БАҚ біз туралы

ДУЛЫҒА

Кеше Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері өңірімізге гастрольдік сапармен келді. Сахнагерлер бір аптаға жуық уақыт бойы қызылжарлық көрермендерді өз өнерлерімен тамсандырмақ. Өнер иелерінің қатарында есімдері елімізге белгілі тұлғалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Солардың бірі – кино және театр актері, Жастар одағы сыйлығының иегері Дулыға Ақмолдамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Дулыға Досмахамбетұлы, сізді жұрт­шылық актер ретінде телеэкран­ның арғы жағынан көргенімен, жеке өмі­ріңіз, отбасыңыз, бала-шағаңыз ту­ралы біле бермейді. Солтүстікқазақстандық көрерменге алдымен өзіңізді танысты­рып өтсеңіз.
– Марғасқа Мағжан ақынның табаны­ның ізі қалған киелі Қызылжар топырағын басу маған да бұйырған бақыт екен. Жер­гілікті жұртшылық бізді жылы шыраймен қарсы алды. Соған көңіліміз тоқ.
Мен Жамбыл облысының Сарысу ауда­нында дүниеге келдім. Сол жерде он жыл­дық мектепті бітірдім. Содан арман қуып Алматыға келдік. Т. Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтына Тұң­ғышбай Жаманқұловтың шеберханасына қабылдандым. Төртінші курста оқып жүр­генде оңтүстік астанамыздағы бірқатар театрларда жұмыс істей бастадым. Құдай қосқан қосағым, жиырма бір, он алты, он төрт жастағы үш қызым бар.
Менің өнерге, соның ішінде театрға қа­дам басуыма ата-анам мен туыстарымның ықпалы зор болды. Олар ауылдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық мектепке берді. Сәби шыр етіп дүниеге келген­де оның тағдыры маңдайына жазылады де­ген түсінік бар ғой. Менің ойымша, періш­тенің маңдайына мамандығы да қатар жа­зылатын сияқты. Бала кезімде суретші, ар­хитектор, тіпті судья болуды армандаған сәттерім де кездесті. Бірақ бір тылсым күш мені өнерге қарай ұмтылдыра түсті. Шерт­пе күйдің шебері Саян Ақмолда екеуміз ан­самбль құрып, ауыл жұртшылығына түрлі спектакльдерден үзінділер көрсететінбіз, қысқаметражды фильмдер түсіруге деген талпынысымыз да сәтсіз шықпады. Міне, осындай ұмтылыстардың барлығы мені бек­зат өнердің, театрдың сахнасына алып кел­ді. Бүгінде елге танылдық, көрген жерде кө­рермен бетімізден сүйіп, ыстық ықыласын танытып жатады. Тағдырыма ризамын.
– Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов, Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков, Нұр­қа­нат Жақыпбай сияқты “мен” деген ре­жис­серлермен жұмыс істегендердің қа­та­рында өзіңіз де барсыз. Сіздің буын қазақ театрының негізін қалаған май­тал­ман­дардың жұрнағын көрді, солар­дан тәлім алды. Сіздер театрдың ша­рық­тап тұрған алтын дәуірінде емес, ең бір құлдырап тұрған қиын кезеңінде, нақ­тырақ айтқанда, тоқсаныншы жыл­да­ры көрерменнің алдына шықтыңыздар. Менің ойымша, күңгірт тартқан сах­наны аш-жалаңаш жүріп жарық етуге тырысқан сіздердің еңбектеріңіз қандай құрметке болсын лайық. Бұл пікір­мен келісесіз бе?
– Иә, біздер сол кезде рухани демеуге мұқтаж болсақ та, өнер мұратына адалдық та­ныттық. Сол жылдары әдебиетке қосылған буынды ақын Темірхан Медетбек аға­мыз “алтынкөпірліктер” деп атап, циклді ма­қалалар жазғаны есімізде. Шыны керек, әде­биеттің ғана емес, театрдың төңірегіндегілер де жылы сөзге, мейірімге, қолдау мен ықыласқа зәру еді ғой. Екінің бірі, егіз­дің сыңары актер бола алмайды. Бойында дарын деген ерекше қабілеттің ұшқыны бар кез келген адамды мен тегін деп айта ал­маймын. Сондықтан да қазақтың өнері­не, төл мәдениетіне жүрегімен, ғұмырымен адал қызмет етіп жүрген кез келген талант иесі құрметке лайық.
– Сіз Т. Жүженоғлының “Көшкіндегі” жігітті ойнағанда ескілікпен, қоғамды құр­сауда ұстаған үреймен күрестің символын көрдік. М. Кәрімнің “Ай тұ­тылған түнінде” Диуананы сомдағанда кейбір “ақылы ауысқан” жандардың “есі түзу” адамдарға қарағанда саналы­рақ екенін байқап, шеберлігіңізге тәнті болдық. Жалпы рөлдеріңізге қарап оты­рып сіздің қалай күлу, қалай жылау ғана емес, не үшін күліп, не үшін жылауды біле­тініңізді аңғарамыз. Жалпы актер болу үшін адамға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
– “Мен” деп мақтаншылыққа салыну­дың, көкірек керудің жөнсіз екенін білемін. Бірақ әріптестерім мен ұстаздарым: “Сіз сах­нада ар мен адалдықты мықты сомда­ған актерсіз. Сондай-ақ зұлымдықты да сіз­ден артық сомдайтын актерді кездестіру қиын”, – деп баға бергеніне қарап, іштей мар­қаятыным тағы бар. Қарапайым адам­дар­дың арасынан қайнап шыққандықтан ба, бір-біріне қиыспайтын сан түрлі адам­дардың жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, қимыл-қозғалысын, күйінгені мен сүйінгенін, күл­генін, жылағанын – бәрі-бәрін өн бойы­ма сыйғызғым келеді. Актерді актер ететін – ар мен бостандық, шындық пен махаббат қа­на емес. Нағыз актер қызғаныш пен па­сық­тықты ойнағанда да алдына жан сал­мауы керек.
Бүгінде жасымыз елуге келіп қалды ғой. Адам қанша өмір сүрсін өзін-өзі зерттеп та­уыса алмайды екен. Сондықтан да қандай маман иесі болмасын, ер мейлі әйел бол­сын кез келген адам үнемі есею процесінде жүру керек деп ойлаймын. Мен қатты ашу­ла­намын да, көңілімді қалдырған сәттерді, адамдардың теріс әрекеттерін тез ұмытуға тырысамын. Күлсем, шынайы күлемін. Мұ­ны өнерде “максималист” деп атайды. Бір орында тұра алмаймын. Қозғалыс үстінде, ізденісте жүргенді жақсы көремін. Бір күнім бір күніме ұқсап кетсе, өзіме көңілім толмайды. Кейде көпшілікті сағынамын да, кейде жалғыздықты аңсаймын.
Қазақтың ақын-жазушыларының еңбек­те­рін оқығанды ұнатамын. Маған ұнайтын ақын – Мағжан Жұмабаев. Қызылжардың қыран ұлының:
“Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: “Есалаң!”
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,
Жас баламын – тағы да тез жұбанам.
Күлсем егер, есім шығып күлемін,
Жылағанда, қап-қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін”, – деп өрілетін өлеңі бар. Мағжанның қандай мінезді болғанын осы өлеңінен-ақ аңғаруға болады. “Болмасаң да ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, кейде өзімді Мағжанға ұқсататыным жалған емес.
– Сіздің “Ромео мен Джульеттадағы” Ромеоны, “Томиристегі” Спаргапсисті, “Қа­­зақтардағы” Мойынсызды, “Сурет­ші­­дегі” Суретшіні сомдағаныңыз өз алдына бір төбе ғой. Сахнада салмақты рөлдерде сомдап жүрген сізді “Сержан братан” сияқты “YouTube” арнасының се­риалынан көргенде өз басым тосыр­қап қалдым. Бейәдеп сөздер жиі кезде­се­тін сериалға түскеніңізді “бұл, қалай­лап?” қабылдағандар жалғыз мен ғана емес екен.
– “Сержан братан” туралы айтпас бұ­рын, жалпы сериал туралы түсінікке тоқ­тал­ғым келеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та, әлемдік киноөндірісте сериал түсірудің маңызы артып, салмақты режиссерлердің өзі бағытын осылай қарай ойыстырып жа­тыр. Өйткені көркем фильмдегі аяқталмай қалған ойды жеткізуде сериалдың мүм­кіндігі мол. Авторлық дүниеге қарағанда, сериалдың алға шығуының осындай себебі бар. Заман өзгеріп, заманға қарай өнердің мазмұны, тілі, тәсілі өзгеріп жатқан кезеңде “жоқ, мен көркем туындыға ғана түсемін” деп өзімді-өзім текке керексіз жалаң, жал­ған кеудемсоқтыққа байлап қойып отыра алмаймын. Иә, “YouTube” арналары түсіріп жатқан “Сәке”, “Сержан братан” сияқты сериалдардың идеясы да, сценарийлері де ұнады. Ешкім мені қинаған жоқ, жалынған жоқ, өзім келісім бердім. Себебі рөл ұнады. Екеуі де актерді басқа қырынан көрсететін, ашылуына мүмкіндік беретін өзге сипат­тағы рөлдер болды.
– Қызылжарлық көрерменге қандай спектакль ұсынасыздар?
– Біз бір аптаға жуық уақыт бойы жер­гі­лікті жұртшылықты ұлттық құндылықтар мә­селесі сөз болатын қойылымдармен су­сындатпақпыз. Алматыдағы қарашаңы­рақ­тың актерлері барын салып, балын сар­қып береді. Соның біріне тоқтала кетейін, өзім басты рөлдердің бірін сомдайтын “Қара” туындысы. “Қара” – Абайдың “Қара сөз­дері” желісімен жазылған драма-диалог. Спектакль пікірталас формасында қойылған. Абайдың қара сөздері негізінде жазылған спектакльде жалғыз кейіпкер бар. Ол – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құнды­лық­тарды, салт-дәстүрді, адамзаттық аңсарды дәріптейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.

http://www.soltustikkaz.kz/index.php/2021-03-18-04-31-55/17284-duly-a