БАҚ біз туралы

Әуезовтің әртістері Түркияда жүр

М.Әуезов атындағы академиялық театрдың 15 әртісі қазір Түркияда жүр. Олар Адана қаласында өтіп жатқан V халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Жаһандық жарысқа қазақстандық өнер ұжымы түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама, ойшыл Қорқыт Ата жайындағы қойылымды алып барыпты.
Жазушы-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» шығармасын КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал литвалық режиссер Йонас Вайткус сахналайды.
Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғалы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында республиканың әр өңірінен және алыс-жақын шетелден режиссерлер шақырып отыру дәстүрі қалыптасқан.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық фестивальге ең таңдаулы әртістер жіберілді.
М.Әуезов театрының ұжымы бауырлас елге бірінші рет сапарлап отырған жоқ. Талай рет түркиялықтарды таң-тамаша қылған. 2010-2015 жылдары аралығында Конья және тағы басқа қалаларында өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, жоғары баға алған болатын.

http://jurnalist.kz/?p=974