БАҚ біз туралы

ТЕАТР – ӨНЕРДІҢ АНАСЫ

«Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та, сән-салтанатпен ырғалып-жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса, әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде», – дейді Мұхтар Әуезов. Міне, өнердің анасы есебіндегі театрдың қазақ еліндегі қара шаңырағы «Әкемтеатрдағы» фестиваль мерекесі аяқталды. 
«Қарашаңырақ – 2021» фестивалі аясында драматург О.Жанайдаровтың «Екеуміз» драмасы (режиссері Н.Дубс), жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Әбдіктің «Оң қол» хоррор-драмасы (режиссері А.Шәріп), Б.Қажынәбиеваның «Туған күн» моноспектаклі (режиссері Е.Кәрібаев), жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Нұрмағанбетовтің «Барымен базар» комедиясы (режиссері Н.Жұманиязов), Б.Брехтің «Пері қатын» драмасы (режиссері Е.Нұрсұлтан) қойылған болатын.
14 желтоқсанда фестиваль жұмысы қорытындыланып, жүлдегерлерге марапаттар берілді. Театр ұйымдастырған «ТикТок Бәйгесінің» жеңімпазы Қ.Бейсағалиев болды. «Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл» арнайы сыйлығы Ү.Сейтімбет пен Г.Сейтімбетке берілді. «Драматургиядағы алғашқы қадамы» үшін сыйлығын Б.Қажынәбиева алды. «Үміт» жүлдесі – «Екеуміз» спектакліндегі рөлі үшін Әділет Базарбай, «Пері қатын» спектакліндегі ­Балауса рөлі үшін Индира Құлмағанбетова; «Екеуміз» спектакліндегі кәсіби жетістігі үшін Ғалымбек Оспанов, Мадина Келгенбай, «Пері қатын» спектакліндегі кәсіби жетістігі үшін Аспаз рөліндегі Асан Мәжит, «Пері қатын» спектакліндегі кәсіби жетістігі үшін Ақ Бикеш рөліндегі Лейла Тілеуова марапатталды. ­«Серке Қожамқұлов» атындағы жүлдені «Пері қатын» спектакліндегі Әскербасы рөлі үшін Төлеубек ­Аралбай; «Әшірәлі Кенжеев» атындағы жүлдені «Барымен базар» спектакліндегі Зарлық рөлі үшін Жұмағали ­Маханов; «Фарида Шарипова» атындағы жүлдені «Туған күн» спектакліндегі рөлі үшін Назгүл Қарабалина; «Рахия Қойшыбаева» атындағы жүлдені «Барымен базар» спектакліндегі Төлбасы рөлі үшін  Гүлшат Тутова; «Зәмзәгүл Шарипова» атындағы жүлдені «Барымен базар» спектакліндегі Күміс рөлі үшін Шынар Жанысбекова; «Марфуға Байзақова» атындағы жүлдені «Барымен базар» спектакліндегі Кеней рөлі үшін Нұржан Бексұлтан; «Қайрат Сүгірбеков» атындағы жүлдені «Пері қатын» спектакліндегі үздік режиссура үшін Елік Нұрсұлтан; «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесін «Пері қатын» спектакліндегі Дінбасы рөлі үшін Бауыржан Қаптағай; «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін «Пері қатын» спектакліндегі Пері қатын рөлі үшін Данагүл Темірсұлтанова алды.

Театр Басшысы Еркін Жуасбай тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында мемлекеттік марапаттарға ие болған театр әртістерін өкілдерін құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Солардың бірі «Құрмет» орденін алған актриса Гүлшат Тутова: «Еркін мырза әрдайым «еңбек еткен адам сүйкімді» дейтін еді. Күні кеше ғана министр қолынан «Құрмет» орденін алып тұрып өзімді ең сүйкімді адам ретінде сезініп кеттім», – деп жүрекжарды пікірін білдірді.   
«Қай өнерді алсақ та, әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды», – деген Мұхаңның сөзімен түйіндесек, «Әкемтеатр» дәстүрлі түрде өткізетін «Қарашаңырақ» фестивалінде көрерменге жол тартқан шығармалар өнер атты ортақ теңізге арна тартып, театрдың бары мен жоғын айқындап беретіні анық.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

https://anatili.kazgazeta.kz/news/59975