СМИ о нас

Әке мен бала түсіністігі қоғам үшін де қажет

              М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театрында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен ұры» драмасы сахналанды. Қойылымның қоюшы режиссері Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұқан Обаев.
Басты рөлдерді Б.Қаптағай, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты А.Сатыбалды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Ақмолда және т.б. актерлер ойнады.
              Спектакль оқиғасы қарт ғалымның үйіне ұры түсуден басталады. Бірақ көпті көрген үй иесі ұры жігітті кешіріп, екеуара әңгіме мүлдем басқа қырынан, яғни өмір, адам құндылықтары жайлы өрбиді. Таңғалған ұрының: «Мен оңбаған адаммын» дегеніне «…Ұрлық тек үй тонаудан тұра ма екен?! Оған еш қысылма, сен жоқшылықтан ұрлыққа түстің, ал үлкен мағынада алсақ, біз де ұрылармыз. Біз де біреулердің ойын ұрлаймыз да, соны өзіміздің пікіріміз деп жалпақ жұртқа жария етеміз. Оған еш қымсынбаймыз» деп жауап береді тележурналистерді күтіп отырған профессор.
           Сұхбат алуға келген тележурналис­тің жеңіл-желпі сырғыма сұрақтарына қанағаттанбаған жазушы ашу үстінде қоғам жайлы, жеке басқа табыну, жағымпаздық, құлдық санадан арыла алмау жөнінде өз ойын жасырмай, ашық білдіреді. Осы тұста үйге ардагердің журналист ұлы келіп, әңгіме әке мен бала арасында жалғасын табады. Онда отбасылық құндылықтар тілге тиек етіліп, ар, қоғам шындығы туралы ащы пікірталас айтысқа ұласып, әке мен бала арасындағы пробле­ма көтеріледі. Әкесімен сөз таластырған ұлы: «Бәріне орыс сыныбына жетектеп апарған сіз кінәлісіз» деп әке жүрегіне жара салады. Әке мен ұлдың арасындағы айтыстың соңында ақылгөй қария ұлағатты сөзі арқылы ұлын райынан қайтарады.
           Спектакль туралы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіков былай дейді: «Қойылым жаман емес. Бірақ ардагердің журналистермен сұх­баты ашылмай қалған секілді. Мен бұған қатысты пікірімді ұжымға да айттым. Алғаш рет сахналанып жатқандықтан, кейбір кемшіліктерге кешіріммен қарау­ға болады. Сонымен бірге көңілден шыққан тұстары да жоқ емес. Меніңше, әке мен бала арасындағы драма жаман шықпаған секілді. Мұндай жағдай шын өмірде, қарапайым отбасында жиі кез­десіп тұрады. Жалпы, әке мен баланың арасында қақтығыс болмауы тиіс. Қоғам оларды қалай ажыратса да, қайта табы­суына не жетсін?! Спектакльде профес­сор: «Әкені данышпан болғаны үшін құрметтемейді, әкені әке болғаны үшін құрметтейді» дейді. Осы сөзінен соң баласы әкесін түсінді. Соңында екеуінің табысқаны мені қатты қуантты».
            Қойылым жастарды адамгершілікке шақырып, көрерменге ой салары анық.

Аяжан ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ