Қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған Әуезов театрының 93 маусымы өз жаңалықтарымен, тың серпілісімен көрермендерін қуантуда. Соның ішінде Шыңғыс Айтматовтың романы желісінде сахналанған «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Басты рөлдегі Едігені – Дулыға Ақмолда, Үкібаланы Шынар Асқарова жоғары дәрежеде сомдап шықты. Қойылым көрерменнің жүрегіне терең бойлап, оны өз шыңырауына тартып әкетеді. Әсіресе, әке өліміне селқос қараған перзенттің қатігездігі, мәңгүрт баласының қолынан қаза тапқан Найман Ана бейнесі және соғыс зұлматында жау қолына тұтқында қалып, кейіннен мұғалім болып жұмыс істеп, сосын Боранды бекетке жер аударылып келген жас Әбудің қыршын кетуі – көрермен қауымға ерекше әсер етті. Бұл жағдайлар сол кездегі Едіге, Әбулерден қалмай, қазіргі күнде де қоғам ағысынан ажырамай келе жатқан өзекті мәселе. Қай ел болсын тарихымен, дәстүрімен дамитынын меңзей отыра елдің болашағына балта шабатын негізгі себептердің бірегейі – ұлттың мәңгүрттікке ілігуі екенін қойылым толығымен ашып бере алды.
Артистердің жан тебіренісі, сомдаған рөліне деген жауапкершілігі келушілерді разы етті. Айналамызға көз тастап отырып, қойылымға әдейілеп келген жастардың да қарасы қалың екенін байқай алдық. Шерхан атамыздың «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар. Бірауыз сөздің астарында түгел елге түрткі боларлық ой жатыр. Соны ұғынып, іске асыра алсақ қәнекей. Рухани көкжиегімізді кеңейту әркімнің өз қолында. Ал театр көрерменін әрқашан құшақ жая қарсы алуға дайын.
Нұржан ДУМАНҚЫЗЫ
https://aikyn.kz/2018/10/16/70656.html