БАҚ біз туралы

«Таңсұлу» қойылымын «Қыз Жібектей» халықаралық дәрежеде ұсынуға болады – сыншы

Елорда төрінде ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өтіп жатқанына бесінші күн. Әлемнің 13 мемлекетінен келген театр ұжымдары өнерлерін ортаға салуда. Олардың қатарында қазақ театрлары да бар. Осы ретте қазақтың театр өнерімен танысып, кем-кетігін жіктеп, жіліктеп кету үшін шетелден келген халықаралық дәрежедегі сыншылардан «Отелло» мен «Таңсұлу»қойылымдарына бағасын беруді сұрадық, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 «Таңсұлу» спектаклі халықаралық аренада көрсетуге тұрарлық дүние

 Театртанушы, сыншы Давид Асатианидің (Франция) айтуынша, еуропалық мектептен шыққандар үшін «Таңсұлу» қойылымындағы музыка мен жарық тым артық сияқты.
«Таңсұлу» қойылымы – қазақ өнерінің інжу-маржаны. Онда өте ауыр, қарапайым адамның қолынан өзгертуге келмейтін тағдыр теперініші, махаббат тақырыбы қозғалған. Қойылымы эмоционалды тұрғыда маған үлкен әсер қалдырды. Басты рөлді сомдаған актрисаның шеберлігі де мені тәнті етті. Сонымен қатар, бұл қойылымда музыка мен жарық көп болды. Еуропалық мектептен шыққандар үшін тым артық сияқты. Жасыратыны жоқ, мен қойылымды басқаша ұсынар едім. Әрине, бұл режиссер көзқарасына, танымына, осы тақырыпты өзіндік көруі мен ұсынуына байланысты дүние. Тағы бір атап өткім келетіні, бұл қойылымды тек әйел режиссер қоюы керек және солай болды да. Себебі, әйелдің жан дүниесін тек әйел сезіне алады. Бүгінде әйел режиссерлер әлемде саусақпен санарлықтай», - дейді ол.
Сонымен қатар, сыншыдан бұған дейін тамашалаған «Отелло» қойылымына бағасын беруді сұрадық. «Отеллоға» қатысты режиссер Талғат Теменовтің режиссерлығын атап өткім келеді. Ол «Отелло» тақырыбын өзгеше беруді жөн көрген. Бұл қойылымда басты кейіпкер Яго – бүгінгі адамзаттың болмысын көрсететін ең заманауи кейіпкер. Менің ойымша, қазақ театрлары классика мен қазақи қойылымдарды бірдей жоғары деңгейде алып келеді. Жалпы, мен Францияда сіздердің «Қыз Жібек» спектаклін көрген болатынмын. Ол шедевр болды десем – артық айтпаспын. Бүгінде ол Франциядағы өте беделді «Avenuе» фестиваліне ұсынылуда. Менің ойымша, «Таңсұлу» спектаклін көрерменге ұсынылуын сәл өзгертіп, осындай жоғары деңгейде де беруге болады», - деп түйіндеді ойын Давид Асатиани.

Қазақтың театр өнеріне тән ерекшелік – музыка

«Отелло» спектаклінің режиссурасы өте мықты, актерлар құрамы да өте жақсы болды. Мен үшін бұл спектакльде акцент Отеллоға емес, Ягоға қойылғаны қызықты болды. Спектакльді «Яго» деп атаса да болар еді. Әрине, Отеллоны сомдаған актердың шеберлігіне еш шүбә келтіре алмаймын, оның кәсіби маман екені көрініп тұр. Ягоны ойнаған актер, режиссердің оны ойната білуі өте керемет. Оның үстіне Талғат Теменовтің кино режиссері бола тұра театрлық құрылымды түсіне білуі, бірінші план, екінші план, үлкен план арқылы құрбаны Отеллодан гөрі Яго туралы, оның қолынан келетін зұлымдық туралы көбірек ойландырды. Отеллода режиссер музыкалық әдісті де ұтымды пайдаланған. Басында бұл менің жүйкеме тиді, бірақ кейінірек режиссердің онымен не айтқысы келгенін түсінгендей болдым. Режиссер осылай музыкалық әдіспен жастардың классикаға ғашық болуына, ұлы Шекспирді жақсы көруге септігін тигізбекші болғандай. Менің ойымша, бұл өте жақсы «қулық», - дейді Франциядан келген театртанушы, сыншы Беатрис Пикон-Валлен.
Бұдан басқа, шетелдік театртанушы «Таңсұлу» қойылымына да өз бағасын берді.
«Таңсұлу» қойылымына келетін болсақ, әйелдің қасіретін, жұдырықтай жүрегіндегі буырқанған сезімін әйелден артық ешкім жеткізе алмайды. Сол себепті бұл қойылым режиссерінің әйел болуы заңдылық дер едім. Әрине, менің ұлтым, мәдениетім, болмысым өзгеше болғандықтан, кейбір тұстарын түсінбегенімді жасырмаймын. Кейбір жерлері тым созылып кеткен сияқты. Сонымен қатар, Таңсұлудың өзінің сұлулығымен қоштасуын эстетикалық тұрғыда басқаша беруге болар еді деп ойлаймын. Егер Еуропада бұл қойылым қойылатын болса, онда мұнша би, музыка болмас еді. Тағы қайталап айтам, бұл да еуропалықтардың өзіне тән минимализмнің әсері. Сонымен қатар, әлемде егер бір қорқынышты сәт болса түтін жіберу әдетке айналған. Осыдан арылатын кез келген сияқты», - дейді сыншы.

Қазақстандық актерларға қарағанда режиссура осалдау

 «Отелло» өте мықты, жақсы қойылған, актерлық құрамы өте күшті спектакль болды десек болады. Яго кейіпкерін көрерменге өте қызықты ұсынылды. Ягоның бойында ер азаматқа тән бәсекелестік касиеті бар және әйел баласына тән өсек айту, күншілдік сынды жағымсыз қасиеттер де байқалады. Дәл осы мінез кейіпкердің ер адам болғанына қарамастан көрерменге өте тартымды етіп көрсетілген десем – артық айтқандық емес. Бұл спектакльдегі актерлер пластикалық тұрғы да иілгіш, ұжым ретінде жақсы сезіледі. Мэгбэттің де өзіндік ерекшелігі бар, тіпті күтпеген тұстары да болды. Жалпы бұл пьеса өте ауыр, алайда оны режиссер кинематографиялық жолмен, шынайы, ірі пландармен, өзіндік көзқараспен қоя білген. Отеллоның режиссурасы өте мықты деп айта аламын», - деді Латвиядан келген театртанушы, сыншы Йонас Вайткус.
Ал, «Таңсұлу» қойылымы арқылы мен қазақ қоғамындағы әйелдің алар орны ерекше екенін түсіндім. Мұнда музыка, жарық тым көп болған сияқты. Бұл ескі оқиға болғандықтан барынша қарапайым ұсынылса ұтымдырақ болар еді. Қайткен күнде де бұл қойылымның бояуы қанық, эмоцияға толы болды. Сол үшін де рахмет. Жалпы, осындай тектес спектакльдерді кез келген режиссер қоюға бел буа бермейді, деп өз бағасын берді сыншы.
«16 маусымнан бері қазақстандық үш спектаклді тамашалауға, бағалауға мүмкіндік алдым. Өте талантты, бірден алып кете алатын, айтқызбай түсінетін қазақ актерлерінің жаңа легін көрдім десем болады. Олар өте еркін. Бүгінде актерлерден гөрі қазақстандық режиссурада проблема бар сияқты. Қазақстандық режиссураның жас, жаңа легі келетін шығар. Жалпы жаңа дүниелерді, жаңа драматургияны меңгеру үшін де уақыт керек. Әрине, классика ол әрқашан сұраныста болады, алайда біз өзіміздің түп тамырымыздан айырылмауымыз керек, өз өзімізді әлемге таныта білігеніміз жөн», - деді сыншы.
- Бүгінде кастинг тек кино саласында емес, сонымен қатар театр саласында да ұйымдастырылатынын жиі-жиі еститін болдық. Осы мәселеге қалай қарайсыз?
- Менің ойымша, кастинг – бәсекелестік, ол адамның бойына қан жүргізетін, жауапкершілікті арттыратын дүние. Ұжым ұзақ уақыт бойы өзгермесе, қартайып кетеді. Тым жас болса да жақсы емес. Актерлік құрамның жас айырмашылығы және білімі жағынан алуан түрлі болғаны дұрыс. Сонда олар көрерменнің көңілінен шыға алатын құнды дүние жасай алады.
Естеріңізге сала кетейік, 17 маусымда ІІ дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі ашылды. Мәдени жоба Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналып отыр. Екі аптаға созылатын театр мерекесінің қарсаңында 13 мемлекеттен келген әлемдік театр ұжымдары 18 қойылым қояды.

Мөлдір АСҚАРҚЫЗЫ

 

https://baq.kz/kk/news/oner/tansulu_spektaklin_korermenge_kiz_zhibek_koiilimindai_halikaralik_darezhede_usinuga_boladi___sinshi_20180621_1805