СМИ о нас

«Абайдың жұмбағы» көрерменге ой салды

"Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 95-маусымын бастады. «Абайдың жұмбағы» спектаклінің премьерасымен ашылған театрды көрермен қауым сағынып қалғаны көрініп тұр. Әлемдік пандемияға байланысты жеті ай үзілістен кейін есігін айқара ашқан өнер ордасына ағылған жұрттың жүзінен қуаныштың лебі білінеді",- деп жазды aikyn.kz ақпараттық сайты.


– «Көтермесе көңілді кір басады» дейді қазақтың қасиетті қара өлеңінде. Көңіл көтеру деген – жеңіл, ойсыз күлкі емес, үрейден, қорқыныштан, ауру қай жағымыздан келеді деген уайымнан бір сәтке болса да басты алып қашу керек. Қазақстанның басқа қалаларында мұндай жағдай жоқ, тек Алматыда ғана залдың елу пайызына көрермен шақырып, спектакль көрсетуге рұқсат берілді. Соның арқасында сіздермен қауышудың мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі жағдайға байланысты шектеулерге қарамай, онлайн режимде дайындаған жаңа қойылымдарымыз, бұрыннан сахналанып жүрген спектакльдеріміз бар. Өнеріміз сіздер үшін. Өздеріңізді көргенімізге қуанышты­мыз, – деді театр директоры Еркін Жуасбек.
Бұл күні терең ойлы Абай шығар­маларын сахналау өте қиын екені, оның өлеңдері мен қара сөздерінің ішіндегі нақыл сөздерді сахна тіліне айналдырып, көременге жеткізу үшін біраз еңбек еткені айтылды.
– Қымбатты көрермен қауым, сіз­дерді көрмегелі көп болды, сағынып қалдық. Көрерменсіз театр жоқ. Актерлер де кө­рер­менін, сахнасын сағынды. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы бол­ғандықтан, осы тақырыпқа көбірек көң­іл аударып, театрымыз Абайдың қара сөздері, өлеңдері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерден екі спектакль дайындады. Театрға келіңіздер, шүйіркелесіп әңгіме айтып, пікір алмасыңыздар, – деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.
«Абай жолы» романының желісімен, Абайдың қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жа­саған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен бел­гілі жазушы-драматург Мәдина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. Абай рөлінде – «Құрмет» орденінің иегері Б.Әбділманов. Жас Абайдың рөлін Н.Қуанышбайұлы сомдаса, Құнанбайдың образында бел­гілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқар­ова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды. Әбдірахман – Ж.Қонысбай, ал Оспанның бейнесінде Е.Тұрысовты көре аласыздар.


Жазушы-драматург Мәдина Омарова­ның айтуынша, «Абайдың жұмбағын» жазғанда Мұхтар Әуезовтің салып кеткен жолынан шықпауды жөн санаған. Дегенмен идеялық тұрғыдан қазіргі заманға сай, кейінгі ашы­лып жатқан зерттеулер назарға алынып, абай­танушылардың еңбектері негізінде ақын­ның басқаша болмысын, образын жасауға тырысқан.
«Абайдың жұмбағы» – ұлы тұлғаның құпиясын, жұмбағын шешуге ұмтылу. Оның өмірлік-өнерлік баянын зерделеп, байқауға ұмтылыс. Ақынның бала күннен өзгелерден ерекше болғанын, жастайынан адамды, айна­ланы, әлемді зерттеп, зерделеу арқылы есейе келе ұлы ойшылға айналғанын көрсету. Бұл спектакльді қоюдағы мақсат – Абай әлемі арқылы көрерменге ой салу.

                                                                                                      Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ