БАҚ біз туралы

Адасқан КІМ? Адастырған кім?

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр өзінің тоқсаныншы маусымын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен жапты.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қуанышбек Адылов. Ұлттық драматургиямыздың жауһарына айналған бұл пьеса қай кезеңде де, қай ғасырда да өзекті болары сөзсіз. 
«Халықтың сүйіктісі, еркін де бек­зат, сері Ақан! Ақанның сүйік­тісі Ақтоқты! Олардың траге­дия­лы махаббаты. Бұл – зұлымдық пен ғаділеттіліктің, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қара­ның дүниенің өзіндей кәрі май­да­ны. Қойылымға өзек болған идея – ақын мен биліктің, жаңа мен кертартпалықтың тартысы. Қа­рабайыр тұрмыс шеңберіне сый­маған Ақан көрермен алдын­да­ғы қысқа, бірақ мән мен мағы­на­ға толы жалынды ғұмырын ке­шіп шықпақ. Безбүйрек, әккі қо­ғам ғашықтарды бір-бірінен ажы­ратып тынады. Бірақ олардың ма­хаббаты – мәңгілік дастанға ай­налады. Бәлкім, ең басты жеңі­сі де осы болар...». Спектакльдің не­гізгі лейтомотиві – осы. Дұрыс-ақ делік. Біздің айтпағымыз бұл емес.

Рас, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы на­ғыз қазақ драматургиясындағы ұлы жауһарларымыздың бірі. Жазу­шы бұл пьесасын осыдан жет­піс жыл бұрын жазды. Яғни 
ол – оның 1941 жылы жазылған шы­­­ғармасы. Шығарма ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың әйгілі әнші-композиторы, ақын, сал-серісі Ақан Қорамсаұлының өмірін суреттейтін және сол за­ман­ның ащы шындығын бей­не­ле­гендіктен, өміршең дүниеге ай­налды. Мүсірепов бұл шығар­ма­ның екі түрлі нұсқасын жазған де­седі. Пьесада сері өмірінің ба­ла­лық шағынан бастап, өнер жо­лына шығуы, тыныс-тіршілігі кө­рініс табады. Ақан жас кезінде кө­бінесе махаббатты, сұлулықты жыр­ға қосты. Кейін есейе келе ел­дің тағдырына да, ұлттың тұр­мы­сына да алаңдап, өз өлеңдеріне арқау етті. Жоқшылықты, зұлым­дық­ты жырлады. Қазақ елінің Ре­­сейге қосылу тарихының ма­ңы­­зын тереңнен түсіне алмады және мұның бәрі ақын жүрегіне ауыр­лық әкелді. Бір басының қай­ғы­сы­на елдің қайғысын қосып алды. Оның өмірдегі өз қайғы-қасіреті де аз болған жоқ. Сүйіп қосылған жа­рының ғұмыры қысқа болды. Жал­ғыз ұлы мылқау еді. Ақтоқ­ты­ға қолы жетпеді. Ұрқияға үйле­ніп еді, ол үш айдан кейін шешек ауруынан көз жұмды. Қыран құсы Қараторғайынан айрылды. Құмай тазысы қасқырға салған уды жеп, өліп қалды. Құлагердей пырағы опасыз жауыздардың қолынан мерт болды. Елі сүйген, елін сүй­ген Ақан осылайша патша отар­шыл­дарынан опасыздық, зорлық көріп, туған жерінен айрылып, жал­ғыз мылқау ұлын қасына алып, мұңлы жүрегіне домбырасы жұбаныш болып, елден безіп, көл жағасында қайғырып күн кешті. Пьесаға арқау болатын негізгі тағ­дыр – осы. 
Ең қызығы, бұл спектакль ал­ғаш рет 1942 жылы осы театрдың сах­насында алғаш қойылған екен. Ал­ғашқы қойылымы да ерекше жағ­дайда өтті. Басты рөлдерде: Ақан – Шәкен Айманов, Ақтоқты – Шолпан Жандарбекова, Науан ха­зірет – Қапан Бадыров, Жал­мұ­қан – Елубай Өмірзақов, Қоңқай – Серке Қожамқұлов ойнаған. Кіл мықтылардан құрылған құрам «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын биік­ке көтеріп тастады. Кейін бұл спек­такль «Ақын трагедиясы» де­ген атпен да сахнаға шығып жүр­ді. Ғабит Мүсіреповтiң Ақан сері тақырыбына оңай келмегені даусыз. Ақан өмірін зерттеп, сұ­рас­тырып, жан-жақты зерделеп жаз­ғаны ақиқат. Алайда, жазушы өмір шындығын дәл суреттей ал­ды ма? Бізді мазалайтыны да – осы. 

Жазушы Сәкен Жүнісов те Ақан өміріне қалам тартты. Қа­лам­гердің «Ақан сері» дилогиясы – осының дәлелі. Романның бі­рін­­ші кітабы сері мен Ақтоқтының арасындағы махаббатты қаузай­ды. Серінің Ақтоқтыны алғаш көр­ген сәттері, сүйіспеншілік се­­­зі­мі, Сырымбеттегі алғашқы кез­десулер көркем баяндалады.
«Ақан қасындағы Ақтоқтыға бір қырындап, көзінің қиығымен ғана қарап отырған. Қараған сайын мінсіз сұлу мүсінге тойым­сыз­данып, ынтыға түскендей. Бір кез­де Ақан өз-өзіне іштей күбір­леп, қап-қара қасы бір түйіліп, бір жазылып, қайта-қайта бір өлеңді қайталай берді. Өңі өзгеріп, өзін-өзі ұмытқан жігіттің даусы да оқыс шығып кеткенде, бағанадан бері үнсіз отырған Ақтоқты, мәр­мәрдай аппақ мойнын бұрып кү­лім­сіреді де, бетіне қан жүгіріп, сы­пайы ғана үн қатты: 
– Ақан аға, сіз құран оқып отыр­­ған жоқсыз ба?
– Жоқ, дұға оқып отырмын, – деп Ақан да қып-қызыл ернінің арасынан аппақ тістері түгел көрі­ніп күлді. 
– Ол қандай дұға, бiз тыңдауға болмай ма?
– Махаббат дұғасы, тыңдасаң айтайын...». Сері мен сұлу қыз­дың арасындағы диалог осылай жал­ғасып кетеді. Сәкен Жүні­сов­тің Ақтоқты мен Ақанның ара­сындағы махаббаты суреттеуінде Науан хазіреттің рөлі мүлдем жоқ. 
Мағжан Жұмабаев та бұл та­қы­рыпқа қалам тартты. Ол өзінің «Ақан сері» атты очеркінде сері мен Ақтоқтының арасындағы ма­хаббатты баяндайды. Ақын екеуі­нің тағдырын мүлдем басқа ар­на­ға бұрып жібереді. Жұмабаев су­реттеуінде Ақтоқты өлім құш­қан жоқ. Оған хазірет те себепкер бол­­мады. Ал Мүсіреповтiң пье­са­­сында негізгі рөлді Науан хазі­рет атқарып тұр.
«Науан хазіреттің бейнесі қа­зақ әдебиетінің тағы бір классигі Ға­бит Мүсіреповтiң «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында, сондай-ақ белгілі жазушы Сәкен Жүні­сов­тің «Ақан сері» атты дило­гия­сында да көрініс тапқан. Өкі­нішке қарай, осы басылымдарда сол кездегі солақай саясат пен бо­льшевиктік идеологияның сал­қын лебіне сәйкес Науан хазірет ха­лық арасында қара түнек сеп­кен реакцияшыл молда ретінде сипатталған. Әрине, біз бұл ретте есімі халыққа танымал ағалары­мыз­ға кінә қоюдан аулақпыз. За­мана талабы мен таптық тар құр­саудан шыға алмаған туын­ды­лардың белгілі бір жүйеге қызмет етуге мәжбүр болғаны шындық қой» деп жазады Қадыржан Әбуов. 
Ғабеңнің пьесасын қоятындар да осы қателікті әлі күнге қайта­лап келеді. Пьеса кеңестік идео­ло­гияның ықпалымен жазылды де­лік, бірақ тәуелсіздік алған 25 жылда бұл олқылықты неге түзете алмадық?
Газетіміздің бетінде «Науан ха­зірет қандай адам?» деп арнайы ма­қала да жазғанбыз. Ол мақа­ла­мызда белгілі жазушы Қабдеш Жұ­маділовтің «Ақан сері – Ақ­тоқ­тыға» қатысты пікірін келтір­генбіз. Онда: «Ғабеңнің прозасы өз алдына. Ал әдебиеттегі үлкен қыры – драматургтігі. Кейде «Жа­зу­шының прозасы мықты ма, әлде драматургиясы мықты ма?» деп ойлаймын. Қарап тұрсаң, екеуі тең түсетіндей. Мысалы, «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қыз Жі­бек» пьесалары қандай! Басқа б­іреудің қолына түскенде, «жі­бекті түте алмаған жүн етеді» де­мекші, бүлдіріп алар ма еді? Осы туындылардың бәрін Ғабиттің жазғаны дұрыс болды. Қас ше­бердің қолына түскен халықтың асыл қазынасының қайта ел ал­дына шыққанының өзі бір бақыт дер едім. Ғабеңнің дра­ма­тур­гия­лық шығармаларының сонау 1930 жылдардан бері сахнадан түспеуі – қазақ фольклорымен, тұр­мы­сы­мен байланысты болуында. Мә­­­селен, Ақан сері – хал­қы­мыз­дың ұғымында көрнекті бейне. Оның басындағы трагедияны көр­сету, Ақтоқтымен арадағы ма­­хаббатты бейнелеуі сәтті шық­қан. Ал «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» – шедевр туынды. Бір міні жоқ. «Ақан сері – Ақтоқтыда» за­­ман ағымына байланысты бір-ақ әттеген-ай бар. Ол уақытта дін­­ді, хазіреттерді жамандау сәнге айналғандықтан, Ақанның ұстазы болған Науан хазіретті жа­ғым­сыз бейнелеген Ғабең де сол араға кішкене «ілініп» қалған. Шын­дығында, Науан хазірет – үл­кен қайраткер болған адам. Кейін Ақан сері жайлы роман жаз­ған Сәкен Жүнісов те Науан ха­зіретті ұнамсыз кейіпкер ре­тінде бейнеледі. Болашақ ұрпақ осы қателікті түзететін шығар» де­ген еді. Алайда, біз бұл қателікті тү­зеуге асықпайтын секілдіміз. Ке­шегі академиялық драма театр­дың сахнасында қойылған «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклі де бұл олқылықты түзеуге тырыспаған. Бауыржан Қаптағаевтың Науан Хазіреті мүлдем кереғар, нағыз опа­сыз, дүмше молда ретінде кө­рініс табады. Сонда Науанның қай­раткерлігі қайда? Дінді, ха­зі­рет­ті жағымсыз бейне етіп көр­сету – кеңестік жүйеге тән қасиет шығар. Бірақ одан арылатын да кезең жетті ғой. 
Белгілі ғалым Тұрсын Жұрт­бай Ғабең драматургиясы туралы айт­қанда, ол кісінің жазу мәнері мен ойлау жүйесіне барынша жа­қын жанр болғандығын жазады. «Қыз Жібек те, Ақан сері мен Ақ­­тоқты да – тарихи тұлғалар. Ал та­рихи тұлғаны жазуда өмірлік шын­дықтан көркем шындықты ажыратып бейнелеуі – Ғабеңнің үл­кен шеберлігі. Дегенмен, оларда қаз­ір өзгертуге болатын тарихи көр­кем қисындар кездеседі» дей­ді. Соның бірі – Науан хазірет екен­дігін атап айтады. «Ақан се­рі­нің дінге қарсы күресі де жал­ған. Мағжан Жұмабаев Ақанның Шә­кәрімнен бұрын да жалғыз өмір сүріп, сопылық құрып, діни на­сихатқа құрылған өлеңдер шы­ғар­ғаны жайлы жазған. Алайда Ға­беңнің пьесасында Ақан сері бей­несінің солай көрінуі – за­ма­нына қарағанда заңды. Өкі­ніш­ке қарай, сол көзқарастардың ке­сірі­нен Ақанның діни қис­салары мен шығармалары, өлеңдері жоғалып кетті. Ұрпақтың бейнесінде ол тек сері күйінде ғана қалды» деп жа­за­ды ғалым. Ендеше, бүгінгі ұр­пақ­тың адасуына не себепкер? 
Режиссер Қуанышбек Ады­лов­тың да пьесаның желісінен ауыт­қысы келмегені байқалады. Сол себепті де Науан хазірет тағы да жағымсыз бейне ретінде қалып қой­ған. Бұған актер Бауыржан Қап­тағаевтың кінәсі жоқ. Ол ре­жиссердің шешімінен аса ал­ма­ған. 
Ал спектакльдегі шешуші об­раз­ды сомдаған Еркебұлан Дайы­ров­тың «Ақанының» да бір пісуі кем секілді көрінді. Еркебұланның Ақаны жеңілтек, ұшқалақ кейіп­кер болып, өз салмағынан айры­лып қалған сияқты. Ақанды сом­дау кез келген актерге оңай емес. Актердің серінің рөлін ойнауда об­разға ене алмағандығы бай­қа­лып тұрды. Бұл, әрине кемшілік емес. Мүмкін, келешекте шыңдай түс­се, Еркебұлан-Ақан өз бей­не­сін қайта табады деген ойдамыз.
Жанель Мақажанованың ой­науындағы Ақтоқтыға да әлі біраз ең­бек ету керек. Спектакльдегі на­­ғыз тапқыр бейне Ғалым Ос­па­новтың Сердәлісі. Жас актердің ойынында, даусында бір ерекше құ­былыс бар. 
Жетпіс жылдан астам театр сах­насында қойылып жүрген спек­­такльдің бұл жолғы жаңа­лы­ғы неде? Әрине, көрерменді шар­шатып алмау үшін іс-әре­кет­ке, қимылға көбірек мән берген. Алай­да, режиссер трагедияның сал­мағын жеңілдетіп жіберген. Мас­совкадағы әртістер де тым жеңіл­тек. Спектакльдің өн бо­йын­­да драмалық құбылыстан гөрі, комедияның элементтері ба­сымдау көрінеді. Жеңіл-желпі, ой­нақы көріністер басымдау. 
Алғашқы қойылым болған­дық­тан, актерлердің ойынына пә­лендей сын айту да қиын. Тек, әр маман өз ісіне адалдық танытса деген жанашыр тілек қана бар. Ал көрерменді адастыратын, оқыр­ман­ды жаңылыс бастыратын қа­те­ліктер қашан түзеледі? 
Біз Ақанды да, Науанды да қай­та тануымыз керек. Ақан дінге қар­сы болған жоқ. Науан дүмше мол­ла болмады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің нағыз шынайы бейнесін көр­се­те­тін уақыт жетті. Адаспайық, кө­рер­менді адастырмайық! Біздің қауіп – осы ғана...

Гүлзина БЕКТАС

"Айқын" газеті.