БАҚ біз туралы

"Абай жұмбағы" көрерменге жол тартты

"Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 95-маусымының ашылу салтанатын өткізіп, жаңа маусымын «Абайдың жұмбағы»  премьерасымен ашты. 

Жылдағы дәстүр бойынша алдымен баспасөз өкілдерімен жүздескен ұжым пандемия кезіндегі әрекеттері мен жаңалықтарын ортаға салды. Театр директоры Е.Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, директордың кеңесшісі Е.Обаев, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі М.Омарова, режиссер А.Оспанбаевалар қатысқан жиында театр актерлерінің «Ұстаз бен шәкірт», «Сахна сәулесі», «Newпоэзия», «Жәдігер» секілді жобаларға қатысқаны айтылды",- деп жазды adyrna.kz порталы.

"Біз биылғы маусымды Абай әлемімен, «Абайдың жұмбағы» премьерасымен бастап отырмыз. Абай – ұлы дария. Әрбір режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Біздің театр ұжымы да Абай әлеміне үнемі зер салып келеді. 21 қазан күні Абайдың «Қара сөздерінің» желісімен қойылатын «Қара» спектаклінің премьерасы өтеді. Оған да бәріңізді шақырамыз. Мәнері де, мағынасы да бөлек хакім туралы екі қойылымды тамашалаңыздар. Жаңа маусымда көрермен қауымды жаңа туындылармен қуантуды жоспарлап отырмыз, – деді театр директоры Е.Жуасбек.



"Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла"

Қазақ театрының қарашаңырағы әкем театры алғашқы қойылымын «Абайдың жұмбағынан» бастауы заңдылық. Басты рөл – Абай образын Болат Әбділмановтың сомдауы да көрермен көңілінен шықты. Қалың қазақ Абайды Әуезов арқылы таныса, залдағы көрермен Абай образын Болат Әбділманов арқылы елестетті. Жас Абайды – Н.Қуанышбайұлы, Құнанбайды – С.Мерекеұлы, Зерені – Г.Тұтыва, Ұлжан бейнесін Ш.Асқарова, Абай сүйген Тоғжанды – Д.Үсенова, Әбдірахман бейнесін жас актер Ж.Қонысбай, Оспан рөлін Е.Тұрысов сомдады. Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Болат Әбділманов пен Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші Мұрат Сапаров.

«Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абай шығармаларының негізінде дайындалған қойылым адамды сан түрлі ойға жетелейді. Ұлттың болашағы жарқын болуын ойлап ілім іздегені мен оны шама-шарқынша таратуы, әділдік үшін күресуі - басты мұраты болды.



Аридаш Оспанбаева, режиссер:
–Болат Әбділманов ағамыз «Абай жолы» эпопеясының желісімен және Абайдың өзінің шығармаларымен біріктіріп бір пьеса алып келді. Көркемдік кеңеске тапсырылған шығарма маған беріліп, әрі қарай жұмыс істедік.
"Абай жұмбағында" үш құрам - Әбділманов, Жандарбек Садырбаев және Жанат Тынбаев құрамы ойнайды.
Қойылымда жас Абайдың философ деңгейіне көтерілу процесін көрсеттік.  «Абайдың жұмбағы» бұл - жалпы смволикалық шешім. Яғни, спектакльдің белгілі бір жеріне емес, өне бойына мән бердік.
Шығарманың басты кульминациясы - тамұқ сахнасы. Халықпен дау-дамай сахнасын біз тозақ ретінде алып, адамдардың деградациясын (қасиетінің нашарлауын - авт.) көрсетуге тырыстық.
 
Асанәлі Әшімов, халық әртісі:
– Абай өмірі ескірмейді. Ол мәңгілік тұлғамыз. Актер мамандығы психологиямен, философиямен тығыз байланысты. Менің «шындыққа әр уақытта жол тар, бірақ бар» деген офаризімім бар.  Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз - сахнадағы қойылым арқылы шындыққа жету, бірақ ол әр актердың қолынан келе бермейді. Жалпы Абайды ойнағанда оның ойын ойнау керек. Сөзді емес, сөз астарын ойнау керек. "Қайран елім, қазағым, қалың жұртым, Ұстарасыз аузыңа түстау мұртың". Көрдің бе? Қалай айтылған, ә? Абайда артық сөз жоқ, болмайды.
Абайдың өлеңдері мен "Қара сөзінен" спектакль құру қиын. Шығармашылық топ шамасы келгенше біраз дүние жасады. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, талпыныс пен ізденіс бар.
Талантты жас актерлар бар, олармен жұмыс істеу керек. Бұрын режиссер актермен жұмыс істейтін, дайындық жасайтын. Айтар сөзінің астарын ашатын, не ойнап жатқанын айтатын. Қазір мұндай жоқ - актер өз бетімен, режиссер өз бетімен. Сондықтан жоқ деп айта алмаймын, бар деп айтуға тағы да қиналам.

Есмұхан Обаев, режиссер:
  • Абай не қалдырып кетті, нені аңсан кетті, неге өкініп кетті, нені меңзеп кетті? Ұрпақ қалай өсу керек, адам қалай білімдар болу керек, адам қалай кең болу керек? Абайдың 150 жылдығында Парижде конференция өткіздік. Сол жерде бір француз шал келді де «маған сөз беріңіздер, мен Абай туралы айтам» деді. Сөз берілді. Өзі тарихшы екен. Абайдың кедейге қандай жер, байға қандай жеру керектігін айтатын жер реформасын айтты. Онда кедейге шөбі шүйгін, сулы жерді, байға құрғақ жерді беру керектігін айтқан. Қазір жер бөлсе оны зам әкім бөледі. Ол жерді білмейді де. Сонда Абайды француз ұлы сол кезде зерттеп жүрген.
 
Айта кетейік, 21 қазанда Абайдың «Қара сөздері» желісімен жазылған "Қара" атты драмасы көрсетіледі. Сахналық нұсқасын жасаушы әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Қоюшы суретші – Қуат Түстікбаев.

Гүлвира Асқарқызы,

"Адырна" ұлттық порталы