БАҚ біз туралы

«Таңсұлу» тағылымы

М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында философ, сенатор Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» атты пьесасы сахналанды. Қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева. 
Қойылымның өрілімі қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі ана бейнесін кескіндейді. Мұнда тағдырдан бұрын, мінез, болмыс негізгі орынға шыққан. Қазақ қызының батырлығы, талапшылдығы, қатал сынақтарға қайыспай қарсы тұра білуі спектакльдің бергі бетін айшықтаса, арғы тінінде оның жан лүпілі діріл қағады. Нәзіктік пен қайсарлықтың арасындағы қылдан жіңішке сезім алауы көрерменін сан түрлі ойға салады. Шын мәнінде, қым-қиғаш тарих сахнасында талай сынға түскен ұлттық рухымыздың бір парасын әдіптеген қойылым деуге болады. Төменде пьесаның авторы Ғ. Есім мен қоюшы режиссері А. Кәкішеваның және рольдерді сомдаған актерлердің шағын пікірін ұсынып отырмыз.
Ғарифолла ЕСІМ, философ, жазушы:
– Бұл әңгіменің жазылғанына ұзақ уақыт болды. Кеңес кезінде мұндай тарихи арқауды сахналау қиын еді, режиссерлердің де «тісі» бата бермейтін. Бұл қойылымның негізгі көтерер идеясы – қазақ қызының батылдығы мен рухының биіктігін паш ету. Қойылым сол үдеден шықты деп ойлаймын. Алма Кәкішева мен Қабыл Халықов (қойылым суретшісі) осы тарихи әңгімеңізді сахналасақ деп хабарласқанда, бірден келісім бердім. Өйткені, режиссер де, суретші де жаңашылдығымен жұртқа таныс. Бірнеше рет кезіккенімізде, олар әңгіменің өзегінен өзім байқамаған астарларды байқапты. Тіпті, өзіме қайтадан түсіндірді десем де болады. Мұндай жауапкершілік, ізденгіштік қазақ сахна өнерінің даму үдерісін паш етеді. Таңсұлудың бізге берері мол. Қазақ қыздары осыны көріп, рухын серпілтіп, өздерінің тарихи тегін, қазір атқарар миссиясын білсе, онда, еңбектің өтелгені. Мұндағы сценография, музыка, би, драмалық үйлесім бір-бірімен қауышқан. Театр мэтрлері де жылы қабылдап, ықыластарын білдіруде. Театр – қатып қалған өнер емес. Онда жасандылыққа орын жоқ. Қойылымның әр жолғы сахналануы жаңашылдыққа, өзгеше өрімге жетелейді. «Таңсұлудың» көрермені көп болатынына сенемін.
Алма КӘКІШЕВА, қоюшы-режиссер:
– Әрқандай ұлттың өзіндік рухани коды болады. Оны сөзден, қимылдан, жадтың беймәлім сәттерінен, тарихи ситуациялардан байқау қиын емес. Мен көптен бері ана образының айрықша бедерін беретін бір қойылым қойсам деп армандап жүр едім. Философия ғылымдарының докторы, академик, сенатор Ғарифолла Есім ағамыздың кітабын оқып отырып, «Таңсұлу» атты шағын хикаясына жолықтым. Мен іздеп жүрген ойдың ұшығын тапқандай, қуанып кеттім. Ғарифолла ағамызға хабарласып, осы пьесаны сахналағым келетінін жеткізіп едім, ол кісі де қуана қабылдады. Жолығып, өзара пікірлестік. Көп өтпей пьесалық нұсқасын жасап берді. Міне, бір жылдың айналасы болды, осы еңбекті қалай сахналаймын деп еңбектенгеніме. Байқасаңыздар, мұнда қазақ әйелінің барлық қасиеттері қамтылған. Ол ерке қыз, әнші бойжеткен, даланың қызғалдағындай биші, өзі жетігенде, домбырада ойнай біледі. Оның бақыты – отбасылық өмір. Өзін бір әулеттің ұйытқысы санайды. Алайда, ауылдың басына қиын күн туғанда, одан ел күтпеген батырлықты, қайсарлықты көресіз. Адамды батыр ететін не? Әсіресе, ананың қолына қару алғызатын қандай күш? Ол – рух. Ұлттық намыс. Адамдық ар. Тарихқа қараңыздаршы, қазақтың қаншама қызы жатжұрттық болды. Өзгелердің талауына түсті. Бірақ соның бәрі тағдырға көніп, үн-түнсіз кеткен жоқ қой. Біз білмейтін, ұмытылған деректер мен дәйектер жетерлік. Соның бір ғана мысалы осы – Таңсұлу. Бұл қойылым арқылы біз қазақ анасының типтік образын жасағымыз келді.
Салтанат БАҚАЕВА, (Таңсұлу):
– Менің бұл театрға келгеніме 3-4 жылдай болды. Бірнеше образды сомдадым. Бас кейіпкердің де ролінде ойнадым. Әр қойылымның өзіндік қиындығы, михнаты болады ғой. Маған Таңсұлу образы оңайға түскен жоқ. Әсіресе, оның өршіл, қайсар, батыл мінезін көрсету қиындық туғызды. Себебі, өзім қарапайым өмірде ұяң, нәзік жанмын. Тағы бір ауырлығы, Таңсұлудың бала кезінен жас ортасына келгенге дейінгі шағын түгел бір өзім алып шықтым. Бояу да жақпадық. Жас кезінен гөрі, ес тоқтатып, орта жасқа аяқ басқандағы образды сомдау біраз қиыншылық тудырды. Одан да ойдағыдай өттім ғой деп ойлаймын. Режиссеріміздің еңбегі орасан. Менің жан-жақты ашылуыма мүмкіндік берді. Домбырада, жетігенде ойнаймын. Ән де айтамын.
Дулыға АҚМОЛДА, (бақсы):
– Бұл қойылым- арғы негізімізге бой ұрады. Бақсы, балгер, көріпкел – ұлтымыздың ұмытылған құпия жады. Біз сол бейнені халықпен қайта қауыштыруға ұмтылдық. Қобызды көрсек, бақсыларды еске түсіретініміз шындық. Режиссер осы образ арқылы ұмытқанымызды қайта еске салуға талпынды ғой деп ойлаймын. Бір қызығы, бұл пьесаны мен Алма Кәкішева сахналаймын деген кезде-ақ оқығанмын. Сол кездің өзінде негізгі желісін сезіп, өзім ішіне еніп үлгергем. Сондықтан, маған жеңілірек болды. Қазақ қызының өрлігін, арын жанынан жоғары қоя білгендігін бір сәттік шешімі арқылы бейнелейді. Көрерменге ой салар, эстетикалық лаззат сыйлар қойылым болды деп ойлаймын.
Ажар БАҚЫТЖАНОВА, (Таңсұлу образын қосалқы құрамда сомдайды, 1 ақпан күні):
– Бұл менің театрдағы алғашқы ролім. Өткен жазда ғана Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдім. Бірден осындай басты рольді тапсырған режиссердің сенімін ақтау – басты міндетім. Өзім тік мінезді, алға қойған мақсатыма жетпей қоймайтын өршіл рухтың иесімін. Бітімім солай. Таңсұлуда сондай мінездің иесі. Бірақ кей кездері тым нәзік. Маған сондай жіңішке тұстарды сомдау қиынырақ тиді. Әртүрлі жас мезетін ашудың да оңайға түспегені анық. Барынша шынайы, қарапайым ойнауға ұмтылудамын.
Ғалымбек ОСПАНОВ,(қалмақ бегі):
– Мен осы образдарды сомдауда қалмақ халқының болмысын, тарихын, ұлттық негізін зерттедім. Салт-санасы да өзгеше. Қалмақ бегі болу – оңайға түскен жоқ. Бір қарағанда, айтарлықтай жағымсыз мінезі жоқ болғанымен, намысшылдығы, тік мінезділігі, ойлағанын іске асыруға ұмтылатындығы көзге ұрады. Ақыр соңында Таңсұлудың айрықша өршілдігіне тәнті боп, алдында бас иеді. Ақыры соғысқа сауытсыз кіріп, мерт болады. Қойылымда соншалықты көп сөз жоқ, мұнда ой мен сезім – іс-қимыл арқылы көмкерілген. Өзімнің алғашқы ролім болғандықтан, ойдағыдай алып шығуға бар күшімді салдым.