Бір ұжым аясында бірігіп, өнер әлеміне қанат қағып жатқан 30 жас түлек – 2014-2018 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінде, Асанәлі Әшімов шеберханасында білім алған. Олар театр сахнасына тың серпінмен, жаңаша бағытпен қадам басып, көрерменге жаңашыл ойларымен жарқын қойылымдар ұсынбақшы. Түлектердің бірінші ұстазы – аңыз Асанәлінің өзі болса, екінші ұстаз – режиссер Талғат Кубеков. Таныстыру салтанатынан кейін жас театрдың алғаш сахналағаны – «Қарагөз» трагедиясы болды. Одан кейін «Арыстандар патшалығы» мен «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасын көпшілік назарына ұсынды.
– Кейбіреулер актердің жұмысы оңай деп ойлайды. Бірақ олар қателеседі. Актер сахнаға шыққан сайын, дайындалған сайын шыныға түседі. Жетістікке жету оңай емес. Оған дейін ұзақ жолды өткеріп, талай сынға төзуге тура келеді. Шәкірттерімнің барлығы сол ұзақ жолға дайын. Олардың бәрі – жұмысқа зерек балалар. Жалпы, шәкіртті бірінші курстан бастап қолға алмасаң, кейін дамыта алмай қалуың мүмкін. Осылардың әрқайсысы 1-курстан бері 10 роман оқыды. Ойлары, түсінігі, ізденімпаздығын салыстырсақ, 4 жыл ішінде адам айтарлықтай өзгерді, – деген халық артисі шәкірттеріне сенетінін айтты.
Сөз арасында Асанәлі Әшімов әр жылы бітірген студенттерден труппа жасау керек деген ұсынысты жоғары жаққа жолдағандарын да жеткізді. Сонда ғана нәтиже шығады дейді.
– Биыл 1-курсқа 40 бала түсті. Драма және кино актері мамандығында оқиды. Бұл балалар күніне 12-14 сағат жұмыс істейді. Еңбек қана табысқа жеткізеді. Құрметті көрермен қауым, барлығы өздеріңіз үшін. Өнердің негізгі мақсаты – сіздерді қуанту, көңілге жайлылық сыйлау. Сіздерге эстетикалық тағылым бере алсақ, біздің мақсаттың орындалғаны, – деп пікір білдірді. Театр корифейінің бұл ыстық лебізіне риза болған көпшілік қол соғып, қошемет көрсетті. Асанәлі Әшімов театрының ғұмыры берекелі, берері мол болғай.
Абай АЙМАҒАМБЕТ, Алматы қаласы