік сапарлармен талай ел, талай жерді аралап шықты. Қайда барсақ та көрермен оған өзінің әділ бағасын беріп жатады.
Себебі, ол – өз бойындағы өнерді, талантты қару етіп, өмір үшін айқасқан дарынды жанның жолын­дағы бір белес қана. Немат ағаның ғылымдағы, әдебиеттанудағы жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе.

 Әңгімені әзірлеген – Нұрғали Ораз

"Алматы ақшамы" газеті.