Жаңа қойылымның көрерменін бірден өзіне тартып, баурап алуы аударманың құнарлылығында болса керек. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, жүрекпен үндесіп жататын қойылымның кейіпкерлерін сомдау да іскерлік пен туа бітті талантты қажет ететіні даусыз. Лир патшаның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда шебер сомдады. Актердің шеберлігі сонда, көрерменін кейіпкерінің іс-әрекетіне сендіріп қана қоймай, бүгінгі қоғаммен астасып жатқан адамдардың арасындағы қарым-қатынасты шынайы жеткізіп, жүрек тебірентті.
Қойылым бастан-аяқ отбасындағы тәрбиемен үндесіп жатады. Бақталастық, ұрпақтар арасындағы қарама-қайшылық, яғни әке мен бала қарым-қатынасы төңірегінде өрбиді. Бүкіл елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Лир патшаның өмірінің соңы осылай болатынын кім ойлаған?.. Адам бойындағы махаббат пен ғадауат, адалдық пен ашкөздік тайталасы кімді де болса ойландырып, мына жалған өмірде адамгершілік қағидаттары алдыңғы орынға шығады. Салқынқанды зерделенетін қойылымнан көрерменнің өн бойын мазасыздық билеп, сан сауал арқалап қайтады.
Қойылымнан бүкіл ұжымның еңбегін көруге болады. Трагедияның сахналық нұсқасын жазған М.Омарова, қоюшы режиссері Е.Нұрсұлтан, қоюшы суретшісі Т.Есімбаев, музыкамен көркемдеуші Е.Есенбаев, режиссердің көмекшісі С.Гениярова еңбектенген қойылым өзінің діттеген мақсатына толық жетті деуге негіз бар.
Лир патшаның қыздарының рөлін театрдың жас артистері Әсел Сайлауова (Гонерилья), Жанаргүл Жаныаманова (Регана), Динара Үсенова (Корделия), ал Кент бейнесін Ермек Бектесов сомдады. Қай кейіпкерді алсақ та оның рөлін бере білген артистердің шеберлігіне, жан дүниесінің тереңдігіне сүйсінесің. Әпкелі-сіңлілі Гонерилья мен Регананың арасындағы бәсекелестік, әпкесінің сіңлісіне у беріп өлтіруі, қарттық шағында өмірдің көлеңкелі тұстарына тап болған Лир патшаның қыздарына деген махаббаты, т.с.с. бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес тұстары жетерлік. Әр кейіпкердің өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар.
Бір сөзбен айтқанда, көрерменіне ой салып, рухани байытып, тіпті өткен өмірін еске түсіртіп, болашағына бейжай қарамауға жетелейтін, сол арқылы адамдық пен мінез-құлықтың үйлесімділігін, ақ пен қараны ажыратып, биікке шығар тұсын меңзейтін қойылымның үлкен-кішіге берері мол.
Бағдагүл Балаубаева
"Ана тілі" газеті.