БАҚ біз туралы

«Қилы заман» қилы ойға қалдырды

Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің желісі бойынша қойылған «Қилы заман» тарихи трагедиясының тұсаукесері болып өтті.  
«Қилы заман» − ұлттық сананың қозғаушы күші, халықтың көкірек көзін оятар ерек туынды! Кеңестік жүйенің бұл шығармадан зәре-құты қалмай қорыққаны да, жарты ғасырға жуық уақыт тасада құлыптап ұстағаны да сондықтан. Аталмыш туынды алып жазушы Шыңғыс Айтматовтың Әуезовтей кемеңгер ұстазының жолында бар беделін сала жүріп, күш-жігер көрсетуінің арқасында ғана 1972 жылы «Лихая година» деген атпен Мәскеуде жарық көруге мұрсат алды. М.Әуезовтің аталмыш еңбегіне жазған алғысөзінде былай дейді: «Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, отаршылық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалмен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қайғы-қасіретін ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім». 
        1916 жылғы патшаның қазақ жастарын қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы болған Албан руының тығырыққа тірелуі, ақыр соңында еріксіз бас көтеруі – қазақтың өршіл рухының тарихта өшпестей таңбаланған көрінісі десек, оның қойылым арқылы жұрт назарына ұсынылуы – ұлттық сана-сезімнің оянуына, өткен арқылы бүгінді және болашақты зерделеуге ықпал етпек. Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір бастаған ел ағаларының Қарақол түрмесіндегі қысымнан қаймықпай, патшаның жандайшап ұлығына қасқайып жауап бергені, қарақан бастары үшін емес, арттағы қалың елді ойлап, уайымға батулары – ездік пен ерліктің шарпысқан, ерлік пен елдіктің астасқан тұсы қойылымда сәтті көрініс тапқан. Тұтқын қазақтардың барлығының темір торда кіршіксіз ақ жейдемен жүруі ерсі сияқты көрінгенмен, оның бәрі қазақтың кір шалмас ақ пейілі, таршылықта да тот баспас мырзалығы, еркіндігі деп ұқтық. Семіз қарын пристав «Ақжелке» бастаған ұлықтар, олардың айналасындағы иесіне құйрығын бұлғаңдатқан итше жылмаңдаған болыстар, жүрісі сұйық жорға тілмаштар, соңғыларының көзі орысқа келгенде жалтақтап, өз қазағына келгенде сыздана қарайды. Үш күнде кесікті сөзіңді айтып, тізіміңді бер деп желкесінен жебір ұлық қарақұстай төніп тұрса, олар да қайтсін, шарасыз. Атқа қонуға даяр ер-азамат ұйлығып, жол сілтеп, жөн көрсетер Жәмеңке, Ұзақ батыр, Серікбай секілді ел серкелерінің, ақылгөй қариялардың аузын бағады. Ел ерге қараса, ер жерге қарайды. «Ер-азаматты әскерге тізіп бермейміз» дегенмен, оны бермеудің жолы қайсы?! Не айла бар? Зіркілдеген зеңбірекке бердеңке мылтықпен, сойыл-қамшымен қарсы тұрар күш қайда? Біразға созылған ауыр үнсіздіктің салмағы көрерменнің қабырғасын қайыстырып жіберердей. Осы орайда патша құрығына ілінбеу үшін ел іргесін аудару жайы да қозғалады. Ата қонысты тастап ауа көшу айтқанға ғана оңай. Түптеп келгенде, ел бастаған серкелер белді бекем буып, «Бала өлгенше, шал өлсін» деп өздерін құрбандыққа шалады. 
Бізге аталмыш қойылымда, әсіресе, Жәмеңке абыздың образын шынайы сомдаған актер Бекжан Тұрыстың ойыны ұнады. Ел басына күн туған ауыр күйзелістен жағы суалып, белі бүгілген, шымырқанғанда шаңқ етіп, қайта қайратына мінетін, өзі ғана сілкініп қоймай, қаумалаған жұртты да дүр сілкінтетін қарт қыранның бейнесін барынша ашып бере білген. Сахнада тосыннан жарқ ете қалатын Бәкей қыздың аруағы, оның «Әкетай» деген зарлы шыңғырысы Ұзақ батырдың сай-сүйегін сырқыратып, өткен өмірдің сұмдығына ара-тұра есіне салып тұруы, көрерменді де селт еткізіп отырады. Жалғыз сұлу қызының атастырған жеріне бармай, ежелден аңдысып жүрген «сақау қырғызбен» қашып кеткені, артынан елге қайтарып алғанда, ағасы Тұңғатар бастаған топтың Бәкейді шаңыраққа асып өлтіргені, Ұзақтың жанын жай таптырмайды. Ел басына қаралы күн туғанда жаралы жанымен арпалысқан Ұзақ батырдың қаны қарайып, ширығып-шымырқанған бейнесін актер Ерлан Біләл да сәтті сомдай білген. Негізгі рөлдерді сомдаған Саят Мерекеұлы, Асылбек Боранбай, Дулыға Ақмолда, Күнсұлу Шаяхметовалардың еңбегі елеп айтуға тұрарлық.
Дей тұрғанмен, бізге «Қилы заманда» суреттелген тағдыр тауқыметін көркемдік тәсілдер арқылы бүгінгі күннің шындығымен байланыстыру, салыстыру жағы қойылымда кемшін түсіп жатқандай көрінді. Тарихты сахналағанда, қазақтың рухын көтерер тұстарға көбірек мән беру керек сияқты. Әуезовтің өз заманындағы цензураға байланысты бауырын еркін жаза алмаған, қолын шідерсіз байлаған тұстарын қойылым арқылы қоюландырып бергенде, жоғарыдан ешкім «тәйт» дей қоймасы анық. Мәселен, әлгі бір ұрыс сәті бейнеленген көріністе, біраз уақыт қазаққа орыс ұлықтарын тырқыратып қуғызып, төбелеріне әңгіртаяқ ойнатқызып қойса, көрерменнің айызы қанып, рухы бір көтеріліп қалар еді. Шошайып келген төрт-бес солдаттан шошынып қаруын жерге тастайтындай қазақты бейшара ғып көрсетудің енді күні өткен. Көрерменге жаңаша сипатта ұсынылды делінгенімен, қойылымда осы жағы жетпейтіндей көрінді. Қойылым соңында отаршылдар қайқы қылышпен қақ бөлген Бесікті жиынтық бейнедегі Ананың таңып-байлап, бүтіндегені сәтті шыққан. 
«Қилы заманда» ұлттың не өмір сүруі, не жойылуы, не туған жердің топырағында қырылып қалу, не жат жерге жылыстап қоныс аудару мәселесі көтерілді. Сондай ауыр да қасиетті тарихи шындықты Мұхтар Әуезов алаш идеясымен суара отырып, әлемдік кеңістіктегі көркем шындық деңгейіне жеткізді. Мұндағы тарихи және көркемдік нысаналардың қазақ ұлтының тағдырымен тістесе тамырласып жатқаны сондай, ондағы суреттелген тағдыр тауқыметін бүгінгі күннің шындығынан мүлдем ажырата алмайсыз». 

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
«Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» 1928 жылы жарық көрген. 1916 жылғы Жетісу албандарының отаршыл патша өкіметіне қарсы соғысы бейнелеген бұл кітапты жазуда әкеме қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіров қолында бар материалдарын беріп, көмектеседі. Бұл кітап жарық көрісімен кеңестік цензураның қаһарына ұшырап, жаппай кітапханалардан алынып, өртелген. Сол кітаптың Ұлттық кітапханада (ол кезде Пушкин атында) бір ғана данасы сақталынып қалыпты. Сары ауыз бала кезімде шешем Фатима Ғабитова мені аталмыш кітапханаға ертіп апарып, араб харпімен басылған «Қилы заманның» сақтаулы жалғыз данасын алдырып, оқып беретін. Міне, жарты ғасырдай құлыптаулы жатқан сол повесть 1972 жылы Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен «Новый мир» журналының 6-санында орыс тілінде «Лихая година» деген атпен жарық көрді. Содан кейін барып қана қазақшасы шықты.
«Қилы заман» − Әуезов шығармашылығында ерекше орын алатын тарихи туынды. Уақыт озған сайын айтар ойы мен маңызы артпаса, кемімейтін, жаңаша қырынан түрленте беруге болатын мәңгілік шығарма».
Тұлпардың тұяғы дұрыс айтады. Себебі бұл ұлт тағдыры туралы толғаныс. Қазақ деген ұлттың жан-жүрегін жарып шыққан жанайқайы. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Қилы заманда» ұлттың не өмір сүруі, не жойылуы, не туған жердің топырағында қырылып қалу, не жат жерге жылыстап қоныс аудару мәселесі көтерілді. Сондай ауыр да қасиетті тарихи шындықты Мұхтар Әуезов алаш идеясымен суара отырып, әлемдік кеңістіктегі көркем шындық деңгейіне жеткізді. Мұндағы тарихи және көркемдік нысаналардың қазақ ұлтының тағдырымен тістесе тамырласып жатқаны сондай, ондағы суреттелген тағдыр тауқыметін бүгінгі күннің шындығынан мүлдем ажырата алмайсыз. Кеңес кезін былай қойғанда, мұндағы көтерілген тарихи- көркем трактовкалар тәуелсіздік тұсында да шеменді күйде қалып қойды» деуі де сондықтан.
«Қилы заман» алғаш рет 1997 жылы М.Әуезов театрында сахналанған болатын. Сол кезде М.Әуезовтің 100 жылдығына орай, «Ең үздік инсценировка» жүлдесіне ие болған. Онан бері 15 жыл өтіпті. Сол кездегі қойылым мен қазіргі қойылымды салыстырып, артық-кемін өлшеп-пішкен жөн. Мәңгілік туындының оқырманмен де, көрерменмен де жиі-жиі қауышып тұрмағы хақ. Авторлардың ұлы суреткердің ұлт тағдырын тереңінен қозғаған туындысына қайта оралуы әбден жөн болған. «Қилы заманның» сахналық нұсқасын жасаған – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, қоюшы-суретшісі − ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбай екенін айта кетелік.
Қысқасы, елдің өткені бол тұра, бүгіні мен ертеңін зерделеуге бастайтын, ең бастысы – Тәуелсіздік тамырының тереңде жатқанын ұқтырып, рухты қозғайтын «Қилы заман» қойылымы көрермендерді қилы-қилы ойға қалдырды деуге болды.

Төреғали Тәшенов