БАҚ біз туралы

ЖАСҚА БАҒЫНБАЙТЫН ҚАМАЛ ЖОҚ

Асхат Маемиров,
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры:
– Елбасы соңғы Жолдауында бірқатар маңызды мәселелерді айтып, келер жылды – Жастар жылы деп жариялады. Сіздің ойыңызша, келер жылдан не күтуге болады?
 – Президентіміздің Жолдауы қоғамда қордаланып қалған өзекті мәселелердің тамырын дөп басты. Сол мәселелердің шешу механизмдерін де өзі түсіндіріп берді. Сонысымен бізге құнды. Егер біз қоғамның тамыршысы, ұрпақтың тәрбиешісі ұстаз дейтін болсақ, сол ұстаздың мәртебесін анықтау туралы да тапсырма берді. Одан бөлек, әрбір саладағы мамандардың да біліктілігін арттыруға қатысты құнды ойларымен бөлісті. Жалпы, әлеуметтік сала, бизнес өкілдері болсын кәсіби білікті мамандарға айналуы керек. Ал кәсіби білікті мамандар жоғары деңгейде еңбекақы алуы қажет. Сондықтан бұл Жолдау түйткілді мәселелердің шешімін көрсеткен құжат болды. Ең бастысы халыққа үлкен серпіліс берді. Осы құжаттың ішінде жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қол­же­тімді баспаналарды ұсыну ту­ралы тармақтарының да бар екені қуантады. Оның барлығын әкім­дерге, атқарушы органдарға шегелеп тапсырды. Әсіресе, жастарға қолдау танытқаны қатты қуантты. Жастарды қазірден қолдау – олардың келешекте үлкен нәтижелі дүниелерді жасауына мүмкіндік береді. Қазір біздің қоғам­ның тең жартысы – жас­тар. Негізгі күш, жауапкершілік – солардың мойнында. Менің ұғы­мымда жастар жылында сол жастардың мәселелерін шешуге үлкен алғышарттар жасалуы қажет.
 – Шетелде оқып келген, түрлі жаңалықтар ойлап тауып жатқан жастар көп. Олардың бұл әрекеті сенім ұялатады. Бірақ біздің назарымыздан тыс қалып жатқан жастардың қандай проблемалары бар? Жетістікке жетудің жолын таппай жүрген жоқ па?
 – Елімізде аудандық, қалалық, облыстық деңгейде құрылған жастардың ресурстық орталығы бар. Елбасымыз ұлттық жаңғыру комитетін құру туралы айтып өтті ғой. Меніңше, осы комитеттің жастарға қатысты бөлімдері, атал­мыш ресурстық орталықтардың жанында болуы керек. Олар мониторинг жүргізіп отыру керек. Сосын әлеуметтік, рухани, материалдық тұрғыдағы жастар проблемасын екшеп алып, солардың шешімін табу жолында жұмыс істеген жөн. Сол кезде біз нақты қандай түйткілдер бар екенін анықтай аламыз. Әрине, бірінші кезекте жұмыс орындарымен қамту мәселесі алға шығады. Кез келген жұмыста, өндірісте, университетте болсын, жастарға бірінші кезекте қолдау білдірілуі керек. Былтыр Елбасымыз жариялаған «100 жаңа есімнің» қатарына кірген азаматтардың 95 пайызы – жастар. Жастары тіпті 30-ға да жетпеген. Мұндай жобалар ауыл-елдегі жас буын өкілдеріне рухани импульс береді. Менің ойымша, адам мақсатшыл болуы керек. Сол мақсатына жету үшін ізденіп, талмай, пессимистік ойларымен күресе білуі тиіс. Мен де мақсатыма жету үшін бірталай сатылардан өттім. Білім арқылы адамның бағындырмайтын биігі жоқ екендігіне іс жүзінде көз жеткіздім. Сол себепті, білімді бірінші орынға қойдым. Сондықтан жастар білім алудан қорықпай, қиындықтан қашпай, өз ішінде мақсатына жетудің өзіндік мотивациясын қалыптастыра алуы керек. Әлихан Бөкейханов бабамыз «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп тегін айтпаған. Жастарымыз да табанды, мінезді, жауапкершілігі мол, білімді болса, онда алмайтын қамалы болмайды. Тиісінше, әрбір жастың бойында «мемлекетке қызмет ету» деген ішкі рухани иммунитет қалыптасқаны абзал.
– Қазір орта жастың өкілісіз. Нағыз жастық шақ кезеңінде өзіңізге берілген мүмкіндіктерді қалай пайдалана алдыңыз?
 – Мүмкіндіктердің барлығын толығымен пайдаландым деп есептеймін. Кәсібилік мол білім­нің арқасында қалыптасады. Университетті бітіргеннен кейін өнер академиясында оқыдым. Одан кейін магистратураны шетелде игердім. Содан соң докторантураға түстім. Сонда есептеп отырсам, білім алуға 15 жылдай уақыт жұмсаппын. Өзім 18 жасымда шаңырақ көтердім. Қоғам өзгеріп, материалдық қиындықтар жағадан алып жатқан 90-шы жылдардың басында отбасылы болып, оқуымды оқыған адаммын. Содан бергі өмір жолымның кез келген белесін отбасыммен бірге бағындырып келе жатырмын. Біз үйленген кез – теңгеміздің ауысып, экономикалық құрылымдар түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезең болды. Бірақ біз соған мойыған жоқпыз. Сондай қысылтаяң шақта жүріп сабағыма да, қосымша еңбек етуге де үлгердім. Менің замандастарым еліміздің тәуелсіздік алған кезеңінде тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрдік. Тұңғыш рет өткен Президент сайлауы, Парламент сайлауы секілді саяси шаралардың біреуінен де қалған жоқпыз. Ел азаматы ретінде сол саяси оқиғалардың ортасында жүріп, өзімнің тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретіндегі борышымды атқардым. Сол кезде біз тәуелсіз мемлекет құрып жатқанымызды, біздің әрбір әрекетіміздің – елімізге көрсетілген қолдау екенін сезіндім. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Отан үшін – отқа түс, күймейсің» деген қанатты сөзі маған әрдайым темірқазық болып келе жатыр. Шетелде білім алудағы мақсатым айқын болды. Бүкіл Еуропаның театр, мәдени кеңістігін танып, зерттеп, зерделегеннен кейін осы дүниелердің барлығын өзімнің мемлекетіме әкелуім керек деп ойландым. Қазір де отандық театр өнерінің әлемдік кеңістікке шығуы жолында, тіпті терезесі тең жағдайда болуы үшін еңбек етіп жатырмыз.
– Қазір театр тізгінін ұстап отырсыз. Қара шаңырақтағы жас­тардың талпынысын, ұмтылысын қалай бағалайсыз?
– Қазіргі жастар өте ізденгіш, олар өздеріне тыным бермейді, бәсекеге қабілетті. Себебі, қазір үлгермесе кейін кеш болып қала­тынын олар анық біледі. Театрда да рөлдерін ойдағыдай сомдап, киноға да түсіп жүрген жастар бар. Орта жас өкілдерінің ішінен айтар болсақ Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Алмас Шаяхметов, Аян Өтепберген секілді актерлеріміз бәріне де үлгеріп жүр. Оның сыртында магистратурада да білім алады. Қыздардан Назгүл Қарабалина, Баян Қажнәбиева, Зарина Карменова, Жанель Мақажанова, Салтанат Бақаева секілді талантты актрисаларымыз бар. Әрине, олардың қатарын көптеген есімдермен толтыруға болады. Олар бірінші кезекте шығармашылық әлеуетінің биік болғанын қалайды. Ал актердің кәсіби әлеуеті – мықты драматургиямен, классикалық шығармалармен биіктейді. Сондықтан театрымызда қызу жұмыс жүріп жатыр. Труппа екі-үш бағытта қызмет атқарады. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымында, Л.Толстойдың «Анна Каренинасында», А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасында негізінен жастар ойнайды. Басқа да көптеген спектаклдерде солай. Режиссура мен драматургияда да жастардың саны артты. Мәселен, Елік Нұрсұлтан, Дина Жұмабаева, Рүстем Жанаманов, Алмат Шәріпов, Бауыржан Нұрбай, Әридаш Оспанбаева секілді жас, талантты режиссерлер бар. Сондай-ақ Әннас Бағдат, Мадина Омарова, Ардақ Нұрғазы, Айдана Аламан формалары өзгеше, «жаңа драма» бағытындағы драматургиялық шығармалар ұсынып жүр. Театрдың келешегі кемел болуы үшін жастарға қазірден сенім арта білуіміз керек. Біз осы қағиданы ұстанамыз. Біз оларға жағдай жасау үшін шамамыз келгенше, жатақханамен де қамтып отырмыз. Осы орайда Еркебұлан, Алмас бастаған жігіттеріміз бен қыздарымыз «7–20–25» бағдарламасының игілігін көріп, пәтерлі болып та үлгерді. Бұл да қуанып айтатын жағдай. Елбасы да Жолдауда осы мәселені көтерді. Тегін жатқан үй жоқ екенін айтты. Тіпті ондай жағдайға тұрғын үй кодексі рұқсат етпейді. Демек, жастар соны түсініп, талпынса, мақсат қойса баспанаға да қол жеткізе алады. Оған біздің жастарымыз дәлел.
– Бір сөзіңізде біздің театрларда қалыптасқан қасаң қағидаларды кәсіби түрде бұзу керек деп айтқан екенсіз. Басшы болып келгелі бері сол мақсатыңызды орындауға мүмкіндік туды ма?
– Театр екі түрлі тенденцияда өрбиді. Бірі – дәстүрлі-нормативті бағыттағы үрдіс, екіншісі – жаңа­шылдық пен тәжірибелік ізденісті ту еткен бағыт. Біз осы екі үдерісті де қатар алып келеміз. «Алтын көпірліктер» деп атайтын театрымыздың тарландары, ақсақалдары бар. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев бастаған аға буын өкілдері театрды дамыту тұрғысындағы пікірлерімен жиі ой бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Ал жас актерлеріміз бен режиссерлеріміз заманауи тұрғыдағы формалармен қаруланған театр элементтерін игеріп, «Жас режиссерлер лабораториясы» арқылы көрермендерге жаңашыл қойылымдар ұсынып жүр. Сондықтан түрлі эксперименттерге барып жатырмыз. Мәселен, «Қорқытта» да, өзім сахналаған «Қоштасқым келмейді» қойылымында да экс­перименттер бар. Мәселен, Дина қойып жатқан «Ғасырдан да ұзақ күн» Мәмбетов қойған спектакльден мүлдем бөлек. Жас көрермендер театрға өздерінің көкейлеріндегі үмітті, арманды көргісі келіп театр табалдырығын аттайды. Сондықтан біз соларға лайықты жұмыс көрсетуді қалаймыз. Менің ойымша, театр – халықтың рухани құндылықтарын реттеп отыратын әлеуметтік институт іспетті. Әрине, тәрбиелік, тағылымдық, тарихи функциясы өз алдына. Театр – айна. Көрермен одан өзін көреді. Жастар қазір шетелдік қойылымдарды тамашалап, салыстыра қарайды. Сондықтан біз жастардың көркемдік сұранысына, формасы мен стилі, эстетикасы жағынан әлемдік тенденцияларға жауап беретін қойылымдармен жауап бергіміз келеді.
 – Дәл қазіргі таңда театр тұл­ғасына айналған жастар бар ма?
– Әрине, бар. Тұлға болып келе жатқан жандар баршылық. Мысалы, Бекжан Тұрыс, Данагүл Темірсұлтанова, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, Дария Жүсіп. Бұлар аяғын тең басқан орта буынның өкілдері. Жас буынның да ортасында да лидерлері өте көп. Олар театрда да, кинода да өз қолтаңбасын қалдырып жүр.
– Театрды басқара жүріп, шығар­машылықпен айналысуға мүмкіндік бар ма?
 – Шығармашылық жұмысым үзілмей жалғасып келе жатыр. Жылына шама келгенше екі қойылым қойғанға не жетсін. Сол үшін қасымда докторантура мен магистратурада менің жетекшілігіммен білім алып жүрген жас режиссерлер – спек­такльді сахналау барысында ассис­тентеріме айналады. Бұл – шетелде жақсы қалыптасқан тә­жіри­бе. Жалпы, жұмысым қазір үш бөлікте жүріп жатыр. Біріншісі – басшылық қызмет, екіншісі – режиссерлік жұмыс және үшіншісі ғылыми-педагогикалық жұмысым бар. Сонымен қатар Қазақстан театрлары қауымдастығының вице-президенті деген де міндетім бар.
– Осы жұмыстардың арасынан уақыт тауып жастармен де кездесіп, пікірлесуге уақыт табыла ма?
 – Міндетті түрде. Олардың пікірін естіп те бұрын білмеген дүниелерге қайран қалып жатамыз. Олармен қай уақытта да тығыз жұмыс істегіміз келеді. Бұған дейін жас режиссерлердің республикалық форум-фестивалін өткізген едік. Келесі жылы соны жалғастырамыз. Сосын республикалық деңгейде біліктілікті арттыруға байланысты форум өтеді. Оны да жастар жылы аясында атқарып, Қазақстандағы актер, режиссер, сценарист, суретші, гример, театрға қатысы бар жас мамандардың басын қосамыз деген жоспар бар. Жалпы, келер жылы еліміздегі талантты жастардың барлығын елге танытып, кешенді түрде басқосулар ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Осындай кездесулер арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді шешіп отырамыз және болашақта жасайтын дүниелерді анықтап, нақты тұжырымдамаларын қабылдайтын боламыз.
– Биыл театр 93-маусымын ашты. Жаңа маусымға дайындық қалай жүрді? Алдағы жылы көрермендерді қалай қуантасыздар?
- Қазан айының 11,12,13 күндері Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты сүбелі туындысын сахналадық. Көрермен өте көп болды. Бір ерекшелік – көрер­мен залда ғана емес, оқиғаға қатысып сахнада да отырды. Қазақ театрының тарихында бұрын-соңды сахналанбаған «Анна Каренина» қойылымын да шығарып жатырмыз. Одан бөлек, А.Чеховтың «Ваня ағайы» және М.Әуезовтің «Қарагөз», У.Шекспирдің «Ричард-ІІІ», сонымен бірге отандық дра­ма­тург­­тердің туындыларын сахналау – ал­дағы күндердің еншісінде. Оның бар­лығын көрермен қауым биыл тама­шалап, бағасын береді. Мәмбетовтен қалған бір кәсіби театр тұжырымы бар. Театрдың төрт тағаны болу керек: бірінші – ұлт­­­­тық классикалық драматургия, екін­­ші – әлемдік классика, үшінші – ха­лықаралық деңгейдегі заманауи пьесалар, төртіншісі – қазақстандық туындылар. Осы төрт таған түгел бол­са театрдың репертуар саясаты кәсіби шығармашылық биікке көтеріледі.
 –Әңгімеңізге рақмет!

Абай АЙМАҒАМБЕТ

https://aikyn.kz/2018/10/20/71002.html