БАҚ біз туралы

20 ақпан күні «Туған күн» монодрамасының премьерасы өтпек

Жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов «Театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деп сипаттама берген еді. Театр- адам мен адамды табыстыратын шығармашылық орта...

20 ақпан күні Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында «Туған күн» монодрамасының премьерасы өтпек. «Туған күн»- белгілі актриса, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан» тәуелсіз платинды сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалинаның идеясынан туған спектакль. Басты рольді де Назгүл Қарабалина сомдайды. Ал авторы актриса Баян Қажынәбиева, режиссері Ерлан Кәрібаев. Премьера алды аталмыш өнер тұлғаларымен сұхбаттасуды жөн көрдік.



Назгүл Қарабалина-актриса
-Назгүл ханым, «Туған күн» монодрамасын сахнаға алып шығу идеясы қайдан туды?
-Менде бір уақыттарда шығармашылық тоқырау болды. Бойымда жиналған ұшқыр ой мен қиял ұштасып, қанатыңды кең салғың келетін сәт болады, сондай сәт туындаған соң, мен осы идеяны жарыққа шығардым. Бірде тікелей эфирде инста оқырмандарыммен сұхбаттасып отыр едім, аяқ асты бір драматург  маған «Сізге персонажды таңдау еркіндігі берілсе қандай рольді ойнар едіңіз? Мысалы: жөзекше, патшайым, қарапайым адам т.б»,- деп сұрақ қойды. Сонда мен ойланбастан «Жөзекшені ойнар едім. Яғни, жөзекшелікпен айналысып, қартайған кездегі түйген ойын сахнаға алып шығар едім»,-деп жауап бердім. Содан бастап моноспектакль туралы ой келді. Әлгі сұрақ қойған драматургпен кейін кездесіп, моноспектакльді сахналап шығу туралы ортақ ойларымызды ортаға салдық. Кейіннен бірге жұмыс бастап кеттік. Бірақ, менің көңілім аңсаған дүниені бірге шығара алмадық. Себебі ол драматург театрал емес еді. Содан кейін мен де қайтадан тоқырау басталды. Соны жақын досым Баян Қажынәбиева байқап қалса керек, бірге жұмыс істеп, ойымда жүрген монодраманы соңына дейін жеткізуді ұсынды. Біз осы жерде, театрдың ішінде отырып жұмыс істедік. Кейде күндіз, кейде түнімен, осылайша «Туған күн» монодрамасы шықты.


-«Туған күн» монодрамасында қанша адамның тағдыры сипатталады?
-«Туған күнде» менің өмірімде кездескен адамдардың тағдыры сипатталады. Мысалы, бірі ешқашан анасының кім екенін білмеген жетім бала, бірі менімен бірге колледже оқыған жетім қыз. Ол қыздың тағдыры өз өзіне қол жұмсаумен аяқталған еді. Осылай менің өмір жолымда кездескен адамдардың тағдырынан фрагмент алдық. Үш адамның тағдыры монодрамаға негіз болды, қалғаны ойдан құрастырылған еді.


-Баян Қажынәбиевамен жұмыс істеу оңай болды ма?
-Әрине, біз бір-бірімізді бірден ұқтық. Біріншіден біз қанша жылдан бері жақын доспыз, екіншіден екеуміз де сахнаның сыры мен қырын, көреременге керек дүниені біліп отырамыз. Содан болар ойымыз бір жерден шығып отырды. Монодраманың бес нұсқасы жазылды. Бесіншісін ғана сахнаға шығардық.


Ерлан Кәрібаев-режиссер
-Сахнаның безендірілуіне тоқталайықшы? Бір ғана орындықтың жанында біраз дүние айтылады.
-Мен негізі режиссер емеспін, педагогпын. Бұл спектакльде өзімнің зерттеулерімнен шыққан жаттығу негіз болады. Спектакльді тірі организм деп қарар болсақ, тірі организмнің талабы мен сұранысы осылай болып шықты. Егер режиссерлік шешімге келер болсақ, сахна барынша минимализмге негізделген. Қара фон мен ақ орындық. Моноспектакль болғандықтан эпицентр- ол актриса. Сондықтан, режиссерлік шешіммен актрисаның қимыл-әрекетіне басымдық беруге тырыстым.   

Сұхбаттасқан

Айдана Қуантханова