Арман Дүйсенов, әнші-сазгер:
– “Қожанасыр тірі екен” қойылымын алғаш рет көруім. Жұбайыммен, екі баламмен спектакльді тамашаладық. Өте жақсы, көңілімізден шықты. Комедия арқылы астарлы ойын драматург шебер жеткізген. Режиссерлік шешім де әдемі, оны көрерменге ұсынған әртістердің де өнері тамаша. Бекжан ағамыздың шеберлігіне қашан да тәнтіміз. Жалпы түрік халықтарының мәдени ынтымақтастығы, Мұстафа Кемал Ататүріктің сөзімен айтқанда тарихының, дінінің, әдет-ғұрпының тұтастығы идеологиясы қойылымның негізгі мазмұнында баяндалған. Осыны залдағы көрермен терең түсінді деп ойлаймын. Комедия – сондай дүниелерді жеткізудің жақсы тәсілі. Ұмытылып бара жатқан тарихты насихаттауымыз керек, кез келген адамның қолынан келе бермесе де халыққа жеткізу міндетіміз деп есептеймін.
Семей Мекен, Алматы технологиялар университетінің студенті:
-Біз бос уақытымызды мұражайға, осындай қойылымдарға арнаймыз. Әсіресе, М.Әуезов театрына құрбыларыммен жиі келіп тұрамын. Аталған қойылымды алғаш рет көріп, тамаша әсермен шықтық. Бекжан ағаның ойыны қатты ұнады. Негізінен Бекжан Тұрыс – сүйікті актерім, оның бүгінгі рөлі де ерекше әсер етті.
Дайындаған: Е.Назарұлы